Жаңалықтар

Мәртебелі міндетке – лайықты құрмет

Мемлекет беделі мемлекеттік қызметшіге тікелей байланысты. Сырт келбетімен қатар, жұмыстан тыс уақытта да әдепті болуды талап ететін қызметшілердің еңбегі шынында да құрметке лайық. Мемлекет дамуының кепілі болған мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында және аталмыш қызметтің 20 жылдығына орай, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде мемлекеттік қызметшілер бұрышы ашылды.

– Биыл мереке қарсаңында мемлекеттік қызметке арналған бұрыш аштық. Мақсат – мемлекеттік қызметтің беделін көтеру, халықтың осы қызметке деген сенімін арттыру, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге өздерінің осындай кәсіби мерекелерінің бар екенін көрсету арқылы атқаратын қызметтері үшін бойларында мақтаныш сезімін тудыру, – деді экспозицияны салтанатты түрде ашып, лентасын қиған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсенов.

– Экспозиция 1991 жылдан бергі Қазақстанның, оның ішінде Қарағандының даму тарихына арналған Тәуелсіздік залында орналасқан. Мемлекеттік қызметшілер бұрышы үш кезеңге бөлінген, – дейді, бұрыштың ашылу салтанатына келушілерге экскурсия жүргізген музей қызметкері, қазіргі заман тарихы бөлімінің меңгерушісі Нұрболат Алдабаев.

Бірінші кезең – Алашорда және мемлекеттік қызмет деп аталады. Бұл жерде Алашорда үкіметін құрған ұлт зиялылары, яғни, 1920 жылдардың басында Ресейде білім алған, көздері ашық, көкіректері ояу, ел болашағы, тәуелсіздігі үшін ерік-жігерлерін жұмсаған қайтаркерлердің суреттері бар. Олар – Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов және Ахмет Байтұрсыновтар. Сондай-ақ, Нұра ауданының тумасы, Қарағанды облыстық атқару комитетінің тұңғыш төрағасы Абдолла Асылбековтің, Халық комиссариаты кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақовтың, Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы Жанайдар Сәдуақасовтың, Халық комиссарлар кеңесінің тұңғыш төрағасы болған Сәкен Сейфуллиннің суреттері орналасқан.

Қайраткерлердің суреттерінен кейін тарихи құжаттармен танысуға болады. Атап айтар болсақ, деректер бойынша 1905 жылы Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде жазылған петиция – патшалық Ресейдің министрлер кеңесінің төрағасына қазақтың сол кездегі жағдайы туралы айтылып, арнайы жазылған арыз. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаев жазған петиция мәтінімен келушілер өздері де таныса алады. Одан кейін Алашорда құрамы, Семей қаласындағы Алашорда үкіметі орналасқан ғимарат, Орынбор қаласында өткен съездерден фотосуреттер бар.

Екінші – Кеңес дәуірі кезеңі. Бұл жерде Кеңес үкіметі құрылғаннан кейінгі Қарағандының даму тарихынан мағлұмат алуға болады. 1930 жылдары өткізілген Қарағанды атқару комитетіндегі жиналыстардан түсірілген суреттер, 1934 жылғы қала мәртебесін алуына қатысты суреттер. 1940-1950 жылдардағы қалалық комитеттің хатшысы болған Әукебай Кенжин, қазақ тарихында үлкен орын алатын қоғам қайраткері, кеңес дәуірінің дүркіреп тұрған шағында қазақтың жерін бөліске салмай, біртұтастығын аман алып қалған Жұмабек Тәшеновтің де суреттері экспозицияға қойылған. 1960-1970 жылдарда билік басында болған Сұлтан Досмағамбетовтің де суреті қамтылған.

Осы жерде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Теміртау металлургия комбинатынан бастап, Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасына дейінгі еңбек жолынан ақпарат алуға болады. КСРО Қара металлургия министрі Иван Казанецтің, 1970 жылдардағы Дінмұхаммед Қонаевтың Қарағанды облысына сапарларымен де танысуға болады.

1960-1970 жылдары КСРО Жоғары кеңесінің төрағасы болған Сабыр Ниязбековтің, Мәскеу қаласында Кремльде өткен бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысқан Қарағанды облысының партия комитетінің мүшелерінің суреттері де назардан тыс қалмаған.

Үшінші – Тәуелсіздік жылдарындағы кезең 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент болып сайланғаннан кейінгі ант беру сәтімен басталады. Осы жерде ант мәтіні де бар. Айта кету керек, қазақстандық мемлекеттік қызметтің даму кезеңдері 3 кезеңге бөлінеді. Яғни, 1992-1997жылдар, 1997-2012 жылдар және 2012 жылдан бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл жерде әр жылдары билік басында болған – Петр Нефедов, Мәжит Есенбаев, Камалтин Мұхамежданов, Нұрлан Нығматулин, Әбілғазы Құсайыновтың, Нұрмұхамед Әбдібековтің суреттері ілінген. Сондай-ақ, Кәрім Мәсімовтің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы Алик Шпекбаевтың облысымызға іс сапарынан мағлұматтар келтірілген.

Сондай-ақ, экспозицияға музей қорында сақталған құнды жәдігерлер – 1970-80 жылдардағы машинка, мемлекеттік қызметте басшылықта болған адамдардың кабинеттеріндегі телефон аппараты, жазба үстелінің құралдары қойылған.

– Мемлекеттік органдардың 20 жылдығы қарсаңында агенттіктің бастамасымен және әкімдіктің қолдауымен мемлекеттік қызмет бұрышын ашуды көздедік. Еліміздің тарихынан ақпарат беретін экспозицияға әзір қолда бар материалдарды орналастырдық. Болашақта құнды дүниелер табылып жатса, экспозицияны толықтыра түсеміз, – дейді Жандос Сәрсенов.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,

 «Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button