Жаңалықтар

13. Тамақ өнеркәсібі: «Нан бар жерде ән бар»

«Сарыарқа Нан Қарағанды» ЖШС – аймақтағы тамақ өнеркәсібіндегі маңдайалды кәсіпорындардың бірі. Тәулігіне 75 тонна нан және нан-тоқаш өнімдерін пісіруге қауқарлы. Бұл – Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында қанат қаққан соны жоба. Қазіргі таңда 400-ден астам адам еңбек етеді мұнда.

АЙМАҚТАҒЫ СОНЫ ЖОБА

Кәсіпорын «Бәйтерек» Ұлттық қоры, «Цеснабанк» АҚ және «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының демеушілігімен 2017 жылы ақпанда іске қосылды. 3 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды. Бүгінде зауыт Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қалалары мен облыс орталығы маңындағы елді мекендерді нан өнімдерімен қамтамасыз етеді. Зауыт директоры Айгүл Бүрленованың айтуынша, өндірісте тек әлемдік үздік технология желісі қолданылады.

– Озық технология тұтынушыларға сапалы өнім ұсынуға мүмкіндік береді. Германия, Италия, Словения, Словакия, Болгария сияқты еуропалық елдердің технологиясымен жабдықталған. Зауыт барлық әлемдік стандарттарға сай келеді. Өндіріс жүйесі толық автоматтандырылған, – дейді Айгүл Ошақбайқызы. Бір бөлке нанды пісіруге үш сағат уақыт қажет. Яғни, ашытқы салынған сәттен ыстық нанды қолыңызға алғанша үш сағат күтесіз. Директор айтқандай, жұмыс тізгініне автоматика ие.

«НАН БАР ЖЕРДЕ ӘН БАР»

Барлық ірі кәсіпорындар сияқты қаланың шетінде орналасқан зауытқа біз түс мезгілінде келдік. Бұл уақытта туннелдік пештен кезекті нанды алып жатыр екен наубайшылар. «Нан бар жерде ән бар» дейді. Бұл – жер нанның ордасы. Демек, әннің ордасы. Зауыттың тазалығы ерекше көзге түседі. Қоршауынан бастап, қоймасына дейін айнадай. Көлденең жатқан қылшық жоқ. Кейбір кәсіпорындардағыдай былығып жатқан бұрыш көрмейсіз. Ұн алты алып темір бөшкеде сақталады. Барлығының жиыны – 125 тонна. 125 тоннаңыз үш күнге жетеді. Ұнды жергілікті өндірушілерден алады. Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі – ашытқыны өздері дайындайды. Тек, жарты жыл сайын бастапқы құрамын жаңартып отырады. Сырттан ашытқы сатып алу деген жоқ. Кез келген мезгілде, кез келген мөлшерде қол астыңызда дайын тұрады. Бұл үшін словактың «AT-Engineering» маркасының қондырғылары орнатылған. Ашытқы құрамы, температурасы, көлемі осы машинаның күшімен бақыланады. Ашытқы дайын болған соң қамыр иленеді. Суы, тұзы, тиісінше. Жұмыс машинаның күшімен. Қамыр илеуші Венера Ойнарова ақ нанның қамыры – 10-12 минутта, қара нан 11-12 минутта әзір болатынын айтады. – Қиын ештеңесі жоқ. Тұзын, суын, басқа да қоспаларын дер кезінде, қажетінше қосып, мониторды бақылап отырсаңыз болғаны, – дейді Венера Ойнарова. Иі қанған қамыр қалыптарға құйылып, көтерілуі үшін 1 сағат күтеді. Бұдан соң туннелдік пешке жөнелтуге рұқсат. Пештің бір басынан кірген қамыр екінші басынан нарттай қызарып шығады. Іштегі температура 250 градусқа дейін барады. Піскен бөлке арнайы салқын бөлмеге конвейермен жеткізіліп, суытылады. Мұнда кулер айналып тұрады. Аталған бөлімшеден кейін өнімдер қоймаға әкелініп, көліктерге тиеледі… Зауытта туннелдік пештен бөлек, ротациялық пештер де бар. Шағын пештер. Әртүрлі көлемдегі өнімдерді пісіруге болады. Батон, печенье, тоқаш сынды өнімдер…

ЗАУЫТ ТӘТТІСІМЕН ТАНЫМАЛ

Зауыт әуелде 45 түрлі өніммен жұмысын бастады. Қазір өнім түрі 175-ке жетті. «Сарыарқа Нан Қарағанды» кондитерлік өнімдерімен де танымал. Тәулігіне 1,3 тонна кондитерлік тәтті шығарады. Оның ішінде, күнделікті 800 торт, 500 келі кондитерлік тауар дүкендерге жол тартады. Айым Жанбосынова есімді қарындасымыз – цехтағы білікті кондитерлердің бірі.

– Мен торттарды безендірумен айналысамын. Яғни, өрнек салып, жазу жазамын. Біздің жұмысымыз да цехтағы маңызды міндеттердің бірі деп ойлаймын. Өйткені, торт кез келген дастарқанның басты дәмі саналады. Ал, тәтті дүние әдемі де болғаны дұрыс. Сондықтан, біздің қыздар өз жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарайды, – дейді Айым.

Кондитер цехында екі бригада жұмыс істейді. 34 адам екіге бөлініп еңбек етеді.

ЫСТЫҚ НАН – ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАС

Өнімді жеткізу механизмі ұтымды жолға қойылған. Автопаркте 57 көлік бар. Бұл көліктермен дүкендерге күніне екі мезгіл нан жеткізіледі. Экспедитор Ғазиз Қуанышбеков Осакаров ауданындағы Молодежный кентінен келіп тұрған беті екен.

– Мен зауыт ашылғалы осында жұмыс істеп келемін. Қаладағы, жақын маңдағы дүкендерге нан өнімдерін жеткіземін. Жалақы – тұрақты. Адамға керегі тұрақтылық қой. Бүгін бар, ертең жоқ кәсіпорындар көп. Ал, «Сарыарқа Нанның» болашағы жарқын деп ойлаймын. Бізге, еңбек адамдарына да керегі сол, – дейді Ғазиз аға.

Экспедиторлардың жұмыс күні таңғы төртке қарай басталады. Көлігімен келіп, қоймадан ыстық нанды тиеп алуы тиіс. Таңертең дүкендер ашылғанда тұрғындар Кәсіпорын қайырымдылық шараларын жолға қойған. Қалалықтарға нанды тегін тарату ісін қолға алып отыр. Мәселен, күніне бір павильон 20 бөлке нан таратады. Сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетуге күш салып келеді. Яғни, аптасына бір мәрте 16 отбасыға азық-түлік қоржындарын тапсырып отырады. Біз қайырымды ісімен де атағы тараған зауыт аумағынан кетерде Ғазиз Қуанышбеков ағамыз тізгіндеген «ГАЗель» де қақпадан шығып бара жатты. Қорап толы – ыстық нан. Тұрғындарға береке апара жатқан көліктің жүрісі ширақ…

СУРЕТТЕРДЕ:

  1. «Сарыарқа Нан Қарағанды» ЖШС ұжымы.
  2. Ғазиз ҚУАНЫШБЕКОВ жолға шығуға әзір.
  3. Пештен шыққан ыстық нан.

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button