Қазыбек бимен ретро-сұхбат

Сұхбат алдындағы сыр:  Ұшы-қиыры жоқ Қазақия даласында Қаз дауысты  биді білмейтін, оның алмастай өткір сөздерінен сусындамаған, қазақ баласы болмаса керек.  Ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, Төле би, Әйтеке билермен қатар иық тіресе жүріп халыққа қалтықсыз қызмет еткен от ауызды орақ тілді бабамыз жайлы қанша айтсақ та көп емес.  Қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Орта жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі мұндай сый-құрметке әбден лайық. Біз бүгін абыз әрі кемеңгер бабамыздың жүріп өткен өмір жолы мен артына қалдырған ұлағатты мұрасына шамамыз келгенше бойлауға тырыстық.  Сырдария жағалауындағы ауылда туып, жастық шағын Қаратау, Ұлытау атырабында өткізген екен. Қазақ шежіре деректері бойынша, Қазыбек Арғынның Қаракесек (Болатқожа) руынан. Сол Қаракесектің бір атасынан Бұлбұл, одан Шаншар туады. Бұларда оқыған, тоқығаны көп, ақылгөй абыз, шешен би көп өткен деседі.

Данышпан бабамыздан ретро-сұхбат алуды жөн деп шештік. Сұрақтарымызға жауапты бабамыз жайлы деректер  мен ұрпағына қалдырған найзағайдай өткір сөздерінен іздеуге талпындық. Ал кеттік, ендеше…

 

Қазыбек баба, туған жеріңіз бен ата-тегіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз?

— Атым Қазыбек, әкем Келдібек, халқым қазақ, руым Қаракесек.

Хан да қара да, алып та анадан туары һақ. Анаңыз жайлы қысқаша айтсаңыз?

Әкем Келдібек кезінде аузына ел қаратқан белгілі шешен, би бопты. Ол отыз жасқа келгенше үйленбей жүріп алыпты. Оның себебін ел былай аңыз етеді: Бұлбұл бабасы түсінде — сен қатын алмайсың, ешбір әйелге көзіңді салмайсың. Алатын әйелің мынадай болады: ұзын бойлы сары қыз, оң аяғы ақсақ, оң жақ құлағының түбінде танадай меңі, екі емшегінің арасында алақандай қалы болады. Сен соған үйлен — депті. Айтқанындай Келдібек сол қызға кеш жөнекей кездесіп, танысады. Ол қыздың аты Тоқмейіл екен. Айттырып алмақ боп жүргенде әке-шешесі:

— Балам-ау, басқа сұлу қыздар тұрғанда, өзі түсі келмеген қыз екен, уәделескен құда, жегжаттарды қайтеміз? — дегенде, Келдібек:

«Қаймағын піскен сүттің алдым қалқып, Аяғы ақсақ болғанмен, ақылы артық. Көзі қыли, сөзі мен ісі түзу. Сөйлескеннен өн бойым кетті балқып», — депті. Тағы бірде құрбы-құрдастары Келдібектің үйінде отырып, оны кекетіп, келемежге  айналдыра беріпті. Сонда жаңа түскен жас келіншек әдеппен сыпайы ғана:

«Көзім қыли, жасырмаймын, ақсақпын. Келдікеңмен сондай тату жақсы-ақпын. Татулықтың белгісіндей тамаша, Төрт Бошанды билейтін ұл таппақпын», — дегенде, әлгілер «бұл тегін адам емес екен, қалжыңды қояйық» десіпті. Айтқанындай-ақ, Тоқмейіл анадан мен дүниеге келгенмін.  Сол Тоқмейілден менен бөлек Сәдімбек, Асан, Балапан, Үсен, Бөдене деген алты ұл туады. Бұларды ел «ақсақтың алтауы» деп атап кетеді. Мен туғанда анам:

«Айналып-толғанып өсірсем,

Ақ сүтімді кешірсем,

Адалдан болар нәсібің.

Тіліңнен болар кәсібің», — деген екен. Анамның ниетін Алла қабыл қылған екен..

Уызына жарыған тектіден туған тұқымсыз, ұрпақтың азуы жайлы не айтар едіңіз?

Жетімдік көрсе қыз азады,

Жаугершілік кезде ер азады,

Көшершілік кезде түйе азады,

Ермен бірге ел азады,

Көктемде бие азады,

Тағындағы хан азады. 

Жалпы біз қазақ қандай елміз?

Біз — қазақ деген қырда қой баққан елміз,

Жүйрік жаратып, қымызға бие байлатқан елміз.

Дәм-тұзды ақтай білген, Достықты сақтай білген,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз!

 Төрімізден құт-береке қашпасын деп,

 Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Туырлыққа — ту іліп, Қыннан қылыш суырып,

 Көк найзаның ұшына күдері таққан елміз!

Дұшпанға еш бас ұрмаған елміз,

Басымыздан сөз асырмаған елміз!

Асқақтаған хан болса, Сөз ұқпайтын паң болса,

Қанға — қан, жанға — жан алатынымызды жасырмаған елміз!

Атадан ұл туғанда — құл боламын деп тумайды,

Анадан қыз туғанда — күң боламын деп тумайды.

Ұл менен қыздықаматып, Намысқа шашпай түн қатып,

Көз жұмып текке отыра алмайтын елміз!

Болар бала кім, солар бала кім?

Бір бала бар  — атаға жете туады,

Бір бала бар  — атадан өте туады,

Бір бала бар – кері кете туады»

Жақсы мен жаман жайлы да өз айтарыңыз бар болар, сірә?

 Балаң жаман болса,

Көрінгеннің мазағы емес пе!

Атың жаман болса,

Шыбын жанның азабы емес пе!

Қатын жаман болса,

Бұл жалғанның тозағы емес пе!

Туған балаң жақсы болса,

Тән мен жанның шырағы емес пе!

Мінген атың жақсы болса,

Бұл дүниенің пырағы емес пе!

Алған жарың жақсы болса,

Жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе!

 Сұхбатаралық сарын:  Шешендік – қазақ қоғамының бейбіт тынысының тамыршысы іспетті десек қателеспейміз. Ол жөнінде ұлы ғалым А.Байтұрсынов:

«Әділ билердің қолында билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді» — деп баға берген болатын. Олай болса, қазақ тілінің бірыңғай халық тілі болып қалыптасуына, қазақ ауыз әдебиетінің дамуына үлес қосқан өнер иелерінің бір тобы –ақындар болса, екінші тобы –  шешендер. Сондай шешендердің бірі –  Қаз дауысты Қазыбектің есімі Қазақ пен қалмақ арасындағы шапқыншылық кезінде екі елдің арасына бітімші, бүтінші болған батыл елші, парасатты мәмлегер ретінде мөлім. Халық аңызына қарағанда, Қазыбек 13 жасында Тайкелтір би бастаған қазақ елшілерінің құрамында қалмақ ханы Қонтажыға барып, батылдығымен, әрі сөзге шешендігімен ерекше көзге түскен. Қазыбектің табандылығы мен тапқырлығының арқасында ғана қазақ елшілері тендікке жетіп, қалмақ шапқыншылары байлап әкеткен адамдарын, айдап әкеткен малдарын қайырып, алып қайтады. Сол жолы Қазыбек «Қаз дауысты» деген лақап атаққа ие болады. Қаз дауысты Қазыбектің бұл елшілік еңбегін Шоқан Уәлиханов та ілтипатпен атайды. ұлттық ұғымымыздағы шешендік өнердің қалыптасуы, би-шешен атанудың басты шарттары жөнінде, сонау, ХІХ ғасырдың өзінде-ақ ұлы ғалым Шоқан былайша толғанған болатын:

«Би атағын беру қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған үкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес;  тек салт-ғұрыптарына әбден жетік, сонымен қатар тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болып отырған. Мұндай би атағын алу үшін би болам деген қазақ өзінің заң  ісіне жетіктігі және шешендік қабілеті бар екендігін халық алдында сан рет көрсетуге тиіс болған. Ондай адамдардың атағы бүкіл қазақ даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бәріне тәлім болып отырған. Сонымен, бұл би деген атақ келіп билік айтуға және төрелік сөз сөйлеуге патент сияқты нәрсеге айналған».

Дүниеде не қиын?

Арадан шыққан жау қиын,

Таусылмайтын дау қиын.

Шанышқылаған сөз қиын,

Жазылмаса дерт қиын,

Іске аспаған серт қиын,

Ақылыңнан адасып,

Өзің түскен өрт қиын!

Не қымбат және кім қымбат?

«Алтын ұяң — отаның қымбат,

Қүт береке — атаң қымбат,

Мейірімді анаң қымбат,  

Асқар тауың, — әкең қымбат,    

Туып өскен елің қымбат,           

Кіндік кескен жерің қымбат,           

Ұят пен ар қымбат,

Өзің сүйген жар қымбат».

Бірден онға дейінгі сандардың мағынасын қалай ашып берер едіңіз?

— Бір дегеніңіз -бірлігі кеткен ел жаман.

— Екі дегеніңіз -егесіп өткен ер жаман.

— Үш дегеніңіз -үш бунақты шідерден шошынар ат жаман.

— Төрт дегеніңіз — білікті адамнан белгілі бала тумаған жаман.

— Алты дегеніңіз — аймағын билей алмаған кісі жаман.

— Жеті дегеніңіз — жетем деген мақсатына жете алмаған жаман.

— Сегіз дегеніңіз — серкесіз бастаған қой жаман.

— Тоғыз дегеніңіз -толғанғаныңыз.

— Он дегеніңіз -өткеніңіз, о дүниеге жеткеніңіз.

Ердің – ерден несі артық?

Атадан жақсы ұл туса — елінің зары болады,

Атадан жаман ұл туса — адам біткеннің қоры болады.

Ерден ердің несі артық — ептестірген сөзі артық,

Жерден жердің несі артық — бір-екі уыс шөбі артық.

Бірлігі кеткен ел жаман, егесіп өткен ер жаман.

Ашу дұшпан – ақыл дос.

Тілекті – білек жеңбес,

Жүрекке – әмір жүрмес.

Ауыздан шыққан сөз атылған оқпен бірдей.

Сұхбат соңындағы түйін: Біз қазақ — бір ауыз сөзге тоқтаған елміз. Сол киелі сөздің қадір-қасиетін түсінетін жандар барда Қазыбек би сияқты от жүректі шешеннің ұмытылуы әсте мүмкін емес. Дегенмен, отты сөздің қызуын ұрпағы жанына жақын тұтса ғана өміршең болады. Қазыбек бабамыздың атында қаламызда аудан және еңселі ескерткіші бар. Еліміздің басқа аймақтарында да Қазыбек би атындағы көшелер мен ескерткіштер көз қуантады. Бұл ұрпағының бабасына көрсеткен сый-құрметі. Алдағы уақытта да, Би баба мұралары терең зерделеніп, көбірек айтылып, жас ұрпаққа насихатталса құба-құп болмақ.

Жәлел Шалқар