Жаңашылдықтың бастауы

Бүгінде білім, ғылымға қойылатын талап артып, тәрбиеші-педагогтардың алдына үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді» деп атап өткен болатын. Менің ойымша, осынау күн сайын қарыштап дамып келе жатқан өркениет дәуіріне біз – жастар, нақты қадам басуымыз керек. Осы жолда жас маман өз ісінің білгірі, өз саласының майталманы болу аса маңызды.

Мен балбақшада жұмыс істеймін. Өзім де анамын. Алдыма келген әр бүлдіршінді өзімнің баламдай жақсы көремін. Күн сайын оларды құшақтап, маңдайларынан сүйіп ерекше бір күйге бөленемін. Мен олардан мейірімімді аямаймын, себебі, мен – тәрбиешімін, мен – анамын. Біз баламен жарты күн бойы біргеміз, баламен бірге күліп, тіпті, кей кезде баламен бірге жылайсың. Олардың былдырлаған тілін, әдемі сөздерін қалай жақсы көрмеуге болады. Міне, сол себепті де мен өз мамандығымды сүйемін. Менің ата-анам мені «Өз еліңнің ұлтжанды азаматы бол» деп тәрбиелесе, балабақшадағы балаларды да солай тәрбиелеймін. Тәрбиенің бастауы қалай амандасудан бастап, елдің рәміздері мен әнұранын үйретіп, бала санасына «Отан» деген киелі ұғымды қалыптастыру. Кейде біреулер «балабақшада біреудің баласын қалай тәрбиелейсің? үйде бір-екі баламен шаршаймыз» деп жатады. Олар түсінсе ғой. Мынау жаңа ғасыр осы менің алдыма келген кішкентай бүлдіршіндердің ғасыры екенін. Ағашты қалай ексең, солай өседі деген. Менің алдыма 3, 4, 5 жастағы әлі оң солын танып-білмейтін балалар келеді. Олардың ішінде әр ұлттың балалары қазақ, орыс, неміс, кәріс тағы басқасы бар. Олардың барлығына Қазақстан деген елде тұратынын, оның көпұлты екенін айту, оның маңызын түсіндіру менің тәрбиеші ретіндегі міндетім.

«Ұстаздық – ұлы іс» деп кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқандай, бұған лайық болу – үлкен абырой, басты борышым деп есептеймін. Жоғарыда айтқанымда, мен бір ғана тәрбиешілік жолдағы жас маманның рөлін атап өттім. Менің замандастарым өзінің мамандығын сүйіп, оған құрметпен, жауапкершілікпен қарайтын болса, үнемі жаңа ойлары мен жаңалықтарын ортаға салса бұл – жаңғырудың жаңа жолы болып биікке көтеріле бермек.

Әлия АСАН,

«Аққу» бөбекжайының тәрбиешісі.

АБАЙ ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.