Жаңалықтар

12 сәуір – Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні

12 сәуір – Халықаралық ғарышкерлер күні. Адамзат баласының алғаш Жер орбитасын айналып өтіп, ғарышқа сапар шеккен уақыты тарих жадынан, ұрпақ есінен шыққан емес. Бұл күн – тек ғарышкерлер күні емес, сонымен қатар ғылым қызметкерлері күні. Себебі ғылымның да жаңа деңгейге көтерілген күні 1961 жылдың 12 сәуірі еді. Әлемдік ақыл-ойдың даму тарихында алтынмен апталып, күміспен күптелген сәттер аз емес. Соның бірі де, бірегейі де – осы күн.

1961 жылдың 12 сәуірінде Кеңес одағының аға лейтенанты Юрий Гагарин “Восток” кемесімен алғаш рет Жер орбитасын айналып ұшты.

Небәрі 108 минутқа созылған сапар ғарышты игеруде үлкен қадам болды. Юрий Гагариннің есімі әлемге әйгілі болып, өзі шұғыл майор және Кеңес одағының қаһарманы атағын алды.
Бұл мереке – ғарыш саласында қызмет етіп жүргендер мен ғылымның жаңа деңгейге көтерілген күні. Алғаш рет 1962 жылдың 9 сәуірінде КСРО жоғарғы кеңес президиумының өкімімен белгілі бір республикаларда ғана тойланып жүрді. Кейін 1968 жылы халықаралық авиация федерациясының конференциясында айтулы күнді әлемдік дәрежеде атап өту туралы шешім қабылданды.
2011 жылдан бастап бұл күн халықаралық адамның алғаш ғарышқа ұшқан күні (International Day of Human Space Flight) деп аталып жүр.

Қазақстаннан кімдер ғарышқа ұшты

КСРО-ның соңғы және қазақ ұлтының алғашқы ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы ғарышқа экспедициялық сапармен барып, сол жақта 7 күн 22 сағат 13 минут болды. Әубәкіров нөмірі бірінші ғарышкер ғана емес, ол алғаш рет басқа кеңістікте жүріп қазақтың ұлттық тағамын жеген адам. Сол жылы ғалымдар ірімшік, айран және қазақша етті ғарышта жүріп жеуге болатындай етіп әзірлеген.
Ол 1991 жылдың 2 қазанында ғарышқа старт кезіндегі экипаж командирі Александр Волков және австриялық ғарышкер Франц Фибекпен бірге “Союз ТМ-13” кемесімен ұшты. Бір апта бойы “Мир” орбиталық кешенінің бортында жұмыс істеді.
Қазақтан шыққан екінші ғарышкер – Талғат Мұсабаев. Мұсабаев ғарышқа үш мәрте ұшып, сол жақта 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд болып қайтты. Талғат Мұсабаев Гиннесс рекордтар кітабына енген: осы күнге дейін ол секілді ешкім ғарыш кеңістігінде ұзақ уақыт болып көрмеген.
Ғарышкер алғашқы сапарына 1994 жылы 1 шілде мен 4 қараша аралығында “Союз ТМ-19” және ЭО-16 кемесінің бортинженері ретінде ұшып, ғарышта 125 күн 22 сағат 53 минут және 36 секунд жүрді. Екінші сапары 1998 жылы 29 қаңтар мен 25 тамыз күндері орындалды. “Союз ТМ-27” мен ЭО-25 кемелерінің командирі ретінде ұшып, сол жақта 207 күн 12 сағат 51 минут 2 секунд болған.
Үшінші сапарын 2001 жылы 28 сәуір мен 6 мамыр аралығында “Союз ТМ-32” және “Союз ТМ-31” экспедиция жүргізуге бағытталған кемелердің командирі ретінде орындады. Ғарышкердің бұл сапары 7 күн 22 сағат 4 минут 3 секундқа созылды. Ғарышқа ұшқан бірінші Қазақстан Республикасының азаматы – Айдын Айымбетов.
Айымбетов 2015 жылдың 2-12 қыркүйегі аралығында “Союз ТМА-18М” және халықаралық ғарыш станциясына бағыт алған “Союз ТМА-18М” кемесінің екінші бортинженері ретінде ұшты. Халықаралық ғарыш станциясына барған ЭП-18 экспедиция мүшесі. Жерге “Союз ТМА-16М” кемесінде оралды. Ұшу уақыты 9 тәулік 20 сағат 13 минут 51 секундқа созылды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button