Коронавирус

Рейд жұмыстары жалғасуда

Елдегі жағдай – тұрақты. Солай дегенмен, індеттің алдын алу үшін жауапты орган карантин талаптарын қатаң сақтауды талап етуде. Бүгінде облыстағы бас санитардың нұсқауымен сауда, ойын-сауық орталықтарына тексеріс жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінге дейін Қарағандыда барлығы 2380 нысанға рейд жүргізілген. 157 нысанда құқықбұзушылық анықталған. Ал, заңбұзушылықтар анықталған мекемелерге Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425 бабының 1 бөлігі бойынша 124 әкімшілік шаралар қабылданыпты. Оның ішінде 107 хаттама толтырылған, қаржылай есептегенде – 32 033 118 теңгеге айыппұл салынған. Мобильді топ кезекті жұмысын Қарағанды қаласындағы «Арбат» сауда орталығының ішіндегі кофе-бардан бастады. Орталықта жеткілікті бетперде мен медициналық қолғап болса да антисептик пен дизенфекциялақ төсеніш болмады.

Мобильді топ өкілдері кофехана жұмысында заңбұзушылық бар деп танып, жетекшісінен түсініктеме алды. Қазіргі жағдайда сауда және ойын-сауық орталықтарының ішінде қоғамдық тамақтану орындары істемеу керек екен. Сауда орталығының ішінде бола тұра жекешеленіп жұмыс істесе – рұқсат. Ал, бұл бар көпшілік ортада қызмет көрсетуде.

– Кофехана көпшілік жүретін жолдың аузында тұр. Жекешеленбегендіктен, құқықбұзушылық болып табылады. Біз бұл жайлы 102 нөміріне хабарласып, барлық мәліметтерді базаға енгіздік. Енді барлығын қадағалап отырамыз, – деді тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау бөлімінің бас маманы Руслан Акмалов. Кофе-бар жетекшісі Илья Шкадюк: «Дәл осындай орталықтар індет кезінде жұмыс істеймін десе, жауапты органға өтініш беруі керек. Өтінішті алған олар міндетті түрде жұмыс орнын тексеруі шарт. Ал, мен бұл қадамдардан өткен жоқпын. Сол себепті, түсініктеме жазып бердім. Енді барды жабамын» дейді.

Арнайы топ осы ғимараттағы «Бро Бро» киім дүкені мен Mariposa зергерлік салонын да айналып өтпеді. Алайда, бұл орталықтар талапқа сай жұмыс істеуде. Қорда бетперде мен медициналық қолғап жеткілікті. Кіреберістегі төсеніш дизенфекцияланған. Ұжымдағы барлық қызметшінің дене қызуын күніне төрт мәрте өлшеп, дәптерге түсіріп отырады екен.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button