Жаңалықтар

Баспана бағасында қандай өзгеріс

«Баспана бағасы олай өзгеретін көрінеді, былай өзгеретін көрінеді» деп өзінше болжам жасаушылар көп. Әсіресе, «7 – 20 – 25» бағдарламасын құлақ шалғалы бері. Ел елең етпей қайтсін? Себебі, бұл мәселе бұқараның бас сақинасына айналғаны қашан?

Әрине, топталып, тон пішкеннен гөрі, ресми дерекке сүйенген дұрыс-ау. Нақты қандай өзгерістер орын алатынын дөп басып айта алмасақ та, жергілікті атқарушы биліктің жоспарын негізге алып. Мәселен, облыстың экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының мәліметінше, Ұлттық банк ипотекалық несиелерді қаржыландыратын еншілес компания құруда. Ол алдағы шілде айынан бастап жұмыс істейді. Осылайша, Президент ұсынған бірінші бастама – әрбір отбасына баспаналы болуға мүмкіндік ашады дегенді алға тартады ресми дерек көздері.

Мейлі, осы тұста ипотекалық несиенің пайыздық үстемақысы жеңілдетілгенімен, жоғарыда біз сөз еткен тұрғын үй бағасы шарықтап кетпей ме деген сауал көлденеңдейді алдымыздан. Облыс басшылығы мұны да ескерген. Яғни, бағдарлама аясында саудаланатын тұрғын үйлер бағасының шегі белгіленеді. Жобамен, біздің аймақ үшін бұл көрсеткіш 15 миллион теңгеден аспауы тиіс. «Мұндай қадам баспана бағасының шарықтап кетуіне жол бермейді» деп сендіреді жергілікті билік өкілдері.
Сондай-ақ, аталған бағдарламаның нормалары бекітілген тұста «Нұрлы жер»
мемлекеттік бағдарламасының аясы кеңи түседі деген болжам бар. Бұған халықтың баспанаға сұранысы негіз. Өткен жылдың өзінде-ақ облыс бойынша жекеменшік құрылысшылар есебінен 91,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл – былтыр салынған баспаналардың 24,5%-ы.
Биыл да осы санаттағы 17 жоба мақұлданып, 250 мың шаршы метр тұрғын үй салынады деп күтілуде.
Жалпы, «7 – 20 – 25» бағдарламасы биыл коммерциялық тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткішін 10%-ға арттырса, алдағы жылы бұл көрсеткіш 20%-ға жетпек. Біз осы тұста сарапшылардың Қарағандыдағы баспана бағасының қазіргі жағдайы туралы пікіріне де көз жүгіртіп көрдік. Мысалы, 14-20 мамыр аралығында облыс орталығында саудаға шығарылған тұрғын үйлердің әр шаршы метрі, орта есеппен, 193 мың теңгені құраған. Ең қымбатының шаршы метрі – 241 мың теңге болса, әр шаршы метр үшін ең төменгі баға – 149 мың теңге.
«Кн.кз» сайты мәлімдегендей, өткен аймен салыстырғанда, Қарағандыдағы тұрғын үй бағасы арзандаған. Ал, аталған мерзім аралығында баспананы жалға беру құны 8%-ға қымбаттап, орта есеппен айына 88 100 теңгені құраған. Жалға берілетін пәтерлердің негізгі дені қалаға тиесілі (61%) болса, 22%-ын – «Оңтүстік-Шығыстағы» және әрқайсысы 8%-дан «Михайловка» мен «Майқұдықтағы» пәтерлер құраған. Бұл ретте, жалға берілетін пәтерлердің ай сайынғы төлемақысы 56 мың теңгеден басталып, 130 мың теңгеге дейін жетеді екен.
Айтпақшы, күні кеше ғана «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары өздерінің депозиттерін үшінші тұлғаға сата алады деген хабар таратты.
Сатылымға жинақ мерзіміне кем дегенде 1 жыл болған депозиттер ғана шығарылады. Бұған қоса, шотты, тек, бір рет қана сатуға болады. 

– Жыл басынан бері 83 000-нан астам қазақстандық «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» шот ашты. Бұл азаматтар тұрақты түрде қаражат салып отырып, кемі үш жылды құрауы тиіс мерзім мен 16-ға жеткізуді қажет ететін бағалау көрсеткішіне қатысты банк талаптарын орындаған жағдайда, 5% мөлшерлемемен тұрғын үй займын ала алады. Банкте тұрғын үй займын алуға уақыты жетіп қалған, бірақ, белгілі бір жағдайларға байланысты келісім-шартты бұзып, жинаған қаражатын қайтарып алуды шешкен клиенттер бар. Бұл жағдайда олар біздің жаңа қызметімізді, яғни, депозиттерге иелік ету құқығын үшінші тарапқа онлайн жолмен беру әдісін қолдана алады.
Себебі, жинақ мерзімі ұзақ және сомасы бар шотты сатып аламын дейтін жандардың да қатары көп. Олар ұзақ күтпей-ақ, аз уақыттың ішінде төмен пайызбен тұрғын үй займын
ресімдей алатын болады, – деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Мұндай жаңа сервис барынша айқын, ашық және анонимді түрде жүзеге асады.
Мысалға, депозит сатушы «ЖССБ 24» интернет-банкингінде шотын сатылымға шығаратыны туралы хабарландыру жариялап, бастапқы бағаны көрсетеді. Ол сатылатын шоттағы барлық жинақтың жалпы сомасының 20%-нан аспауы тиіс. Яғни, банк клиентінің салымында 1 миллион теңге жиналса, ол депозит үшін 1 200 000 теңгеден аспайтын бастапқы бағаны белгілейді. Депозитті сатып алуға ниетті адам саудаға қатысу үшін онлайн-төлемнің көмегімен 20 мың теңге көлеміндегі кепілдік жарнасын төлейді. Осыдан кейін өзіне қолайлы хабарландыруды таңдап, депозитті сатып аламын деген бағасын көрсетіп, өтініш жібереді.
Байқап отырсақ, жекеменшік үлесіндегі тұрғын үй құны сұранысқа байланысты өзгеріп отырса керек. Бастысы, баспана мәселесін шешу және бағаны құрықтау үшін мемлекет тарапынан ауқымды жобалар қолға алынуда. Халықтың игілігіне жол тартатын «7 – 20 – 25» бағдарламасы – соның айғағы. 

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button