Сапасыз жол сөгіске бастады, игерілмеген қаржы қайда апарып соғады?
Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылының жолына қатысты елдің арыз-шағымы – орынды. Сапасыз жолдан сан көліктің шынысы шағылатындай екендігіне өзі арнайы барып, көзін жеткізген аймақ басшысы. Нәтижесінде, кеше аппарат отырысында облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Әскербек ХАЛТОНОВҚА Ерлан ЖАҚАНҰЛЫ сөгіс жариялады. Бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаевқа басқарма басшысымен қол ұстасып, сол жолмен жүріп, көруді және тапсырды. Бұған қоса, отырыста облыстың ағымдағы ахуалы да, әдеттегідей, баяндалды. Яғни, күн тәртібінде облыс үшін шешімін күткен мәселелер сарапқа салынды. Соның ішінде – бюджеттік қаржыны игеру де бар.
Жылдың мәреге жетуіне аз-кем уақыт қана қалды. Бюджет берген қаржының бір тиынын да шашау шығармай, мейлінше игеріп, ел игілігіне жылдамдатып жарату – құзырлы орындарға аймақ басшысы тарапынан қойылған басты талап болды кеше аппарат отырысында. Жоспарланған жобаларға бөлінген қаржыдан қарап отырып, қағылмай, қам-қарекет жасау – қала, аудан әкімдерінің ең бірінші шаруасы. Өйткені, жария етілген мәліметтерге сүйенсек, бұл күні игерілмей тұрған қаржы 1, 7 млрд.теңге шамасында (99, 3 пайыз). Оның басым үлесі – Қарағандыда болса, Сәтбаев, Балқаш қалалары да қол қусырып отырмауы тиіс. Сонымен бірге, Нұра ауданына да тиесілі қаражат игеруді қажет етеді. Бұл туралы аймақ басшысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев мәлімдеді. Сондай-ақ, жоғарыдағылардан бөлек, екі басқарманың да қаржы игеру үшін басын ауыртып, балтырын сыздататын жайы бар көрінеді. Сөйтіп, қазіргі таңда облыс қаржы игеру ісінде республика бойынша 7-ші орында тұрса керек. Аталған мәселе хақында тиісті қала әкімдері баяндады. Олар қаржы игерілетініне сендіріп отыр.
Сонымен бірге, мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде, «7-20- 25» бағдарламасының барысы да, облыс әкімінің назарында. Облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мәліметінше, күні кешеге дейін бағдарламаға 94 өтініш беріліпті. Оның 58-і қолдау тапқан. Бағдарламаға қатысушы екінші деңгейдегі банктердің арасында белсенділік танытып отырғаны «БанкЦентркредит» екен. Оған, қарастырған өтініштердің 74-і тиесілі көрінеді. Қалған төрт банкке жүгінгендер айтарлықтай емес.
Сондай-ақ, өңірлерге инвестиция тарту ісі де – аймақ басшысының бақылауында. Ерлан Жақанұлы өңірлердегі инвестицияның басым бөлігі жүйеқұраушы кәсіпорындар мен бюджеттік ұйымдар қаржысы екенін атап өтті. Осыған байланысты әкімдерге өңіріне инвестиция тартудың жолын қарастыруды міндеттеді. Жаңа кіріс көзін іздеуді жүктеді.
Жылу беру ісі, азық-түлікте бағаны тұрақтандыру сынды әлеуметтік маңызды шараларға облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров тоқталды. Серік Жаманқұлұлының айтуынша, жалпы жылу беру ісіндегі ахуал бірқалыпты. Осы орайда, әкімдер қауіпсіздікке көңіл аударуы керек. Жылу беру көздерінен орын алатын қайғылы оқиғалардың қайталанбауына аса сақ болған жөн.
Азық-түлікке баға тұрақтандыруда да жұмыстар жолға қойылған. Мәселен, осы аралықта тұрақтандыру қорына 550 тонна көкөніс, 1050 тоннадан астам картоп сатып алынған. Бұдан бөлек, бакалея өнімдерін де алу жүргізілмек. Ол азық-түліктер әлеуметтік павильондарда саудаланады. Ал, бағаға келсек, кейбір азық-түлік түрлерінде өскен. Соның ішінде, қара құмық та бар. Оның бағасын құрықтау үшін әлеуметтік павильондарға 68 тонна қара құмық сатуға шығарылған. Бұл – халықтың сұранысын қанағаттандырып, бағаны ауыздықтауға ықпал етпекші. Статистика департаментінің айтуынша, өткен аптада баға өсімі орамжапырақ пен пиязда көрініс берген.
Ерлан Жақанұлы Президенттің жалақыны көтеру туралы тапсырмасына байланысты кәсіпорындармен жұмыс жүргізуді де қадап айтты. Бүгінгі таңда тиісті құзырлы басқармамен 1047 кәсіпорын келісім жасаған. Бұл жұмыс әлі де жалғасты болады.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»