Ресми

Медиация – бітімгерлік жолы

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы кезекті Жолдауының біраз бөлігі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге және дағдарыстан кейінгі елдің дамуының негізгі мақсаттарына арналған. Онда мемлекеттің қатысуынсыз ымыраға келуге мүмкіндік беретін дауларды шешудің баламалы тәсілдерін одан әрі дамыту, яғни, медиация институтын дамыту міндеті де нақты белгіленген.

Сондықтан да, қазір дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей шешу, уақытылы әрі қажетті үдеріс. Әлемдік статистикаға сүйенсек, даудың 40%-ы медиатордың көмегімен шешіліп, істің 80%-ы оң нәтиже беруде.

«Медиация туралы» Заң елімізде 10 жыл бұрын қабылданғандықтан, медиация бізге таныс құбылыс. Алайда, дауды шешу мәдениеті ғасырлар бойы қоғамда көпті көрген, тәжірибелі, құрметті адамға жүгіну арқылы дамып келді. Мұның дәлелі медиация институтын құрудың тарихи алғышарты ретінде бірнеше ғасыр бойы қалыптасқан билер институтын айта аламыз.

Медиация тетігін дамытуда Қазақстан халқы Ассамблеясына маңызды рөл берілген. ҚХА қызметінің негізінде жатқан қоғамдық келісімді қамтамасыз етудің басты міндеті медиация міндеттерімен тікелей байланысты.

Бұл тұрғыда жалпы адам өмірінің түрлі салаларындағы даулардың барлық түрін бейбіт жолмен реттеу тәсілі ретінде медиацияның көмегін насихаттау, Қазақстанда бұл рәсімді ілгерілету, дамыту басым бағыт болып табылады. Аталған міндеттерді Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы – Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген.

Бүгінде ҚХА медиаторлармен өзара іс-қимыл жүйесін жолға қою, өз құрылымдары шеңберінде жұмыс істеп тұрған медиаторлардың әлеуетін күшейтуде жұмыс жүргізуде. Олар – Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Ғылыми-сараптамалық топтар, Жастар және Еріктілер қозғалысы.

ҚХА тізімінде кәсіби және кәсіби емес (қоғамдық) медиаторлар бар. Біріншісі – жоғары білімі бар адамдар (сертификаты бар кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған) және отставкадағы судьялар. Кәсіби емес (немесе қоғамдық) медиаторлардың көпшілігі – қоғамда беделді, өмірлік тәжірибесі мол және құрметті азаматтар. Оларды әлеуметтік-құқықтық үдерістердің қоғамдық модераторлары және қоғамдық келісім институтының насихаттаушылары деуге болады.

ҚХА Қоғамдық (кәсіби емес) медиаторлар пулын дамытуға ықпалын нақтыласақ, 2018 жылдан медиаторлар саны 20%-ға өсіп, 310 адамға жетті, олардың 280-і – «ассамблеялық медиаторлар».

Медиация институтын дамытуда мемлекеттік құрылымдар мен басқа да мүдделі тұлғалардың өзара іс-қимылы мақсатында Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы ынтымақтастық туралы 18 меморандум жасасты. Сондай-ақ, оқыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізеді, конференция, форум, шеберлік-сабақ, семинарлар және тағы басқасын өткізіп, кәсіби медиатор орталықтарымен өзара тығыз іс-қимыл жасайды. Қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруда бірлескен іс-шаралар ұйымдастырады.

Облыстық ҚХА бастамасымен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың шаралар кешенін іске асырудағы жоба осы бағыттағы жұмыстың оң мысалы болып табылады.

Жоба биыл Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданында басталып, облыстық ҚХА делегациясы этносаралық қатынастар бойынша көшпелі кездесулер, дәрістер, тренингтер өткізілді. Жұмысқа мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, үш өңірдің медиаторлары қатысып, кездесудің осындай форматы қатысушыларға өңірлердің медиация институтын одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, қоғамдық медиаторлар кәсіби кеңестер мен сұрақтарға жауап алды. Кездесулер тәжірибе алмасу алаңына айналды.

Дауларды шешудің тиімді нысандары, оларды азайту үшін Қарағанды және Сәтбаев қалаларының Достық үйінде медиация кабинеті жұмыс істейді.

Кез келген уақытта қоғамдық келісімнің ресми сайтында медиацияның kelisim.kz. виртуалды кабинетінен кеңес алуға болады. Instagramда – kabinet_mediatsii өз жұмысын жалғастыруда және азаматтарға арналған (309026) сенім телефоны жұмыс істейді. Медиаторлардың жұмысы және медиация кабинеті туралы неғұрлым мазмұнды, толық ақпаратты Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Е-medıator сайтынан алуға болады. Сайт 3 тілде жүргізіледі.

Карантин режимі кезінде виртуалды қабылдау форматы енгізілген еді. Бұл онлайн-алаң өте өзекті, өйткені халыққа кез келген ыңғайлы уақытта және орналасқан жерін есепке алмай консультативтік және құқықтық көмек алуға мүмкіндік береді.

Халықпен қарым-қатынас ZOOM платформасында немесе WhatsApp және Facebook блогы арқылы тікелей байланыс жүргізіледі. Облыс бойынша Виртуалды қабылдау ZOOM интернет-платформасында жүргізіледі. Қабылдау құрамында 78 маман жұмыс істейді.

Тікелей байланыс режимінде виртуалды қабылдау бөлмесіне азаматтар кез келген уақытта хабарласа алады. Сондай-ақ, «Қоғамдық келісім» КММ медиация кабинеті парақшасының Instagram-ына kabinet_mediatsii және mediator_krg өтініштер түскен. Олар бойынша 7 медиативтік келісім жасалып, кеңестер мен бағыт-бағдар берілді. Осы мүмкіндіктің арқасында Қарағанды облысы ҚХА медиация кабинеті апта сайын Павлодар облысы ҚХА медиация орталығы ұйымдастырған BIRGEMIZ өңіраралық Виртуалды қабылдау бөлмесінің жұмысына қатысады.

BIRGEMIZ онлайн-қабылдау бөлмесі – 9 облыс медиаторларының өтеусіз консультативтік көмегі. Жүгінген азаматтар онлайн-консультация жазбасына сілтеме алады. Апта сайын ауданына, қаласына немесе облысына қарамастан онлайн-қабылдау бөлмесіне 15-ке жуық өтініш түседі.

Mediator_krg парақшасына және WhatsApp Messenger (87021993849) арқылы өтінішті күнделікті және тәулік бойы беруге болады.

Түскен өтініштердің сипатын талдай отырып, ең көп даулы мәселелер отбасылық неке және еңбек қатынасы, әлеуметтік жәрдемақы алу, шарттық міндеттеме бойынша туындайтынын атап өткен жөн.

Медиация институтын дамыту қажеттілігі айқын әрі медиация тә­жірибесі қоғамның жетілуінің, азаматтық сана-сезім деңгейінің, жауапкершіліктің, яғни, құқықтық мемлекеттің сәтті дамуының белгісі екені анық.

Фариза ЕКІШЕВА,

облыстық Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ медиаторы.

Басқа материалдар

Back to top button