Үздік қару — көрмеде

Балқаш тарихи-өлкетану музейінде 1942- 1945 жылдары соғыста кеңінен қолданылған ППС-43 пистолет-пулеметі сақтаулы тұр. Кеңес конструкторы Алексей СУДАЕВ құрастырған қару музейге 1974 жылы тапсырылыпты.

– Екінші дүниежүзілік соғыста неміс басқыншыларына қарсы қолданылған Судаев пистолет-пулеметі музейде 1974 жылдан бері қалың қауымның назарына ұсынылып келеді. Тарихқа көз жүгіртсек, ППС-43 пистолет-пулеметі Ленинград майданында 1942 жылы 6-13 маусым аралығында сынақтан өткізілген. Аталмыш қару 800 метр қашықтықтағы жауды жайратып салуға қауқарлы екен. Оқшантайына 35 оқ сияды, соғыс кезінде алып жүруге қолайлы қарудың Кеңес Одағы 6 млн. данасын жасап шығарған. Әсіресе, оны әуе десанты, барлаушылар, партизан жасақтары жауларын жер жастандыруға пайдаланған, – дейді музей қызметкері Асыл Серікқызы.

Айта кетейік, соғыс уақытында Судаев тапанша-пулеметі Калашник автоматынан кейінгі екінші атыс құралы ретінде саналды. Жеңіл, шағын әрі тоқтаусыз жұмыс істейтін ППС-43 қаруын немістер 1944 жылы көшіріп алып, Вермахт зауытында «МР-709» деген атаумен жасап шығарған. Бұл қаруды өндіру Германия Федеративтік Республикасында соғыстан кейін де жалғасын тапқан. ППС-43 қаруының көшірмесі саналатын DUX-53 тапанша-пулеметі 50-жылдары шекара әскерлері мен жандармерияның негізгі қару жасағында болды. ППС-43 аналогтары Қытайда («Тип-43» маркасымен), Венгрияда, Вьетнамда да шығарылды.

Нұрдос КӘРІМ