Баған

Жұлдыз болуға лайық қария

Қазір елдің бәрінде ұялы телефон бар. Көрінген дүниені соған түсіріп алып, еш ойланбастан бір-біріне жібере салады. Оның сапасына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Кейде опық жесек те, қоймаймыз. Шыны керек, ватсаптағы топтарда солай айналымда жүретін бейнежазбалардың көбісі түкке тұрмайды. Сондай жазбалардың ерекшесіне тоқталмақпын.

Әдеттегідей ватсаптағы бір топтан бірнеше жазба келді. Жаппай өшіріп тазалап отырып, бір ақсақалдың жазбасын ғана қалдырдым. Оны өшірмегеніме соңыра іштей қуандым.

Ауылда түсірілген екен. Онда 80-ге жақындаған қарияның ауыл адамдарымен сөйлесіп отырған сәті жазылған. Бейнежазбада атаның «Түсіріп жатсың ба? Дұрыс, түсір!» дегені бар.

Қарияның киім киісі, өзін ұстауы, сөзінің салты бұрынғы билерді еске түсіреді. Дауыс ырғағы да құлаққа жағымды. Сөзінен тектінің тұяғы екені көрініп тұр. Сөз саптауы мен оны тыңдаушыға жеткізуі де ғажап. Көп оқыған, көкірегі қазынаға толы қарт екені көзге ұрылады. Ол сөзін Лұқман хакімнің ұлағатты сөздерімен бастайды.

«Лұқман хакім мың жасаған екен. Лұқман хакімнен қартайған шағында:

  • Мың жылдық өміріңізде не үйрендіңіз? – деп сұрапты. Сонда ол:
  • Мың жылдық өмірімде намазға тұрғанда жүрегіме ие болуды үйрендім. Асқа отырғанда қолыма ие болуды үйрендім. Топқа кіргенде тіліме ие болуды үйрендім. Алланың құдірет иесі екенін үйрендім. Өлімнің хақ екендігін үйрендім, – деген екен.

Таспаға кездейсоқ түсіп қалған мынадай сөздерді кейде іздеп таппайсың. Өкінішке орай, аты-жөні айтылмаған. Атаның «түсір» деуінің өзі пайдалы жазба екенін меңзесе керек.

Көптен бері көрген пайдалы жазба осы болды. Сауаты терең, батаға ағып тұрған аузы дуалы ақсақал екен. Өмірдің мәнін ұғып, ақ-қараны жете тани білетін парасат-пайымы терең қария.

Екі сөздің басын қосып сөйлей алмайтын кейбір аталарымызды көргенде осы таспадағы қария есіме түседі. Сонымен қатар, жеті түрлі бата біледі екен.

Ал, енді оның батасының біреуін келтірейік. «Көпке басшы көсем болыңдар, сөз сөйлеуге шешен болыңдар. Қауіп пенен қатерден, әрқашан да есен болыңдар. Ұлы сөзге ұста болыңдар, қыңыр сөзге қысқа болыңдар. Еңбек етіп ерінбей, халқыңа сондай нұсқа болыңдар. Панасызға пана болыңдар, баласызға бала болыңдар. Әділ шешер әр істі, ақылы асқан дана болыңдар. Аллаға азаншыл болыңдар, ағайынға қазаншыл болыңдар. Судай таза болыңдар, болаттай берік болыңдар. Өмірлерің ұзақты болсын, өзендерің суатты болсын. Төрт құбылаң шуақты болсын, сөзің халыққа қуатты болсын!»

Міне, қазіргі техникаға телмірген дәуірде керегі осындай жаттауға жеңіл, салмағы зор баталар ғой.

Теледидарды қоссаң, желі арқылы танылған сайқымазақтарды көріп, ішің ашиды. Шетінен жұлдыз. «Жұлдыз» сөзінің де қадірі кеткен бұл күнде. Нағыз жұлдызға лайық – осы кісі. Бірақ, біздің қоғам әншілер мен бишілерді, көк мылжың мен орынсыз қылжақты ғана көреді.

Мен шамам келгенше осындай дәмі бар дүниелерді таратамын.

Ал, сіз ше?

Жәлел ШАЛҚАР,

облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button