Жеті мәселе орайын тапса…
Денсаулық сақтау министрі Алексей ЦОЙ ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен өзінің алғашқы онлайн-брифингінде індет жұқтыру жағдайын тұрақтандыруға қатысты шаралар кешенімен таныстырды. Министр денсаулық сақтау жүйесі әрқашан елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының барометрі болып қала беретінін, ал жағдайды зерттеу негізгі проблемаларды анықтауға мүмкіндік беретінін айтып, коронавирус инфекциясымен күрестегі жеті мәселеге тоқталды.
Министрдің айтуынша, елдегі эпидемиологиялық жағдайға ауру белгілері бар науқастармен қатар, ешқандай белгілері жоқ, инфекция тасымалдаушылар да әсер етуде. Сондықтан, жағдайды кешенді бақылау және басқару шешімдерін жедел қабылдауда осы екі санатты да ескерген абзал.
Соңғы айларда күшейтілген режимде жұмыс жасаған медицина ұйымдары, індет жұқтырған пациенттермен тікелей қарым-қатынаста болған медицина қызметкерлерінің арасында ауру жұқтырғандардың көптеп кездесетінін де тілге тиек етті. Бұл өз кезегінде кадр тапшылығына әкелген. Бірақ, ресурстың жеткілікті екенін, Үкімет қабылдайтын жаңа пакет жағдайды тұрақтандыратынын айтып сендірген Алексей Цой індетпен күрестегі негізгі жеті проблемаға тоқталды.
Олардың алғашқысы – дәрілік құралдардың тапшылығы. Шындығында, дәріханаларда ыстық түсіретін дәрілер осы күні – қат. Жалған қауесетке сеніп, абдыраған халық оларды жаппай сатып ала бастады. Бірақ, Алексей Цойдың айтуынша, елімізде өндірілетін мұндай дәрілер жеткілікті, өңірлерге де кідіріссіз жеткізілуде. Тіпті, осындай дүрлігу салдарынан дәрілік құралдарды жеткізу мен сатып алу ережелері қайта қарастырылмақ.
Өкпенің компьютерлік томографиясынан өтем деушілердің де қарасы қалың. Жеті проблеманың екіншісі – осы. «Елімізде 135 томограф бар дегенмен, пневмония қолжетімді әрі арзан цифрлық рентген аппараттарда да диагностикалануы мүмкін» дейді министр. Бұдан былай, диагностиканың бұл әдісі ауруды анықтау мен емдеудің клиникалық хаттамасына енгізілетін болады.
Ал, тұрғындарды алаңдатқан үшінші мәселе – тестілеу. Тест шығаруда да еліміз өзгелерден кенжелеп қалған жоқ. Қалаберді, шетелден әкелінетіндері қаншама. 1,2 млн. тест сатып алу үшін Үкімет бөлген қаржы миллирадқа жетіп жығылады. Министр айтқан деректерге сүйенсек, Қазақстанда 46 диагностикалық зертхана жұмыс істеп тұр. Нұр-Сұлтан қаласының өзінде күніне кем дегенде 10 мың тест алынады. Соған қарамастан, зертханалардың қуаттылығы әлі де жеткіліксіз. Осы мақсатта тамыздың соңына дейін 20 дана полимеразды тізбекті реакция талдауыштары сатып алынады. Бұл Ұлттық сараптама орталығында тест өткізу қуатын 2,5 есе арттыруға мүмкіндік бермек.
Министр азаматтардың жедел жәрдем қызметінің келуден бас тартуы, болмаса, қызмет көрсету ұзақтығына қатысты шағымдарын төртінші мәселе ретінде қарастыра отырып, тығырықтан шығар жолды да көрсетті. Отандық өндірістегі 807 жедел жәрдем автокөлігін жеткізуге шарт жасалуымен қатар, автопарктердің, медициналық емес ұйымдардың автокөліктерін жұмылдыру арқылы шетелдіктердің тәжірибесінде бар CORONA-TAXI қызметін енгізу мәселесі де қарастырылуда.
Ал, бесінші мәселе – пациенттердің стационарлық ем мен өкпені жасанды желдету аппараттарына мұқтаждығы. Бүгінде еліміздегі стационарлық төсек-орын саны – 60%-ды қамтиды. Одан бөлек, тамыздың соңына дейін еліміздегі стационарларда 10 мың орын дайындау жоспарда, олардың құрылымында жабдықталған реанимациялық бөлімшелер мен өкпені жасанды желдету аппараттары бар қарқынды терапия палаталары болады.
«Елімізде 3294 өкпені жасанды желдету аппараты болса, оның 978-і соңғы айда сатып алынды» деген министр қосымша тағы 1 мыңға жуық аппарат алынатынын айтты.
Коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарды жерлеу де – өзекті. Алтыншы қатардағы бұл проблеманы шешу үшін қолданыстағы жерлеу тәртіптеріне өзгеріс енгізіліп, енді санитарлық-гигиеналық нормалар қатаң сақталар болса, кез келген зиратта жерлеуге болады.
Министр санитарлық нормалардың бес алтын қағидасының сақталмауын індетті жеңудің жетінші проблемасына жатқызды. Яғни, бетперде мен медициналық қолғап кию, қолды жуу, қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерге барудан аулақ болу, қол алысып амандаспау және кездесу кезінде құшақтаспау қажет. Жақындарымыздың әрі өзіміздің денсаулығымызды сақтай алатын бұл талаптар өкінішке орай сақтала бермейтіні рас.
– Әлбетте, бұлар тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің бірқатары ғана. Алайда, Үкіметтің қалыптасқан жағдайдан жоспарлы түрде шығу үшін нақты көрінісі бар және COVID-19 бойынша жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралардың егжей-тегжейлі жоспары әзірленді, – деген Алексей Цой медицина қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап, қолдау көрсетуді сұрады.
Салтанат ІЛИЯШ.