Жаңалықтар

Қарағандылық педагогтар – жеңімпаз!

Астананың ЭКСПО аумағындағы «Хол-энерги» алаңында Мұғалімдер күніне орай өткен салтанатты шарада ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ ұстаздарды төл мерекесімен құттықтады. Министр марапаттаған 2 405 000 теңгенің иегерлері және «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары қатарында қарағандылық ұстаздар бар.

Олар – Қарағандыдағы № 1 «Білім-инновация» лицей-интернатының химия пәнінің мұғалімі Абылай Саматов және қалалық № 92 гимназияның биология пәні мұғалімі Құндыз Балапанова.

Министрдің қолынан марапат алған жерлестерімізге Алғыс хат пен ақшалай сыйақы табыс етілді.

«Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы Абылай Саматов лицейде 2011 жылдан жұмыс істей бастады. Бүгінде Абылай жаңартылған білім бағдарламасы бойынша 8-сыныптарға арналған оқу-әдістемелік құралдарының авторы. Сондай-ақ, CLIL ( Пән мен тілді кіріктіріп оқыту әдістемесі) методикасының тренері. Оқушылардың пәндерге қызығушылығын арттырып, екінші не үшінші (қазақ, орыс не ағылшын) тілде оқытумен айналысады. Оған қоса, химия пәнінен халықаралық Олимпиадаларда бірнеше жүлделі орындар иеленген оқушылардың жетекшісі.

–Қаражаттың көп бөлігін қайырымдылық шарасына жұмсаймын. Қалғанын отбасыма, ата-анама беремін. Сосын оқушылармен бірге олимпиадаға дайындалып, жабалар ойлап тауып, серуендер ұйымдастыратын шығармыз, – дейді Абылай.

Ал, қалалық № 92 гимназияның биология пәнінің мұғалімі Құндыз Балапанова республикада орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде биология және жаратылыстану пәндерінің мұғалімдерін біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша тренер. «Биология пәнінен 8-сыныпқа арналған модульдік оқыту технологиясы бойынша әдістемелік құрал», «Биология кесте және сызбаларда. Жануарлар», «Биология кесте және сызбаларда. Адам денсаулығы» оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Сондай-ақ, халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанып, облыстың намысын қорғап жүрген оқушылардың жетекшісі.

Еңбегіме лайық алған алғысқа, марапатқа қуаныштымын. Ұстаздардың еңбегі бағаланып, еліміздің үздік мұғалімдері атанып жатса, бұл – педагогке берілген лайықты баға. Әзірге қаражатты қайда жұмсауды ойлаған жоқпын, – дейді Құндыз Серікқызы.

Айта кеткен жөн, биыл республикалық байқаудың аудандық және қалалық турларына 3 864, облыстық турларға 710 педагог қатысқан. «2018 жылдың үздік педагогы» атағын тағайындау бойынша республикалық комиссияның қарауына 147 құжат, оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім педагогтарынан 109 құжат, техникалық және кәсіптік білім саласынан 38 құжат келіп түскен. Нәтижесінде 48 орта мектеп мұғалімі және 16 колледж оқытушысы жеңімпаз атанды.

Аяулым СОВЕТ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button