КоронавирусОблыс әкіміРесми

Жеңіс Қасымбек қарағандылықтарды карантинді жеңілдету уақытында сақтық шараларын сақтауға шақырды

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек карантинді жеңілдету дәрігерлердің жанкешті еңбектері мен азаматтардың тәртіп сақтауының арқасында мүмкін болды деп санайды. Бұл туралы өңір басшысы тікелей эфирде өткен брифингте мәлімдеді. Ол тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырды және коронавирус жұқпалы ауруының ықтимал екінші толқынына дайындық туралы айтты.

– Бүгіннен бастап карантин шараларын кезең-кезеңмен азайту басталады. Мамырдағы жеңілдетудің неге апарғаны бәріміздің есімізде, жүздеген адамдар бетперде тақпауға, отбасылық шараларды өткізуге және сақтық шараларын сақтамауға болады деп шешкен болатын. Көптеген еуропа елдерінің тәжірибесі шектеулерді алғаннан кейін жұқтырудың шұғыл өсуі тіркелгенін көрсетеді, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыста эпидемиологиялық жағдайлардың тұрақтануына байланысты 27 госпитальдің жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді.

Бұл ретте ықтимал екінші толқынға белсенді дайындық жүріп жатыр. Сарапшылардың бағалауы бойынша, коронавирустың таралуына байланысты жағдай күз-қыс кезеңінде асқынуы мүмкін.

Қазанға дейін Абай, Балқаш, Теміртау, Шахтинск қалаларындағы жұқпалы аурулар ауруханаларында қалпына келтіру және жөндеу аяқталады. Жезқазғанда 200 орынды модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы басталды. Оны қазанда тапсыру жоспарлануда.

– Ауруханаларды заманауи медициналық техникамен жабдықтау жалғасуда. Қазір 192 ӨЖЖ аппараты, 1 500 оттегі концентраторы және 645 пульсоксиметр қолда бар. Қазанға дейін 500 оттегі концентраторы, 1 500 пульсоксиметр, 151 ӨЖЖ-аппараты жеткізіледі. 24 нысанда орталықтандырылған медициналық газ беру жүйесі орнатылады, – дейді Жеңіс Қасымбек. – 17 компьютерлік томография кабинеті жұмыс істеп тұр және қазанға дейін тағы бесеуі орнатылады. Сонымен бірге 40 заманауи цифрлық рентген-аппарат сатып аламыз.

«Сарыарқа» ӘӨК базасында дәрілердің тұрақтандыру қоры құрылды. Онда бір жарым айлық медициналық дәрілер қоры бар және көлемі әлі де толықтырылады.

– Локдаун режимі бүкіл дүние жүзіндегі адамдардың өміріндегі күрделі өзгерістер себебі болды. Алайда осы шаралар вирусты бақылауға алуға көмектесті. Қазір біз біртіндеп үйреншікті өмірімізге оралудамыз, іскерлік белсенділік жанданды, қоғамдық орындар ашыла бастады. Алайда бұл карантиннің тоқтауын білдірмейді, – деп облыс әкімі атап өтті. – Қазір біз қалыпты өмірімізге тезірек оралуымыз үшін шектеулер режимін қайта енгізуге жол бермеу үшін қолдан келгеннің барлығын жасау керек. Осы оңай емес уақытта тәртіп сақтап, байсалды болып және қиындықтарға қарамастан төзімділік танытқандардың барлығына алғысымызды айтамын.

Басқа материалдар

Back to top button