Жаңалықтар

Мамандық таңдау – маңызды шешім

 

Еліміз бүгінгі таңда кәсiби мемлекеттiк қызметтің сапалы, жаңа кезеңiн қалыптастыруда. Қазақстандық жаңа модельде мемлекеттiк қызметтi кәсiбилендiруге бағытталған институционалдық шаралар бекiтiлген. Оған Елбасымен ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы негіз болады.

Ұлт жоспарын орындау мақсатында былтырғы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң күшіне енді, бірқатар заңға тәуелді актілер қабылданды. Басты ерекшелік – мемлекеттік қызметтің жаңа мансаптық моделі мемлекеттік орган қызметшілері арасында басшылық бос лауазымға ішкі конкурспен, ал төменгі лауазымдарға тек жалпы конкурс арқылы ғана тағайындауды көздейді. Яғни, мемлекеттік қызметке түсу төменгі лауазымдардан басталып, жоғары лауазымдарға тағайындалу біртіндеп мансаптық жылжу арқылы жүзеге асырылады.

Төменгі лауазымдарға жарияланатын жалпы конкурсқа қатысып, мемлекеттік қызметші болу үшін үміткерлер бірнеше іріктеу сатыларынан өтуі керек. Оның бастапқысы Қазақстан Республикасының заңнамаларын білуге арналған тестілеуден басталады. Бұл бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурстық іріктеудің алғашқы әрі маңызды сатысы.

Тестілеу компьютерде, арнайы жабдықталған залда дұрыс жауапты таңдау арқылы жүргізіледі. Әкімшілік қызметке орналасу үшін тапсырылатын тестілеу үш бағдарламадан тұрады. Түсінікті болу үшін, әр бағдарламаға тоқталып өтейін. Тестілеудің бірінші бағдарламасы, облыс деңгейін алатын болсақ, облыстық департамент, инспекция, басқармалардың басшылары мен олардың орынбасарларының, аудандық, қалалық аумақтық басқармалардың басшыларының, аудан немесе қала әкімінің орынбасарларының, аппарат жетекшілерінің, облыс әкімі аппаратының, облыстық мәслихаттың және тексеру комиссиясының басшы лауазымдарына орналасу үшін тапсырылады.

Екінші бағдарлама бойынша тестілеу облыстық департаменттердің ішіндегі басқарма басшыларынан бастап жетекші мамандарына дейінгі лауазымдарға, аудандық немесе қалалық аумақтық басқармалар басшыларының орынбасарларынан бастап бас мамандарына дейінгі лауазымдарға, облыс әкімі аппаратының, облыстық мәслихаттың және тексеру комиссиясының бас мамандары мен жетекші мамандары лауазымдарына, облыстық басқармалардың бөлім басшыларынан бастап жетекші мамандарына дейінгі лауазымдарға, қалалық немесе аудандық әкім аппараттарының бөлім басшыларына, аудандық, қалалық дербес бөлім басшыларынан бастап сектор меңгерушілеріне дейінгі лауазымдарға, ауылдық, селолық округ әкімдерінің орынбасарлары мен бөлім басшыларының лауазымдарына түсу үшін тапсырылады.

Аудандық немесе қалалық аумақтық басқармалардың жетекші мамандары, қалалық немесе аудандық әкім аппараттарының бас мамандары мен жетекші мамандары, аудандық, қалалық дербес бөлімдердің бас мамандары мен жетекші мамандары, ауылдық, селолық округ әкімі аппараттарының бас мамандары мен жетекші мамандары лауазымдарына орналасу үшін үшінші бағдарлама бойынша тестілеу тапсыру қажет.

Заңдар тізімі, тестілеудің ұзақтығы және сұрақтар саны тестілеу бағдарламасына сәйкес әртүрлі болады. Мысалы, тестілеудің бірінші бағдарламасына жазылсаңыз, онда 10 нормативтік құқықтық акті бойынша тестілеу тапсыру қажет. Оның ішінде Конституция, Президент туралы, Үкімет туралы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, Әкімшілік рәсімдер туралы, Құқықтық актілер туралы, Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңдары және Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі бар. Әр заң бойынша 15 сұрақтан және Ар-намыс кодексі бойынша 10 сұрақ беріледі, олардың әрқайсысы бойынша кем дегенде 5-іне дұрыс жауап беру керек және жалпы дұрыс жауаптардың саны 102 балдан төмен болмауы қажет. Бұл бағдарлама бойынша тестілеуге 115 минут уақыт беріледі. Екінші бағдарлама бойынша Конституция, Президент туралы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, Әкімшілік рәсімдер туралы, Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы, Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңдарынан және Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінен тестілеу тапсыру қажет. Бұл бағдарлама бойынша да әр заңнан 15 сұрақтан және Ар-намыс кодексі бойынша 10 сұрақ беріледі. Бірақ, олардың әрқайсысы бойынша кем дегенде 5-іне дұрыс жауап беріп және жалпы дұрыс жауаптардың саны 78 балдан төмен болмауы қажет. Тестілеу уақытысы 105 минутты құрайды.

Үшінші бағдарламаға жазылған болсаңыз Конституция, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы, Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңдарынан және Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексінен тестілеу тапсыру қажет. Бұл жағдайда да әр заңнан 15 сұрақтан және Ар-намыс кодексі бойынша 10 сұрақ беріледі. Олардың әрқайсысы бойынша кем дегенде 5-іне дұрыс жауап беріп және жалпы дұрыс жауаптардың саны 50 балдан төмен болмауы қажет. Тестілеуге 85 минут уақыт беріледі.

Жоғарыда көрсетілген тестілеу бағдарламалары мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасу үшін тестілеуге қатысушыларға арналған. Ал, құқық қорғау органдарына түсетіндер үшін тестілеу бағдарламалары өзгеше. Мысалы, құқық қорғау органдарына түсуге үміткерлер жұмысқа орналасатын лауазымдарына қарай төрт бағдарлама бойынша тестілеу тапсырады. Бірінші бағдарламада Конституция, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық-процестік кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы, Құқық қорғау қызметі туралы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңдарынан және Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінен тестілеу тапсыру қажет. Әр нормативтік құқықтық акті бойынша 15 сұрақтан беріліп, олардың әрқайсысы бойынша кем дегенде 5-іне дұрыс жауап беріп және жалпы дұрыс жауаптардың саны 95 балдан төмен болмауы қажет. Тестілеуге 110 минут уақыт беріледі.

Екінші бағдарламаға жазылған жағдайда 8 нормативтік құқықтық акті бойынша тестілеу тапсыру қажет. Олардың қатарында Конституция, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық-процестік кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, Құқық қорғау қызметі туралы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңдарынан және Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінен тестілеу тапсыру қажет. Әр нормативтік құқықтық акті бойынша 15 сұрақтан беріліп, олардың әрқайсысы бойынша кем дегенде 5-іне дұрыс жауап беріп және жалпы дұрыс жауаптардың саны 63 балдан төмен болмауы қажет. Тестілеу уақытысы 90 минут.

Үшінші бағдарламаға сәйкес Конституция, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңнан және Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінен тестілеу тапсыру қажет. Әр нормативтік құқықтық акті бойынша 15 сұрақтан беріліп, олардың әрқайсысы бойынша кем дегенде 5-іне дұрыс жауап беріп және жалпы дұрыс жауаптардың саны 21 балдан төмен болмауы қажет. Тестілеу уақытысы 40 минутты құрайды. Төртінші бағдарлама бойынша Конституция, Қазақстан Республикасының Президенті туралы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, Құқық қорғау қызметі туралы Заңдарынан және Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінен тестілеу тапсыру көзделген. Әр нормативтік құқықтық акті бойынша 15 сұрақтан беріліп, олардың әрқайсысы бойынша кем дегенде бесеуіне дұрыс жауап беріп және жалпы дұрыс жауаптардың саны 35 балдан төмен болмауы қажет. Тестілеу уақытысы 60 минут.

Тестілеуді бірінші ретте тапсыра алмай қалған жағдайда қайта тестілеуге бір айдан кейін келуге болады.

Тестілеуге жазылу үшін «электрондық үкімет» (egov.kz) немесе Мемлекеттік корпорацияға (Халыққа қызмет көрсету орталығы) жүгіну арқылы тестілеу бағдарламасын таңдап, тест тапсыру уақыты мен күнін белгілеп, өтініш берсеңіз жеткілікті. Мемлекеттік корпорацияға және тестілеуге барғанда өзіңізбен бірге жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңызды алуды ұмытпаңыз.

Тестілеудің оң нәтижесіне ие болсаңыз, 20 минут ішінде жеке басыңыздың қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуге өтуге жіберілесіз. Бұл — конкурстық іріктеудің екінші сатысы. Тестілеудің бұл түрінде үміткерлердің келесідей жеке қасиеттерінің даму деңгейі анықталады: бастамашылдық, адамдармен тіл табысу, аналитикалық, ұйымдастырушылық, стратегиялық ойлау, көшбасшылық, әдептілік, сапаға бағдарлану, тұтынушыға бағдарлану, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік.

Соңғы саты — әңгімелесу. Ол бос орынға конкурс жариялаған мемлекеттік органда өтеді. Өзіңізді комиссия мүшелері алдында еркін ұстап, ұтымды жағынан көріне біліңіз, оларды алдыңызға қойған міндеттерді орындауға барлық қажетті кәсіби және жеке қасиеттеріңіздің бар екеніне сендіріңіз.

Әрине, мамандық таңдау әр адамның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі екені сөзсіз. Өйткені бұл таңдау өмір бойы қандай іспен айналысатыныңызды айқындап, болашағыңызға бағдар береді. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек. Егер өз таңдауыңызды жасап, өз өміріңізді мемлекеттік қызметпен байланыстырып, мемлекеттік қызметші болуға бел байласаңыз, мемлекеттік органдармен жарияланып жатқан конкурстарға қатысыңыз.

Өткізіліп жатқан конкурстар туралы хабарландырулар әкімшілік бос лауазымдары бар мемлекеттік органдардың және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (www.kyzmet.gov.kz) сайтында жарияланады. Ал, құқық қорғау органына жұмысқа тұруға ниет білдіргендер жарияланған конкурстар туралы мәліметті құқық қорғау органдарының сайтынан немесе соларға тікелей жүгіну арқылы біле аласыздар.

 

Т.Медет,

Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті

басшысының орынбасары.

 

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button