«Мың өліп, мың тірілген…»

            Біз соғысты көрмеген, бірақ, оның ызғарын сезініп өскен ұрпақпыз. Кешегі қазақ халқын қынадай қырып, ел басына нәубет әкелген өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы аштық пен соғыс тауқыметі әлі де халықтың жадынан өшкен жоқ. Осы нәубет айналып өткен қазақ отбасы жоқ та шығар. Жаралы жылдар ызғарынан біздің әулет те тыс қалмады.

Мен өзім Көкшетаудың Чистопол ауданына қарасты Қырымбек (орыстар Баррикада деп атап кеткен) деген ауылда дүниеге келсем де, қазақ дәстүрімен Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы нағашыларыма бала ретінде берген екен (сондықтан да менің фамилям Дәуренбек Ескекбаев). Нағашы атамыз Бимат Іскекбайұлы (1885 жылы туған) мен әжеміз Мәһия Мәшжанқызы (1900) елге сыйлы қадірменді кісілер еді. Өз кіндіктерінен сегіз бала өрбігенімен де қайыры болмай, оның жетеуі отыз екінің зобалаңында шейіт болып, өздері «тірі аруақтай қу сүйектерін сүйретіп» (өздерінің айтуы бойынша) сол кездегі «нанды қала» Қарағандыға келіп, апам шахтаға түсіп, тәшке айдаушы, қайлашы болып жұмыс істеп, әйтеуір, аман қалады. Апамның бақытына қарай шахтаға жаңаарқалық белгілі балуан Битабар бірге түскен екен. Ол кезде бір норма бір бөлке нан. Күніне үш, үш жарым нормаға дейін орындап отырған. Апамның осы бір жанкешті тірлігінің өзі бір әңгіме. Бұл туралы белгілі жазушы Сафуан Шаймерденовтің «Жыл құсы» романында біраз қамтылған. Ал атам болса аттан түскенді намыс көретін қырдың қазағы емес пе? «Тірідей көрге түспеймін» деп шахтаға түспей, сол маңдағы қазақтардан бір ат тауып алып, маңайдағы елдің қалған-құтқан арық-тұрық малдарын бағып, күндерін көріп жүре берген. Содан естерін жинап ел еңсесін түзеген соң ғана соғыстың алдында Жаңаарқаға – елге қайтқан екен.
Тек кенже қызы Зейнеп (1929 жылғы) қана сол кездері жер-жерлерде ашылып жатқан балалар үйлерінің біріне кездейсоқ түсіп, тірі қалған. Соғыс бітіп, ел етек-жеңін жинай бастаған 1947 жылы ғана табылған. Мұның өзі бір тарих. Архив қазынасынан сол заманның тарихи естеліктерін қарап отырып мына бір өте құнды деректерді тауып алдық: «Сары Ыбыштың детдомға берген баласын тауып берді деген хабарды естісімен, Бимат Іскекбаев әйелі екеуі келді. Олар да жалғыз қызын детдомға өткізген екен, бірақ олар таба алмады. Биматтың әйелі оң қолынан өнері төгілген шебер, келбетті, ақылды адам еді. Олар қызын 1947 жылы тауып әкелді. Бойжетіп қалған қыз шешесінен айнымайды екен. Детдомда бойжеткен қыздан әке-шешең жөнінде есіңде қалған ештеңе бар ма деп сұрағанда «мамам іс тігуші еді, ол іс тігіп отырғанда, саусағымды машинаның табанына салып қап, қолыма инесі кіріп, жылағаным есімде» депті. Сөйтіп, бұл қыздың күмәнсіз өз балалары екендігіне көздері жеткен екі қарт өлгені тіріліп, өшкені жанып, бастарына бақыт құсы қонған еді. Биматта сол жалғыз қыздан басқа бала болмаған. Сол жалғыз қыздан туған Дәуренбек Биматтың шаңырағын ұстап отыр. (Сары Телбаев. Өмір өткелдері //Өмір журналы. №6 (1) – 2002. –Жаңаарқа, 2002.- 77 бет).
Ал, әкеміз Базарбай Қожахметұлының ата-тегі – Қарауыл. Бізге белгілісі атамыз Қожахметтің жатқан жері Атбасар қаласының маңы болса, бабамыз Күшік батырдың зираты Зерендіден әрі қарай Ақан тауының баурында. Ал арғы аталарымыздың (Тоқтауыл-Ноғай) қонысы мен жаз жайлауы тіпті, Түменге дейін созылып жатса керек.
Базекең Көкшетау облысы, Арықбалық ауданы, Шағалалы ауылында 1924 жылы 15 кыркүйекте дүниеге келіп, 1931 жылы сол ауылдағы орта мектепке оқуға түсіп, 1940 жылы 9 кластан кейін оқуын уақытша тоқтатып, соғыс басталғанға дейін Арықбалық ауданы, Қалмақкөл ауылдық кеңесінде хатшы болып қызмет атқарады. Шамасы, бұған сол замандағы елге түскен салмақ тұрмыс тауқыметі мәжбүрлеген болар. Сондай-ақ, жастығына қарамастан, бар-жоғы он бес жасында оған осындай сенім білдірілуінің өзі оның зеректігіне, елгезек тындырымдылығына да байланысты болса керек. Әсіресе жазу мәнері өте сұлу, әдемі болатын. Оны өз қолымен жазған өмірбаянынан да байқауға болады.
Соғыс басталған соң 1942 жылы қаңтар айында Базекең өз еркімен сұранып соғысқа аттанады. Алайда, әлі бұғанасы қатпаған жас баланы бірден алғы шепке жібермей, алдымен Моңғолиядағы Улан батыр қаласы маңындағы кіші командирлер дайындайтын полк мектебіне оқуға жібереді. Кейіннен орудия командирі шенінде Финляндиядағы Кареля майданында соғысқа кірген екен. 1945 жылы тамызда Жапонияға қарсы Қиыр Шығыс майданындағы 25 армия 24 артеллерия полкы құрамында взвод командирі ретінде ұрыс қимылдарына қатысып, соғысты Кореяның Сейсин қаласында аяқтаған. Соғыстан кейін де бірден елге қайту мүмкін болмаған. Ворошилов қаласындағы Приморск әскери округі 25 армия, 36 мотоатқыштар полкы құрамында шекара тыныштығын күзетіп, тек 1947 жылы ғана елге оралуға мүмкіндік алған. Міне, жиырмадан енді ғана асқан қарапайым ғана қазақ солдатының Еуропадан Қиыр Шығысқа дейін созылған әскери өмір жолы осындай.
Соғыстан кейінгі бейбіт өмір де оңай болған жоқ. Соғыс кезінде ата-аналарынан бірдей айрылған (1941 жылы шешесі, 1946 жылы әкесі о дүниелік болған) Базекеңнің мойнына ендігі жерде бүкіл әулеттің қамыты киілді. Ағасы Каба (шын аты Мырзахмет) соғыста тұтқынға түсіп, кейіннен елге келгенімен өзімізге белгілі жағдайлармен (олардың балаларының да оқуға түсу, қызметке орналасу мүмкіндіктері шектелінетіндігі белгілі) оның балаларына қамқор болып, өз атына жаздырып алып оқытуға тура келді. Қарындастары Күләй мен Күлімнің тағдыры да мойнында. Күләй ертеректе қайтыс болып, Күлім тәтемізден оншақты ұрпақ қалды.
Соғыстан кейінгі қызметі де әскери салаға жақын болды. Мемлекет қауіпсіздігі министрлігі (МГБ кейіннен КГБ аталған) күзет қызметімен Қарағанды темір жолдарын бақылау, Жаңаарқа станциясында комендант (Комендант, он же начальник КПЗ отделения охраны МГБ ст.Жана-Арка Карагандинской железной дороги (Приказ УО МГБ №8 от 12.01.1949 г.), шамасы шешеміз Зейнеппен де осы жерде кездескен болар), кейіннен Бурабай станциясында қылмыстық істер бөлімі бастығы (старший уполномоченный по уголовному сыску Курорт-Боровое (Приказ УО МГБ от 25.12.1952 г.) дәрежесінде қызметтер атқарып, «запасқа» шыққан. Азаматтық қызметке ауысқан соң да бір жерде тұрақтап тұра алмады, партия «солдаты» ретінде әр жерлерде Рузаевка, Володаровка, Антоновка, Андреевка, Чистопол (қазақтың байырғы тұрғылықты жер атаулары бір кездері осылай аталған) аудандарында астық қабылдау пунктерінде басшылық қызметтер атқарып, бұл қызметін шешеміз қайтыс болған соң (Зейнеп Биматқызы өмір бойы әкемізбен қатарлас, қалыспай жоғарыда аталған елді мекен, кенттердің бәрінде де есепші, сатушылық салада еңбек етіп, 1983 жылы бар-жоғы елу төрт жасында өмірден озды) ғана тоқтатуға тура келді. Кейін Көкшетауға балаларының қолына көшіп келіп қайтыс болды, қазір екеуінің де қабірі Көкшетау қалалық зиратына жерленген.
Жоғалып барып табылған, «мың өліп мың тірілген» қазақтың бір әулетінің қысқаша тарихының бір парасы, міне, осындай. Өткен күннен белгі бар демекші, ата-анамыздың соңында алты баласы, ондаған немерелері қалды. Шешеміздің әр кезде алдымен аузына алатын сөзі «балаларым – бақытым» деп отыратын. Екеуінің де арманы балаларына білім беру болды. Армандары алдаған жоқ, балалары мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орындарын да «қызыл дипломға» бітірді. Әрқайсы әр салада (бизнес, білім беру, ғылым) қызмет етіп жүр. Анамыздың атымен «Зейнеп» қоры құрылып, елге түрлі әлеуметтік салаларда көмек беруде. Шешеміздің туған жері Жаңаарқа ауданы, Ескене аулында зәулім мешіт (2001 жылы) салынды. Кенжеміз Талғат республикада тұңғыш рет (90-жылдары) кеңсе тауарлары бойынша әр облыс орталықтарынан сауда желілерін ашып еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүр. Сондай-ақ, елімізде тұңғыш рет «рухани жаңғыруға» ізашар болып лазерлік дискіге «Атамекен» эстрадалық әндер жинағының антологиясын; қазақтың терме, толғауларын, сыбызғы, домбыра, қобыз күйлерін жинақтаған «Ғасырлар сазы» дисксін жарыққа шығаруы – бір кездері халық арасында үлкен резонанс тудырған еді. Ортаншы ұлы Асылбек өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында бизнестік білім саласының өркендеуіне бастамашыл болды. Алдымен «Алматы менеджерлер» мектебінен бастап, кейіннен «Алматы менеджмент» мектебі, «Халықаралық Бизнес Академиясы» жалғасып, қазіргі кезде «Алматы менеджмент университеті» (AlmaU) деген атауымен ондаған шетелдік алдыңғы қатарлы университеттермен (Америка, Англия, Ресей, Қытай Жапония, Малайзия, Сингапур, Гонконг, т.б.) тәжірибе алмасып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Сонымен бірге, Көкшетау қаласы мен аудандардан жылда ондаған балалар осы университет жанындағы «Зейнеп» лицейі мен колледждерде тегін білім алып, кейіннен үздіктері унивеситетке жеңілдікпен оқуға қабылданып білімін жалғастыруда.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жылы біздің әулет үшін де қуанышты жыл болды.
«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» десек те, не Ақмола облыстық тарихи өлкетану мұражайында, республикалық «Боздақтар» немесе Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы «Зерде» кітаптарында да әкеміз туралы бір ауыз мәлімет, не бір дерек жоқ. Дегенмен, «ештен кеш жақсы» дей отырып, осындай бір олқылықтың орнын толтыру – біздікі.

Дәуренбек ЕСКЕКБАЕВ,
Алматы Менеджмент университетінің бас ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.