ЖаңалықтарРуханият

Ел газетінің басшысы — университетте

Халықаралық түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ның Басқарма төрағасы Дархан ҚЫДЫРӘЛІ іргелі білім ордасы Қарағанды университетінде кездесу өткізді. Оған университет басшылығы, оқытушылар мен студенттер және аймақтағы зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бұл рухани отырыстың маңыздылығына тоқталған университет ректоры Нұрлан Дулатбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білімнің сапасын арттыру, педагогтың мәртебесін көтеру басты бағыттың бірі болғанын айта келе, сөз кезегін осы турасында ой бөлісу үшін білім ордасына арнайы келген қадірлі қонаққа берді. Қаламы қарымды журналист, Түркі әлемінің тарихын түгендеп, ұлт мұрасын ұлықтап жүрген Дархан Қыдырәлі Жолдаудың тарихи маңызын түсіндіріп, әсіресе универистет ұжымына қатысты білім мен ғылымға ерекше назар аударды.

Ел газеті «Егемен Қазақстанның» бүгінгі тыныс-тіршілігі, өткен тарихы, болашағы жайлы сөз қозғалды. Ата басылымда Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің түлектері абыройлы қызмет етіп жүргенін, кейінгі жылдары журналистика кафедрасымен шығармашылық байланыс орнатылғанын, алдағы уақытта студенттердің іс-тәжірибеден өтуіне мүмкіндіктер қарастырылатынын айтты. Алқалы жиында белгілі ғалым, «Ғасыр адамы» Темірғали Көкетайтегі, тарихшы, университет жанындағы «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Нұрсахан Бейсенбекова, әдебиетші Берік Рахимов сөз сөйлеп, ұсыныс-тілегін ортаға салды.

Халықаралық түркі академиясы және университет арасында меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, Халықаралық түркі академиясының атынан баспадан жаңа шыққан «Жошы хан», «Алтын Орда», «Берке хан» кітаптарының тұсауы киелі қара шаңырақтың төрінде кесіліп, университет кітапханасына тапсырылды.

(Өз тілшімізден).

Басқа материалдар

Back to top button