Ұлытау

Ұлытау ауданы Қорғасын ауылының әнұранына конкурс жарияланады

Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Шеңбер селолық округінің әкімдігі Қорғасын ауылының (селолық округ орталығы) әнұранына конкурс жариялайды.

Конкурс Қорғасын ауылының тарихын, қазіргі бет-бейнесін, табиғаты мен тұрғындарының болмыс-бітімін дәріптеу, сол өңір перзенттерінің туған жеріне, өскен еліне іңкәрлігі мен құрметін айғақтау, өскелең буын өкілдерінің сүйіспеншілігін ояту және оны кеңінен насихаттау мақсатында өткізіледі.

Конкурсқа кәсіби және әуесқой композиторлар мен ақындар, музыкалық және шығармашылық топтар, сондай-ақ, шығармашылыққа бейімі бар кез келген адам өз жұмыстарын ұсына алады. Қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды.

Конкурсқа әннің мәтіні мен әуені біріктірілген үлгіде (толық дайын күйінде) қабылданады.

Конкурсқа қатысуға ынталы шығармашыл тұлғалар мен топтар алдын ала іріктеу үшін орындалған жұмыстың CD-форматындағы дыбыстық жазбасын 2020 жылдың 30 сәуіріне дейін тапсыруы тиіс. Әнұран мәтіні gimn_korgasyn@mail.ru Электронды поштасына жіберілуі керек.

Ән мәтінінің көлемі А4 форматында 1 беттен аспауы шарт (4-5 шумақ).

Конкурсқа бағытталған туынды бұрын жарияланбаған және орындалмаған болуы, елжандылық, сүйіспеншілік пен мақтаныш идеяларына негізделуі – басты талап.

Қазылар алқасының құрамына Шеңбер селолық округі әкімдігі белгілеген музыка мамандары, танымал ақындар мен ұйымдастыру комитетінің мүшелері кіреді.

Конкурс жеңімпаздарына жалпы сомасы 400 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық (композитор – 250 000 теңге; ақын – 150 000 теңге) және арнайы диплом табысталады. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар тарапынан қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары қарастырылған.

Жұмыстарды қабылдау орны: Жезқазған қаласы, Алашахан даңғылы, 2 үй, 4 пәтер (Мұқаш Сейтқазинов, ұялы телефон: 8 777 572 48 56).

Конкурсқа қатысты туындаған сауалдар бойынша 8 777 300 49 94 ұялы телефон номеріне (Ахат Құрмансейітов) хабарласуға болады.

Әнұранның тұсаукесері мен марапаттау рәсімі дәстүрлі «Көкмайса» этнофестивалі бағдарламасы аясында 2020 жылдың 9 мамыры күні Қорғасын ауылында өткізіледі.

Басқа материалдар

Back to top button