Жаңалықтар

Жақсы аға, жайсаң азамат

Жаны ізгі жақсы азамат, адал жүрек, тілеуқор тұлға Тілеш аға, қаракөк қаламгер, қазақ баспасөзінің қара шаңырақтарының бірі «Орталық Қазақстанның» қара нарларының бірі Тілеуқабыл Байтұрсын дәуірін теріс айналдырып, фәни жалғаннан бақиға озды. Ала қағаздың бетін айналдырып, журналистік кәсіпті мұрат тұтып, осы салаға біржола бет түзеген алғашқы албырт жылдары қамқор болған, арқа тұтқан алғадай ағаларымыздың бірі еді. «Орталықтың» табалдырығын имене аттаған кезеңде мұнда бүгінде осы басылымның тағылымды тарихынан ойып тұрып орын алған бір шоғыр тамаша журналистер қауымы еңбек етті. Соның бірі қашанда байыпты, байсалды қалпынан бір танбайтын Тілеш аға еді. Газет жанрларының бәрінде бірдей төгілтіп жаза білетін. Жылы жүректі, кең пейілді ағаның арғы-бергі тарихтан қозғайтын әңгімелерінің өзі бір төбе болатын. Бірқақпай әзілдерге де шебер еді. Ол кісілерден кәсіби маман ретінде де, адамшылық абзалдық тұрғысында да үйренгендеріміз көп. Тілеш ағаның ізін басқан, жақын араласқан, соңына көбірек ілескен інілерінің бірі болдым. Ағалық алақанының табын жақын сезіндім, шапағат шуағына еркін шомылдым.

Кейінде қызмет бабына орай, басқа салаға ауысып кеткенде де қарым-қатынасымызды үзген емеспіз. Әредік болсын хабарласып, хал-жағдайымды сұрап тұратын. Шығармашылық тұрғыда да тығыз байланыста болдық. Соңғы жылдарғы қаламгерлігінің бір қыры сынды «Еңбек етсең ерінбей» атты сериялық кітаптарына, сондай-ақ бір таңсық тақырып – еліне елеулі, халқына қалаулы бірқатар азаматтардың мерейтойларына арнап шығарған кітапшаларының біразына редактор болдым.

Кездескен сайын ортақ әңгімеміз таусылмайтын. Ара-арасында тотанақ тірліктің, тайқы тағдырдың алға тартқан, басына салған талқы-тауқыметін айтып мұқап, мұңайып отырушы еді… Соның зіл батпан салмағын көтере алмай қалды, білем. Өкініші көп еді, арман-мұраттары да жетіп артылатын. Енді міне, соның бәрі адыра қалды.

Қош, жақсы аға, жайсаң азамат! Бақұл болыңыз! Дүние орнында тұрғанда сіздің ғазиз бейнеңіз мәңгі есімізде болады. Адал жүрек, арда мінез жан едіңіз – иманыңыз өзіңізге серік болсын! Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз мамық болсын!

Жомарт ОСПАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button