КоронавирусОблыс әкіміРесми

Міндет – індеттің таралуын тежеу

Бейсенбі күні Қарағанды облыстық мәслихатының онлайн-режимде өткен кезектен тыс XLI сессиясына аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК қатысты. Халық қалаулыларының басты жиынында облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 12 желтоқсандағы XXXIV сессиясының «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» №475 шешіміне өзгерістер енгізіліп, бекітілді.

2020 жылға арналған облыстық бюджетке енгізілген өзгерістерге Мемлекет басшысының қатерлі індеттің таралуына тосқауыл қою және науқастарды емдеуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізу туралы алға қойған міндеттерін мүлтіксіз іске асыру, сондай-ақ коронавирус инфекциясының «екінші толқынына» дайындықты ұйымдастыру талабы негіз қалады.

Аталған мақсатқа 2,3 млрд. теңге бағытталатын болады. Соған орай, атқарылатын жұмыс көлемі де өте ауқымды. Нақтылай түссек, облыстың 18 өңіріндегі емханалар мен ауруханаларды, сонымен қатар облыс орталығындағы емдеу орындарын қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз ету жайы көзделген. Оның ішінде, цифрлы рентген аппараттары, пульсоксиметрлер, оттегі концентраторлары, санитарлық автокөліктер, шұғыл медициналық жәрдем чемодандары, дизельді генераторлар және басқа да қажетті медициналық жабдықтармен қамту мәселесі қарастырылған.

Аймақ аумағындағы төрт қала – Қарағанды, Теміртау, Саран және Абайда, сондайақ, сегіз аудан – Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында медициналық газ жүйелерін сатып алып, орнату көзделген. Бұдан тысқары, ардагерлер орталығы жанындағы жұқпалы аурулар госпиталінде, Балқаш қаласының орталық ауруханасы мен Жезқазған қаласының көпсалалы ауруханасында 3 оттегі станциясын салу межеленіп отыр.

Денсаулық сақтау саласы мамандарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі – күн тәртібінде. Дәрігерлер қауымына Қарағанды қаласынан – 10 пәтер, Қарқаралы ауданынан – 27 пәтер және Қаражал қаласынан 12 пәтер беріледі. Сондай-ақ, Сәтбаев қаласындағы №1 орталық аурухана перзентханасына, Теміртау қаласы мен Абай қаласындағы ауруханалардың пульмонологиялық бөлімшелеріне, Саран қаласының орталық ауруханасы және Ақтоғай ауданының орталық аудандық ауруханасы ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Бұлардан бөлек, биылғы жылы Жезқазған қаласында жылдам тұрғызылатын жұқпалы аурулар ауруханасы салынатын болады.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

Басқа материалдар

Back to top button