Газетке жанымыз ашысын

Ұстаз – ұлт жанашыры, ұрпақ тәрбиесінің алтын тұтқасы. Мағжан «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп дөп басып айтты емес пе? Осы сөзді білу бар да, оны түсіну тағы бар. Мектеп айнасы бола тұра, әріптесімнің бір сөзін естіп қалып, қатты қынжылғаным бар. Мәртебесі биік мамандықтың абыройына сызат түсірді. Содан жаным сыздап кетті…

Қазір баспасөзге жазылу науқаны. Сөздің шыны керек, жан ұшырып, өзінің рухани қажеттілігі үшін жазылатын мұғалімдердің саны кеміп барады. Санаулы ғана шығар. Жә, әріптесімнің жаңағы сөзін айтайын.

«Жазылсам жазылайын, қызығын пеш көреді». Сол сөзді тауып айттым деп, мәз өзі. Бұл білім мен өнегені бойына тоғыстырған ұстаздың айтып отырғаны – үлкен айып. Жалғыз бұл мұғалім емес, көп ортада еститініміз осы секілді қисынсыз, қыңыр әңгімелер. Ұрпақ қайдан оңсын?

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген қанатты қағиданы ұлт көсемі Әлихан айтты емес пе? Дәуір тынысын тасқа таңбалап, тарихқа айналдыруда газет көтерген жүк жеңіл болған емес. Ал, сол қып-қызыл еңбекті түйсінбейтін жандардың жеткілікті екені жаныңды ауыртады.

Иә, газет – өмір айнасы дейді ғой. Газеттің басты тірегі – біз секілді оқырман. Ал, оқырман – сыншы, оқырман – бағыт-бағдар беруші. Тағы айтайық, газетті күн сайын аса қажет ететін оқырман біз болуымыз керек. Ұрпақ тәрбиелеп, үлкен міндетті жүктеп отырған соң мұны заңдылық санауымыз қажет.

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бай дәстүрі қалыптасып, қоғамның да, оқырманның да айнымас серігіне айналды. Әр санын асыға күтетін жағдайға жеткен оқырман қауым үшін бағытбағдары айқын, мазмұны бай газет кешегі кеңестік дәуірдің де, бүгінгі Тәуелсіздік жылдар жылнамасын да жаңылмай жазып келеді. Онымен қоса, жақында ғана арнайы «Шамшырақ» қосымшасын жарыққа шығарғандары – ұстаздар қауымы үшін үлкен олжа. Осыны түйсініп, тағылым іздеген әр мұғалім газетті парақтап тұрып оқуы тиіс. Одан бөлек, келешек ұрпақтың сана-сезімін, өре-танымын байытқысы келсе, өзінің оқушыларын да газеттен бас алдырмау керек. Және соған жұмыс істеу қажет деп ойлаймын.

Осы зерделі сана, тұщымды ой, рухани жетілу дегенді адам баласы оқымаса қайдан алады? «Оқымағанның күні қараң» дегенді айтқан қазақ дана емес пе?!

Жалпы, газетке жазылып оқитын адамның ой-түсінігі озық. Оны өзімнің оқушыларымның бойынан анық көремін. Олар қазақтың бас көтеріп сөз айта алар, сөз жүйесін білер, елдік мінез-болмысына кір келтірмес нағыз намыскер болып ер жететініне нық сенімдімін.

Ұрпақтың ертеңіне қалай алаң болсақ, қазақ баспасөзіне де солай жанымыз ашысын, әріптестер!

Нұргүл ШАМАЕВА,

газет жанашыры.