Кәсіпкер ізгілігі

Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты, жеке кәсіпкер Қайрат БАЛМАҒАМБЕТОВ – көпшілікке қайырымдылығымен танылған азамат. Ол таяуда тағы бір игі істің ұйтқысы болды.

Қаңтардың соңғы күні «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының қоғамдық қабылдауына келген Светлана Лоза есімді қала тұрғыны 73 жастағы атасы Борис Пучининнің бұдан бір жыл бұрын инсульт алғаннан кейін өз бетімен жүруі қиындап қалғанын, тіпті, үй ішінде қозғалуы мұңға айналғанын, кезекте тұрғанымен арнаулы арба алудың ауылы алыс екенін айтып, көмек сұраған. Сатып алуға қалтасы көтермейді екен.

Сол күні сайлаушылар сенімін арқалаған кәсіпкер азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап отырған еді. Қайырымдылық қайырлы іс екенін қашанда қаперінен шығармайтын ол шешімді табан астында қабылдап, өз қаржысына мүгедектерге арналған әмбебап арба сатып алып беруге бел буды. Мәселе бір аптада шешілді.

Қоғамда жақсылықтың жаршысына айналар қайырымды жандардың қатары арта түсуі көңілге қуаныш ұялатады. Өзгенің мұңын жүрегімен қабылдап, ізгілік шуағын шашуға ықылас танытып жүрген кәсіпкердің осынау әрекеті мүмкіндігі мол азаматтарға ой салары, әрине, күмәнсіз жайт.

Әлібек ӘБДІРАШ