Басты тақырыпРуханият

Талапкердің таңдауы қандай?

Қандай кәсіп сұранысқа ие? Оқу жарнасы аз мамандықтар қандай? Жоғары оқу орындарына және колледждерге қандай құжат тапсыру керек?

Оқу жылы аяқталуға жақын қалған сайын талапкерлерді аталған сұрақтар мазалайтыны рас. Осы мақсатта Қарағандыда жоғары оқу орындары мен колледждердің көрмесі өтті. 7 қазақстандық және 5 ресейлік университет, сондай-ақ, 11 колледж мамандары кәсіп таңдап жүрген жастардың сұрақтарына жауап берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Биыл көрмеге жоғары сынып оқушылары ғана емес, оқуын жалғастырғысы келетін немесе мамандығын ауыстыруды қалайтын колледж студенттері де қатысты. Олар өздерін қызықтырған ЖОО жөнінде ақпарат алып, білім ошақтарының өкілдерімен кездесті. Сөйтіп, қарағандылық жастар құжат тапсыратын мамандыққа әрі оқу орнына таңдау жасады.

Оған қоса, биылғы көрмеге Ресей елінің алдыңғы қатарлы Томск политехникалық университеті, Калиноград сәулет-құрылыс университеті, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің мамандары шақырылыпты. Осы мүмкіндікті пайдаланған студенттер отандық және шетелдік орта кәсіптік және жоғары оқу орындары ұсынып отырған білім беру қызметтерінің сан саласымен жіті танысты.

Үмітжан АМАНДЫҚОВА, «Қазақстанның болашағы үшін жастар қозғалысы» ҚБ төрағасы:

Оқу жылының соңына қарай түлектер белгілі мамандықтар бойынша оқытатын білім ұйымдары жайлы ақпарат іздейді. Ата-аналар да, мектеп мұғалімдері де болашақ түлектерді осы жәрмеңкеге қатыстырады. Кейбір жастар жаңадан ашылған мамандықтар туралы білмей, кейіннен өкініп қалып жатады. Сондықтан, біздің мақсатымыз – талапкерлерді оқу орындарымен кеңінен таныстыру. Жәрмеңкенің қаламызда өтуі дәстүрге айналған. Көрмеге аудандар мен серіктес қалалардың талапкерлері де қатысты. Болашақ мамандықтарын таңдап, көбісі екінші жоғары білім алу хақында білді. Көп студенттер шетелдік тегін білім алу бағдарламаларына қатысуға байланысты сұрақтарына жауап алды.

Биылғы көрменің ерекшелігі – көрнекі оқу құралдары екен. Мамандар талапкерлердің қызығушылығын арттыру мақсатында әртүрлі көрнекті оқу құралдарын пайдаланыпты. Мысалы, медициналық колледждер мен жоғары оқу орындары ашық ішек-құрылысы бар манекен, жүрек, құлақ және білек макеттерін қойған. Ал, «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» кафедрасының өкілдері тау жынысы мен қазбалардың үлгілерін ұсынды.

Айта кеткен жөн, білім көрмесін 2000 жылдан бастап облыстық білім басқармасы және «Қазақстанның болашағы үшін жастар қозғалысы» қоғамдық бірлестігі өткізіп келеді. Өткен жылы көрмеге алты мыңға жуық талапкер қатысқан болатын.

Бұрын түлектер арасында экономист және құқықтану мамандығына сұраныс артса, кейінгі буын өкілдерінің техникалық мамандықтарды игеруге құштар және дизайнер, аспаздық мамандықтарына қызығушылығының басым түскені байқалды.

Мәселен, Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуіндегі үшінші бастамасында бәсекеге қабілетті маман дайындау үшін – жоғары білімге қолжетімділікті арттыруды міндеттеді.

«2018-2019 жылдары әр жылға қосымша 20 мың грант бөлуді ұсынамын. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді», – деді Президент. Бұл бастама арқылы алдағы уақытта инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандарын оқытуға басымдық беріледі деген сөз.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button