Форумға қатысушы командалар 1 миллион теңге алды

Байырғы Балқаш бойындағы «Бектау-Ата» шатқалында орналасқан «Алау» балалар сауықтыру лагерінде 7-9 маусымда туристік-өлкелік экспедициялық жасақтардың «Менің отаным — Қазақстан» атты облыстық жиын өтті.

Оған ұйытқы болған облыстық білім басқармасы, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, білім беруді дамытудың облыстық оқу-әдістемелік орталығы, «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығы, облыстық туристік клуб.
Бұдан бес жыл бұрын «Ашық әлем. Жас турист. Жас зерттеуші» жастар бағдарламасы қабылданғаны белгілі.
Биыл қаңтарда ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» бөліміндегі «Өлкетану» бағытында облыстық базалық жоба тізіміне қосылғанын айта кеткен артық болмас.
90 жылдық тарихы бар Ақтоғай ауданы демеушілік жасаған бұл алқалы басқосуға Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Саран, Шахтинск, Қаражал, Приозерск қаласынан, Бұқар жырау, Осакаров, Қарқаралы, Жаңаарқа, Абай, Шет, Нұра, Ұлытау, Ақтоғай аудандарынан және облыстық «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатынан 152 баладан жасақталған 19 команда қатысты.

Жиын өтетін жердің жай-жапсарымен танысқан командалар сап түзеу салтанатынан кейін көпке созбай сайысты бастап та жіберді. «Өзін-өзі таныстыру» мен «Біз — туристпіз» театрландырылған қойылымы кезінде, «Үздік мектеп басылымы» және «Аймақтың тарихи орындарына саяхат» атты ғылыми-зерттеу жобасын қорғау кезінде балалар бойында тапқырлық пен талпыныс тамырласып жатты.
Бірден айта кетейік, ғылыми-зерттеу жобасын қорғау қалған екі күнде де қызықты өтті. «Мектеп мақтанышы — жаңа есім», «Туризмдегі PR», «Алтын аймағым», «Экология әлемінде» атты жобаны жайбарақат тамашалау мүмкін емес еді. Туған жер мен Атамекенге деген мақтаныш әрі сүйіспеншілік сезімі айтылған әр сөзден аңғарылып тұрды.
Алғашқы күні «Достық» алауы айналасында өткен «Бардтық ән» байқауына туған жер тақырыбы темірқазық болып қағылды. Түннің тамаша тыныштығын алабұртқан жүзін алқызыл алаудың арайлы сәулесі аймалаған бала шырқаған әсем әннің әсерлі әуені тербеп тұрды.
Келесі күн спорттық-туристік бағытта ұйымдастырылған жарыспен есте қалды. Командалар шатыр тігуден, алау жағудан, жіпті күрмеп байлаудан, жолдорба жинаудан, құзға шығудан, кедергілер алабынан өтуден, велосипед тебуден, алғашқы дәрігерлік жәрдем жасаудан шеберлік сынасты. Сосын бәрі шатқалға үш сағаттық саяхатқа аттанды.
Жиынды қорытындылар сәтте Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова, білім беруді дамытудың облыстық оқу-әдістемелік
орталығының директоры Гүлсім Қожахметова, профессор, техника ғылымдарының кандидаты, білім беру саласының ардагері Сәбит Қонтаев, облыстық туристік клуб директоры Сергей Кистанов балалармен кездесіп, олар қойған сұраққа жауап берді.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың атынан әр командаға зияткерлік ойындар кабинетін алу үшін 1 000 000 теңгелік сертификаты тапсырылды.
Үш күнге ұласқан бұл басқосу жас ұланды отансүйгіштікке тәрбиелеу, азаматтық көзқарасын қалыптастыру, туған өлкенің тарихын зерттеуді насихаттау, салауатты өмір салтына үндеу, мазмұнды демалыс ұйымдастыруға үйрету тұрғысындағы алға қойған мақсатына толық жетті.
Балалар және жасөспірімдер туризмі мен өлкетанудың өрістеуіне, білім ошағында туристік қызметтің жандануына ықпал ететін мұндай игі шара келесі жылы ұлт ұясы —Ұлытауда өтеді.
Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.