АймақАқтоғай

Өңірдегі өрелі істер

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік ШАЙДАРОВ Ақтоғай ауданында іссапармен болды. Әлеуметтік, мәдени тұрғыда маңызды нысандарды аралап, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың жайкүйіне қанықты.

Аталмыш бағдарлама аясында биылғы жылы Ақтоғай ауданында 19 жоба қолға алынған. Бұл бағытта ел қазынасынан 1 млрд. 196 млн. теңге бөлінген.

Алдымен Ә.Бөкейхан, К.Байсейітова атындағы жалпы білім беретін орта мектептерге ат басын тіреген облыс әкімінің орынбасары жоба шеңберінде жасалған жұмыстарды көрді. Сапаға мән беріп, жұмыс қарқынын ширату қажеттілігін қадап айтты. Құрылыс жұмыстары тамыз айының ортасында аяқталады деп межеленген. Бұған республикалық бюджеттен 53 млн. 504 мың теңге қаржы қаралған.

Серік Жаманқұлұлы мұнан соң орталық мәдени және демалыс саябағын қалпына келтіру мақсатында қолға алынған жұмыстармен танысты. Ақтоғай ауданы әкімі Салтанат Әбеуованың айтуынша саябақта заманауи үлгідегі сахна, су бұрқақтары мен аттракциондар, гүлзарлар мен ойын алаңдары салынады. Аумағы 2 гектарды алып жатқан демалыс орнының сыртқы қоршаулары да заман талабына сай жаңартылады.

Аймақ басшысының орынбасары бұдан кейін аудан орталығындағы асфальт төселіп жатқан 9 көшені (455,6 млн. теңге) аралап, сапаға қатаң бақылау жасауды тапсырды. Бүгінгі күні жол құрылысы 60 пайызға еңсерілген.

Ал, ауданның денсаулық сақтау саласындағы өзгерістермен мекеме басшысы Сәттар Әбдіғұлов таныстырды. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен қаржы қаралып, игі бастамалар жүзеге асуда. Атап айтсақ, Шашубай кентіндегі отбасылық емханаға (41 млн. теңге), аудандық аурухана жанындағы жас мамандарға арналған 3 пәтерге (21 млн. теңге) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Енді Шашубай кенті тұрғындары заман талабына сай жабдықталған, емхана қызметіне жүгінсе, жас мамандарымыз баспаналы болады», – деді С.Әбдіғұлов.

Сала мамандарының айтуынша қос нысандағы құрылыс жұмыстары таяу арада толығымен аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі.

Өңірде өріс алған игі бастаманы бағамдаған облыс әкімінің орынбасары аудан басшылығына «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, ауылды абаттандыру қажеттігін айрықша атап өтті.

– Жоба жүйелі түрде іске асуы қажет. Алдымен аудан орталығы, ауылдарды көркейтіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілуі керек. Ауылдарда қажетті нысандар көбірек салынып, көшелер жөнделіп, саябақтар саны жыл сайын артуы тиіс», – деді Серік Шайдаров.

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button