Жаңалықтар

Адалдық – алдыңғы орында

Сейсенбіде Жандос СӘРСЕНОВТІҢ төрағалығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.

Алдымен, кеңес мүшесі, «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова баяндама жасады. Өз кезегінде, ол мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама бұзылуы және мемлекеттік қызметшілермен қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алу тұрғысында атқарылған жұмысты тілге тиек етті.

– Биыл аталған мәселе бойынша көшпелі семинар өтіп, соған қатысқанымды айта кеткім келеді. Шара барысында бұзушылықтардың алдын алу бойынша жергілікті атқарушы органдармен жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижелері талданды. Сонымен қатар, түсіндірме жұмысы да жүргізіліп, түйткілді мәселелер бойынша сұрақтарға жауап берілді. Бұдан бөлек, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал, Приозерск қалалары мен Шет, Ұлытау, Қарқаралы аудандарына жасалған сапар барысында мемлекеттік қызметтердің сапасы қадағаланды. Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында «Нұр Отан» партиясы өкілдерімен бірлесе отырып азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды, – деді Қадиша Оспанова.

Кеңес отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тұрғысында Теміртау қаласында атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Өткен 9 ай көлемінде жүргізілген жұмыстар жөнінде қала әкімі Ғалым Әшімов баяндады.

 – Теміртау қаласында ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңдарын жүзеге асыруға бағытталған мақсатты жұмыс жүргізілуде. Өздеріңіз білетіндей, қала әкімінің 2015 жылғы 10 тамыздағы №48 өкімімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған болатын. Комиссия бекітілген жұмыс ережесі мен жоспары негізінде жұмыс істейді. Биыл осы бағыттағы 3 жиын өткізілді. Нәтижесінде нақты ұсыныстар қабылданып, тиісті тапсырмалар берілді. Бұл ретте, Теміртауда мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаларды сақтау қатаң бақылауға алынғанын айрықша айта кеткім келеді. Осы бағыттағы жұмыс әлі де жалғаса беретін болады, – деді Ғалым Әшімов.

Сондай-ақ, кеңес отырысы барысында өзге де маңызды мәселелер тілге тиек етіліп, мемлекеттік қызметкерлердің әдеп нормаларын бұзуына қатысты шаралар қабылданды.

 – Өздеріңіз жақсы білетіндей, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері қызметінің ауқымы кеңейді. Енді, кеңес отырысына қатысудан бөлек, аудандар мен қалаларға жұмыс сапарын жүргізіп, түрлі түсіндіру, бақылау жұмыстарын атқарады. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысы күшейтілмек, – деді Жандос Сәрсенов.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button