Бас тақырып

“Оқшаулану – ең оңтайлы тәсіл”

Бұған дейін коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында елімізде қатаң шаралар қолданылғанымен COVID-19 жұқтырған үш адам анықталды. Германиядан ұшып келген Қазақстанның екі азаматы қазір Алматыдағы инфекциялық стационарда. Сондай-ақ, Италияның Милан қаласынан Мәскеу арқылы транзитпен Нұр-Сұлтанға келген әйелдің зертханалық талдауынан да коронавирус инфекциясы анықталған.

Германия қауіптілігі 1 санаттағы елдер қатарына енгізілгенге дейін, яғни, 9 наурыздағы рейспен келген азаматпен қарым-қатынаста болғандар және борттағылардың барлығы анықталып, бақылауға алынады. Ұшып келген сәтте сақтық шараларына байланысты барлығы жалпы терминалдан тексерістен өткенде ешқандай ауру белгілері байқалмағандықтан, үйлеріне жіберіліп, дәрігердің бақылауында болған. Жұқтырған сәтте ешқандай белгілері білінбейтіндіктен, эпидемиологиялық белгілері кейінірек анықталған. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 9 наурыздағы рейстегі ауру жұқтырған адаммен келгендердің тізімі бар екенін айтады.

– Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия қабылдаған әрекет алгоритмі, яғни, «Б» жоспары іске қосылды. 9 наурыз күнгі ұшақта болған адамдардың барлығы 24 сағаттың ішінде анықталып, стационарға жеткізілуі тиіс. Алматыдағы инфекциялық аурухана қазір карантинге жабылды. Басқа да жұқтырғандар анықталған жағдайда қосымша шектеу шаралары да енгізілуі мүмкін,– деді Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

COVID-19 жұқтырған екінші адам да Қазақстанға 12 наурызда Германиядан ұшып келген. Бортта болған жолаушылар мен экипаж – карантинде. Олар 14 күн бойы стационарда дәрігердің бақылауында болады. Бір қуантарлығы, екінші келген ұшақ адамдары жіті қимыл арқасында ешкіммен қарым-қатынасқа түсіп үлгермеген.

Ал, Миланнан инфекция жұқтырып келген жолаушымен бірге бортта болған 90 адаммен де санитарлық жұмыстар жүргізілуде. Яғни, тізім бойынша анықталып, карантинге алынды.

Елжан БІРТАНОВ, Денсаулық сақтау министрі:

 – Біздің халқымыз – мықты. Бұған дейін де талай қиындықтарды өткердік. Бұл қиындықты да жеңеміз. Елімізде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында сақтық шаралары қарастырылған әрі толық дайынбыз. Медициналық препараттар жеткілікті, койкалар да бар. Медицина қызметкерлері де алдын ала дайындықтан өтті, диагностикалауды біледі. Бәріміз – біргеміз, бастысы – дендеріңіз сау болсын!

Вирус Алматыда анықталса да, әзірге бұл қалада төтенше жағдай жарияланбағанын да айтады Денсаулық сақтау министрі. Егер жұқтыру жағдайлары анықталар болса, ондай шешім қабылдануы да мүмкін.

Сондай-ақ, Елжан Амантайұлы жіті респираторлық ауру белгілері байқалған жағдайда суды көбірек ішіп, вирусқа қарсы препараттарды қолдануға кеңес берді. Ал, егер вирус жұқтырғандармен жақын қарым-қатынас бола қалса, жедел жәрдем шақыру керек. Арнайы тест жүргізілген соң, науқастың жағдайына қарай ем жасалатын болады.

Оның айтуынша, елімізде вирусқа қарсы препараттар жеткілікті. Пневмония анықталар болса, антибиотиктер де бар. Үй-жайды желдетіп, үнемі дене қызуын қадағалап отыру да маңызды. Әсіресе, егде жастағылар мүмкіндігінше үйде отырғаны жөн.

– Қазір елімізде коронавирус инфекциясын анықтайтын 15 мың тест бар. Оның 5093-і 3 мыңнан астам адамға пайдаланылды. Тағы 60 мың тест күтіп отырмыз. Одан бөлек 40 мыңына тағы тапсырыс бердік. Сонда резервте 100 мың тест болады, – дейді Елжан Біртанов.

Министр үрейге бой алдырмай, ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды. «Біздің мақсатымыз – инфекцияның таралуына жол бермеу үшін ақылға қонымды негізді шешімдер қабылдау. Жағдай қатаң бақылауда болады. Оқшаулану – ең оңтайлы тәсіл» дейді ол.

Бұған дейін, яғни, 12 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 инфекциясын індет деп танығаннан кейін, билік аурудың елімізде таралуына жол бермес үшін коронавирустың алдын алу мақсатында бірқатар сақтық шараларын қабылдаған болатын. Яғни, мектеп оқушылары 16 наурыздан 5 сәуірге дейін демалысқа шықса, ЖОО мен колледж студенттері сабақты қашықтықтан оқитын болады. Сондай-ақ, ел ішінде ешқандай іс-шаралар өткізілмейді және кинотеатрлар жабылады. Бірақ, базарлар мен сауда орталықтары қалыпты жұмыс істейді.

Балабақшалар карантинге жабылмағанымен, балаларын балабақшаға апару немесе апармау ата-аналардың өз құзырында. Бұл туралы Елжан Амантайұлы өз мәлімдемесінде айтты. Бұл жайтты Қарағанды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бақтыгүл Әдекенова да растап отыр.

Егер ата-ана баласын бақшаға апарудан бас тартса, арнайы келіп, өтініш жазуы керек. Баланың балабақшада болмаған уақыты үшін ешқандай анықтама сұралмайды және баланың орны сақталатын болады, – дейді ол.

Ал, мектеп оқушылары 13 наурыз күні жиынтық бағалаудан өтеді. Көктемгі демалыстың ерте басталуы мектеп оқушыларының біліміне ешқандай әсері болмайтынын айтады Бақтыгүл Науқанбайқызы.

Бақтыгүл ӘДІКЕНОВА, Қарағанды облыстық білім басқармасы директорының орынбасары:

– Оқушылар 4-ші тоқсанның басындағы қайталау сабақтары кезінде, 3-ші тоқсанда оқып үлгермеген тақырыптарын өтетін болады. Сондай-ақ, тапсырып үлгермеген жиынтық бағалау да сол кезде жүргізіледі. Біз талап бойынша бір күнде үшеуден артық жиынтық бағалау өткізе алмаймыз. 13 наурызда жоспар бойынша 3 сабақтан жиынтық бағалау тапсырған оқушылар үлгермегендерін келесі тоқсанның басында тапсырады.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button