Генаның айқасы – әлем назарында

Ертең «WBC», «WBA» және «IBO» нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, жерлесіміз Геннадий ГОЛОВКИН мексикалық Сауль АЛЬВАРЕСПЕН екінші жекпе-жегін өткізеді.

«Көптен күткен – ұлы той» демекші, қос боксшының қолғап түйістірер сәтіне небары бір күн қалды. Головкин-Альварес жекпе-жегін күткен көрерменнің көңілі әлі толқулы. Бұйыртса, «Гена, алға!» деген ұрандар 16 қыркүйек күні таңертең Қазақстан және одан тыс аймақтарда айтылатын болады. Қазірдің өзінде қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге жанкүйерлер жер-жерде қолдау білдіруде. Жуырда Головкиннің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен видеосы жарияланды.

– Cені қыркүйекте өте маңызды кездесу күтіп тұр. Барлық қазақстандықтың атынан саған сәттілік тілеймін. Қазақстандықтар сенің барлық жекпе-жегіңді мұқият қарайды. Біз сені мақтан тұтамыз. Бұл жастар үшін және тәрбие көрсету үшін өте маңызды, – деді Елбасы Президенттің телерадиокешені жариялаған видеода. «Менің ісім жеңу, қалғанын сіздің қолыңызға тапсырдым», – деп күлді Гена. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Головкинге «Қазақстан Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың» орденін табыстады. Бүгінде ел мақтанышы Гена ЛасВегасқа ұшып барды. Лас-Вегас кімді қонақ еткенін білетін болуы тиіс. Былғары қолғап шеберлері «T-Mobile» аренасына қайта оралады.

Сондай-ақ, «Golden Boy Promotions» промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гомес Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің екінші жекпе-жегінің HBO телеарнасындағы ақылы көрсетілімінің құны қанша екенін ресми жариялады. Онда америкалық әр жанкүйер осы жекпе-жекті тамашалау үшін 84,95 доллар (32 575 тг.) төлейтіндігі айтылған.

Ал, Қазақстанда жекпе-жекті «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары көрсетеді. Кездесу Қазақстан уақытымен таңғы сағат 6-да басталады. Сонымен қатар, қарағандылықтар қос боксшының реваншын қала көшелеріндегі ЛЭДэкрандардан тамашалайтын болады. Айта кетейік, Лас-Вегастың «T-Mobile» аренасында өтетін бокс кешінің PPV картасына басты айқастан тыс, Давид Лемье – Гэри О’Салливан, Хайме Мунгия – Брэндон Кук және Роман Гонсалес – Мойзес Фуэнтес жекпе-жектері де енген.

 Өз тілшімізден.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.