АймақАқтоғай

Жастар – болашақ бастауы

Кәсіп ашып, қосалқы шаруашылықты қолға алған ақтоғайлық жастардың жобалары қаржылай қолдау тапты.

Жалпы, тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз жастарды қолдауға басымдық беріп, осы бағытта көптеген шараны жүзеге асырды. Әсіресе, соңғы уақытта ел жастарына көңіл бөлу, оларды барынша жан-жақты қолдау ісі ерекше қарқын алды. Соның бір парасы жыл сайын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастардың әлеуметтік маңызы бар тың жобаларын қолдау мақсатында берілетін аймақ, өңір әкімдерінің гранттары. Оның айқын бір дәлелі бейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов бір топ жас кәсіпкерлерге аудан әкімінің грантын тапсырғаны. Биылғы жылы бұл бағытқа ауданда 5 млн. теңге қаржы бөлінген.

Аудан әкімдігінде өткен шараны ашқан Абылай Аманжолов:

– Жастар мәселесі қашанда назарда. Өйткені, жастар – таусылмас күш пен сарқылмас қайраттың қайнар көзі. Өздерін өмір сүруге лайықтай білетін, рухани азығы мол қасиеттерге ұмтылып, көңілдегі көксеген мұраттарына кедергісіз қол жеткізіп жүрген жастарымыз қоғамның негізгі қозғаушы күші. Оларды демеп, ынталандырып отырса, аспайтын асуы, алмайтын қамалы жоқ, – деді.

Жыл сайын беріліп келе жатқан Ақтоғай ауданы әкімінің гранты биыл да талай жастың кәсібін өрге сүйреуге мүмкіндік берді. Бүгінде олардың қатарына тағы да 7 шағын бизнес нысаны қосылып отыр. Атап айтқанда, Ақтоғай ауылының жастары Мейрам Кенжеғарин (1 млн. теңге) жиһаз өндіру орталығын, Ақмарал Карипбаева (500 мың) тігін шеберханасын, Савит Базархан (650 мың) бройлер тауығын өсіру мақсатында аудан әкімінің грантын жеңіп алды. Ал сарытеректік Думан Тұяқбай (1 млн теңге) «тойхана», Қусақ ауылынан Атынкүл Қасым (650 мың) «шаштараз», Қарабұлақ ауылынан Гүлбанат Оспанова (500 мың) «тігін шеберханасы» және тасаралдық Маржан Сеитова (1 млн теңге) «Монтессери» әдісі бойынша балаларды дамыту орталығын ашу жобалары бойынша жеңімпаз атанды.

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button