«АҚБАС АТАН» атанған ер Сеңгірбай

«Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында. Иә, тарихты таза сақтауымыз керек. Оған бар-жоқты тықпалап, қоқысқа айналдыруға саналы түрде тыйым салуға тиіспіз. Сондай-ақ, Елбасының ұлт тарихына қатысты байсалды көзқарасы мен баянды бастамалары арқылы төл тарихымыздың қоржыны айтулы тұлғалармен, тың деректермен толыққанын орасан олжа санаумыз керек деп ойлаймын. Мемлекет басшысының идеясымен өмірге келген «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламалары негізінде ұлт тарихын зерттеу мәселелері түбегейлі жүйеленіп, бүгінгі таңда өз жемісін беріп отыр.

«Алтайдың «Ақбас Атан» ер Сеңгірбай-Бек батыры» атанған (тарихи тұлға туралы нақты деректер Ілияс Есенберлиннің 6 томдық жинағының 2-ші кітабында «Жанталас» шығармасында (518-519 беттер) дәлелді баяндалған) бабамыз туралы ел аузында жиі айтылып, әдебиет беттерінде жүйелі жазылып жүргенімен, осы тұлғаның рухын ұрпақ жадында жаңғырту мәселесі кешеуілдеп келе жатқанын жасыра алмаймыз.

Сонымен, Сеңгірбай-Бек кім? Біз бабаның өмір жолы мен ерлік істері туралы көлемді мақала жазып, әдеби бейнесін жасауды кейінге қалдыра тұрып, ол кісі туралы нақты тарихи деректерді сөйлету арқылы баһадүр бабаның тарихтағы орнын айқындап алуды мақсат тұттық.

Сеңгірбай Малқараұлы (XVIII ғасырда) қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, бірінші Үлкен Желтаудың бөктеріндегі Сеңгір өзенінің бойында дүниеге келеді. Баба есімінің Сеңгірбай аталуы да осы Сеңгір өзені бойында туғандығымен байланысты. Жалпы, Сарыарқада бектер мен бекзадалардың атамекені ретінде танымал әйгілі бес тау бар. Олар – Желтау (бірінші, екінші), Қылтау, Ортау, Ақтау, Бестау (бұл Бестау – қазіргі Қаражал қаласы орналасқан жерде). Ал, Желтаудың өзі Үлкен және Кіші Желтау болып екіге жіктеледі. Үлкен Желтау – Ақтоғай ауданы, Сарытерек аулының аумағында. Осы бірінші Үлкен Желтаудың арғы беті мен бергі бөктері «Сеңгірбай басы» деп аталады. Себебі, бабамыздың кіндік қаны тамған және орда тіккен жері – осы Үлкен Желтау. Сонымен қатар, осы Ақтоғай ауданындағы «Бір қыстақ» деп аталатын бөлімшені жергілікті халық «Сеңгірбай қыстағы» деп те атайды.

Ал, енді, Сеңгірбай-Бек батырды тарихи тұлға ретінде тануымызға негіз болатын құнды деректерге кезек берелік.

1722 жылы Қытай билеушісі ХансиХай қайтыс (қытайша Юнь-Чжен) қайтыс болады, таққа Цзянь Лун отырады. Бұл әмірші тарихта «Қытайдың Боғды ханы» атанған. Осы Боғды ханға арқа сүйеген жоңғардың Сыбан ханы еліріп, қазақ жеріне дүркін-дүркін жорық жасайды. Жоғардың Дауыл атты батырын алдырып, өздерінше жоспар да құрған. Ондағы мақсаттары: -– «Екінші Мекке» атанған Түркістанды қолға қаратып, Жетісу, Шу, Қаратау өңірлерін жаулап алу. Ел шетіне әскерін төгіп жіберген Дауыл батыр қазақ батырларынан тегеурінді қарсылыққа тап боламын деп ойлаған жоқ. Жоңғар әскеріне қарсы қазақтың Жұма батыры 40 мың қолмен қарсы аттанған екен. Бұл хабарды естіген Тама Сеңгірбай-Бек батыр да Арқа жерінен қазақтың жаужүрек батырларын жедел жинап, Жұма батырға көмекке аттанған екен. Жанталасқан ұрыстың үстіне түскен Сеңгірбай-Бек Жұма батырдың жан алысып-жан берісіп жатқанын көріп, бірден ұрысқа кіреді. Жоңғардың Дауыл батырына қарсы атылған ол жау жағының бас қолбасшысының басын кесіп, туын жығады. Төтеннен келіп қосылып, жауды тұқыртып жіберген батырдың қимылы мен өжеттігіне риза болған Жұма батыр:

Һас батырдың баласы,

Қан майданда табысады.

Қас жаманның баласы,

Айдалада қағысады, деген. Сен бала, жөніңді айтшы, – деп сұраған екен. Сонда Сеңгірбай:

– Арғы атамды сұрасаңыз – әйгілі Ақша батырдан туған Малқара. Өзімнің атым – Сеңгірбай. Көп Арғынның ішіндегі «Қарабура» ұранды Тамамын, – дейді. Сөйтіп, екі батыр қансіңді далада қауышып, құшақтасып табысқан екен.

Ал, бас батырының басы кесілген жоңғар әскері бас сауғалап, кері қашады. Жартысы Балқаш, Ақтау, Бестауға қарай жөңкіледі.

Сеңгірбай бабаның Жұма батырға өзін таныстырғандағы сөзіне сүйенсек, әкесі Малқара да батыр болғандығына көз жеткіземіз. Әкелі-балалы Малқара батыр мен Сеңгірбай-Бек 1727 жылы «Бұланты», «Аңырақай» шайқастарында ғажап ерлік көрсеткен даңқты батырлар болған. «Бұланты» шайқасы қазіргі Жаңаарқа ауданы, Ш.Ералиев атындағы ауылдық округ аумағындағы «Жомарт» теміржол станциясының түстік бағытына қарай «Таңбалы тас» деген жерде өткенін ел жақсы біледі. Қазақтың ұлы ханы Абылай жалпы өз заманындағы жаугершілік тұсында Тама батырларынан қол үзбеген. Оның себебі, Тама батырлары – 27 атаға дейін билік құрған жауынгерлік шежіре. Сондықтан да, Тама тайпасы Кіші жүздің «Ноқта ағасы» атанған.

Тама – ежелгі түркі тайпасы. Әлгі 27 атаға дейін қол бастап, билік құруының шежіресі Тамалардың ежелгі сақ, ғұндармен тетелес дәуірде ғұмыр кешкендігін дәлелдейді. Ежелгі сақ, ғұн тайпаларының тарихын зерделеу барысында мен мына бір құнды деректерге кездестім. Тама – түркі тілдес сақ тайпасы. Сақ тайпасының шығыс бөлігі – ғұндар. «Ғұн» сөзінің мағынасы – күн. Яғни, ежелгі ғұн тайпасының күн таңбалы болуы да (таңбасы «О» дөңгелек) осы атауларымен байланысты болса керек. Ал, сақ тайпасынан солтүстіктегі түркі тілдес Тамалар (біздер) және оңтүстіктегі Иран тілдес Тамалар болып жіктелуі де тың ойларға жетелейді. Иранда Тама деген қала бар. Ендеше, Тамалардың қол бастап, билік құруы сонау көне дәуірлерден басталатыны ақиқатқа жақындай түседі. Сонымен қатар, әйгілі ғұн билеушісі (б.э.д ІІ-ІІІ ғасырлар) Мөде қағанның әкесі Тума (кейбір деректерде Тұман болып жазылып жүр) тәңірқұттың есімі этимологиялық өзгерістерге ұшыраған «Тама» сөзі болуы мүмкін. Мүмкін емес-ау, өз пікірім осы топшылауды нақтылайды.

Жалпы, тарихта аты қалған Тама батырлары аз емес. Олардың көбінің есімдерімен Арқа төсіндегі жер-су аттарының аталуы ұрпақтары үшін мақтаныш сезімін тудырады. Мәселен, Арқа атырабында біз сөз етіп отырған Сеңгірбай батырдан бастап, Арғынбай, Маралбай, Бөрі, Итемген, Айшырақ, Жаншырақ, Қылыш әулие (Қылыш қарасуы), Әлсейіт, Бәйсейіт, Болат, Бұхар, Танаш батыр, Бадаш, Сағындық, Қабан, Тайбағар, Шөкаман, Таманың Молдас руынан тарайтын Сары батыр, Сөрті батыр, Жылкелді батыр, Жұма батыр, Жомарт батыр есімдерімен аталатын жер-су аттары бар екендігін жергілікті халық жақсы біледі. Осы есімдердің барлығы Тама тайпасынан алшақ емес. Барлығы да Сеңгірбай-Бек дәуірінің арғы-бергі шенінде өмір сүрген Тама батырлары.

Нақтылай түсейік. Кезінде Кенесарының бекінісі болған Ақтау (Жаңаарқа ауданы) сілемдерінің бір пұшпағында «Марал тау» аталатын тау бар. Ол – Сеңгірбайдың төртінші ұлы Маралбай батырдың мерт болған жері. Ал, бесінші баласы Бөрі батырдың Айшырақ, Жаншырақ есімді екі баласы мерт болған жерлер де – осы Ақтау өңірінде. Кезінде Ақтау совхозының «Айшырақ» бөлімшесі орналасқан жер. Сондай-ақ, осы өңірде Сары тау, Қабан тау, Болат тауы, Қулы-Мұңлы, Шөкаман, Тайбағар деген жер аттары бар. Бұл жер-су аттарына берілген есімдердің Тама руының көрнекті тұлғалары екендігін біз өзімізге жеткен шежіре деректерінен мысал келтіру дәлелдер едік. Сеңгірбай-Бектің үлкен атасы Ақша батыр мен Құлбай батыр бірге туады. Құлбайдан – Қойбақ, Қозыбақ. Екеуі де батыр болған. Қойбақтан – Әлсейіт, Жансейіт, Бәйсейіт, Бексейіт, Тоқсейіт, Нұрсейіт тарайды. Әлсейіттен – Бұхар, Қуандық, Сағындық, Дүйсебай, Сүйіндік, Сүймен батырлар туады. Бұларды «Әлсейіттің алты қасқыры» деп атаған. Барлығы да көзсіз, жанкешті батырлар болған деседі.

Ал, Қозыбақтан – Елемес, Бөлемес, Қаржау туады да, Елеместен – Сырлыбай, Сырлыбайдан – Танаш (Доскей ақын жырлаған Тама Танаш батыр) тарайды. Күмбезі Ш.Ералиев ауылындағы Толағай жазығында. Осы шежіредегі батыр туған ұлдардың барлығының есімі жергілікті жер-су аттарына берілген. Сеңгірбай батырдың үшінші ұлы Аралбай батырдың жасақтары да жоңғар жорықшыларының бетін Қызылтау, Ортау маңында қайтарған деседі. Осы таулардың арасында «Қызыл қырғын» деген жер атауы бар. Жоңғар қолының көп қырылған жері болса керек. Ал, Аралбай батырдың есімімен аталатын жер Жаңаарқа ауданы, Ш.Ералиев ауылында бар. Ол жер бұрын совхоздың «Аралтөбе» бөлімшесі орналасқан қыраттың бөктері.

Жер – тарлан тарихтың жалқы куәгері. Ал, жер-су аттары – шынайы архив. Олай болса, Сарыарқаның сайын даласында аттары аунаған жеріне түгі қалған Тама батырларының есімдері жер-су аттарына дала архивінің мөрі болып басылғанына көз жеткіземіз. «Тамалар – кезінде Шыңғысхан жорығына жеке қарсы тұрған, халқы көп, өте қуатты мемлекет болды» деп жазады Италия саяхатшысы Плано Карпини.

Таманың сонау XVI-XVII ғасырларда өмір сүрген даңқты батырларының бірі – Әл-Шағыр Жәнекеұлы. Есім ханның тұсында ханның бас батырларының бірі болған. Есім ханның баласы Жәңгір қалмақ қолымен соғысып жатқанда Самарқанд билеушісі Жалаңтөс батырдың 20 мың әскерінің ішінде ерекше ерлігімен көзге түскен батыр – осы Әл-Шағыр еді. Арқадағы күй күмбездерінің бірегейі Тәттімбеттің «Әл-Шағыр» күйі осы батырдың ерлігіне арналған. Күйді тудыратын – қоғам. Яғни, күй – қоғамның жаршысы. Ендеше, Әл-Шағыр батырдың екі жарым ғасыр аңыз болып келсе де, Тәттекеңнің танымал шығармасына арқау болып, жаңғыруы тегін емес. Ал, Сеңгірбайдың әкесі Малқара Ақшаұлы (1685-1775 ж.ж) – осы Әл-Шағырдың бесінші ұрпағы.

…Сеңгірбай бабамыз бен Итемген бидің есімін Қаздауысты Қазыбек би қойған екен. Сеңгірбай атамыз бен Бөтей апамыз Қазыбек бидің қарындасынан туады.

Әкем Исатай (1904-2004 ж.ж) ғасыр жасаған, шежіреге жүйрік, зерделі жан еді. Өле-өлгенінше үш адамның есімін аузынан тастамай кетті.

  1. Тоты бәйбіше – Итіке бидің қызы, Нұрша бидің бәйбішесі;
  2. Қаздауысты Қазыбек би;
  3. Сандыбайдың Ердені.

Осы тұлғалардың өмірі мен сөздерін, ерлігі мен даңқын аңыздай етіп толғап отыратын.

Сеңгірбай бабамыздан тарайтын даңқты атамыздың бірі – Итемген би. Күмбезі «Сасықкөлдің» жағасында орналасқан. Кейін ұрпақтары басына құлпытас қойды. Итемген бидің есімі ұлт тарихында ресми архив құжаттары негізінде нақтыланады. Ол кісінің өмірі, билік құрғаны туралы деректер аңыздан гөрі ақиқатқа жақын. Ресей архивтерінен алынған құжаттарда үш жерде Итемген би туралы дерек келтірілгені – осының дәлелі.

  1. 1830 жылы император І Николай Ақтау бекінісін салу туралы жарлық шығарады. Сол жарлықта Итемген Сеңгірбаевтың есімі аталған.
  2. 1831 жылы Ресей патшасы өзінің қабылдауына қазақтың 5 биін шақыртады. Осы 5 бидің екеуі – кіші жүз руларынан. Біріншісі – Тама Итемген би Сеңгірбаев та, екіншісі – Қабанбай би Байғұлов.
  3. Батыс-Сібір генерал-губернаторының уақытша билеушісі Шубиннің мәлімдемесінде «…осы бес бидің ішінде бекініс құрылысына қатысты ең мықты жауап бергені – Тама Итемген би Сеңгірбаев» деп, рапорт жазылады.

Сол кезде император І Николай Итемген Сеңгірбаевты қабылдап, күміс медальмен марапаттап, жеке мөр тапсырған екен. Итемген бидің мөрі ұрпақтарында сақтаулы. 1832 жылы Ақтау бекінісі салынады. Бекіністен 500 метрдей жерде, Манақа өзенінің бойында Арғынбай батырдың ұстаханасы болған. Арғынбай жаужүрек батыр ғана емес, темірден түйін түйген ұста да болған. Негізінен қару-жарақ (қанжар, қылыш, найза) пен зергерлік бұйымдар (білезік, сырға, жүзік, шолпы) соққан екен. Арғынбай батыр соққан бес білезікте Таман бидің таңбасы бар. Менің негізгі мамандығым – музыкант. Ал, музыканттар көне таңбаны жақсы таниды. Әсіресе, руникалық жазу-таңбаларды ажыратуға сергекпіз. Мен осы тарихи жәдігерлер жайында «Таңбалы бес білезік сөйлейді» деген мақала жазған едім. Сол мақаланы және «Ел айырылған», «Алаша хан басында тұрған құлпытастағы таңбалар», «Итемген бидің мөрі», «Арқадағы Тамалар» атты зерттеу еңбектерімді облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев мырзаға тапсырдым. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан кешенді зерттеу жұмыстарына септігі тиер деген ниетпен.

Сеңгірбай-Бек туралы деректер қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларында жиі кездеседі. Сөзіміздің басында Ілияс Есенберлиннің «Жанталас» шығармасынан мысал келтірдік. Қазақ әдебиетінің классигі Ілекең тура осы шығармасының тағы бірнеше тарауларында Сеңгірбай батырдың есіміне жиі тоқталады. Бабамыздың Абылай ханның ең сүйікті батырларының бірі болғанын («Жанталас», 506-бет), хан құпиясын сақтаған, епті елші, байыпты барлаушы болғанын («Жанталас», 538-бет) Ілияс ағамыздың осы шығармаларынан оқыдық. Ал, Халық ақыны Балабек Шопанұлы:

Арғы атамыз – Сеңгірбай-Бек,
Хан қасында болған бек.
Қару-жарақ асынбай,
Дұшпанынан алған кек, – деп толғайды өз толғауында.

Осы Сеңгірбай бабамыздың есімімен бірге аталатын «Бек» дәрежесі – ордадағы ханнан кейінгі екінші лауазым екен. Ал, белгілі ғалым Б.Адамбеков «Мәдениет және тұрмыс» журналына «Сеңгірбай батыр Абылайдың Бас жарғышы болғандығы» туралы жазады. Бұл жерде «Бас жарғыш» бас жаратын тентектің лауазымы емес, бас кеңесші деген мағынада.

Сол заманда бектің бегіне хан құзыры аманат етілетін де тәртіп болыпты. Біздің Сеңгірбай бабамыз осы аманат сеніп тапсырылған тарихи тұлғалардың бірі. Яғни, Сарыарқаға билік жүргізіп, иелік еткен. Одан кейінгі «Хан жығар», «Хан атасы» деген дәрежелерге де ие болған. Сол кезеңдегі Жетісудың желдей жүйрік ақыны Майкөт ақынның бір толғауында:

Сеңгірбай-Бек Ұлы жүзге елші барған,
Ұлығын, датқаларын жиып алған.
Сөзбенен әрбір түрлі қамап алып,
Датқалар жауап таппай тұрып қалған.
Жіберді Ұлы жүзге әділ ханды,
Қасыма кім ерер деп хан ойланды.
Сеңгірбай-Бек «Хан атасы»
болып барып,
Қорқытты кереметпен тірі жанды, – деген жолдар бар. Осы шумақтар арқылы Сеңгірбай бабамыздың ханнан кейінгі дәреже-лауазымның барлығын алғанына көз жеткізуге болады. Ақыры, «Бек» атанған Сеңгірбай Малқараұлы Қытай генералы Фу Дэ мен Чжао Хойдың басын шауып, ақырғы соғыс жеңіспен аяқталады. Екі ел бітімгерлік шартқа қол қояды да, Абылай Түркістанға қоныс аударады. Сеңгірбайға «Хан атағы» дәрежесін табыстап, сол жолы Арқаның Жетіқоңырдан басталатын Бетбақдала, Шуға дейінші шұрайлы пұшпағын Тама ұлысына сыйға тартқан екен.

Сеңгірбайдың ата-тегі сонау Сақ, Ғұн дәуірінен бері 27 атаға дейін билік ұстаған текті бұтақ екенін жақсы білген Абылай ханның Тама батырларымен соңғы соғысқа дейін бірге болуының «құпиясы» – осылай. Сөз соңын тағы да Балабек ақынның:

Жаратқан құдай артық
Сеңгірбай-Бекті,
Жасынан қамал бұзған батыр депті.
Қолына Абылайдың олжа салып,
Үш жүздің батырынан болған епті,

– деген шумағымен түйіндейін. Иә, жаугершілік заманда ел іргесін дұшпандарға таптатпай, өр рухтың алдаспанындай жарқылдаған Сеңгірбай-Бек Малқараұлының есімі де, ерлігі – ұрпақ ұлықтауға тұрарлықтай тұғырлы.

Рымкүл Бимендина,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

 баба ұрпағы

1 thought on “«АҚБАС АТАН» атанған ер Сеңгірбай

  1. Аллаға шүкір ұлы бабаларымыздың батырлығын,ерлігін, елдігін зерттеп тарихта қалатындай болмыс-бітімін танып, біліп келер ұрпақ біздерге танытып, насихаттап жатқан Роза апайымызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр берсе екен деп тілеймін.Білімді де білікті осы кісілердей туғандарымыз көбейе берсін.Ата-баба əруаға риза болып,Алла қолдап зерттеушілік,шығармашылық еңбектерін жалғастыруды нəсіп етсін.Тарихты білу,зерттеу жас ұрпақтың басты міндеті деп білемін.Осы бастаманы жалғайтын ұрпағымыз көбейсін.Өз басым шəкірттеріме апай еңбектерін танытып, Сеңгірбек басқа да батыр бабаларымызды танытуға еңбек етуге дайынмын.Əр ұстаздың мақсаты шығармашыл шəкірт жетелеу.Олай болса зерттеушілік қабілеттерін бастауыш сыныптан бастау керек деп екінші үшінші сынып оқушыларын əлдеқашан дайындауды қолға алдымм.Нəтижеде баршылық.Кешегі аға буын үлкендер жолын бүгінгі біздер жалғастырсақ нұр үстіне нұр емес пе? Əр қазақтың баласы өз тілін,дінін, тарихын, əдебиетін, мəдениетін білуге міндетті.Ұлы бабалврымыз жайлы осындай деректер жиналып,жарыққа шығып жатқанына шексіз қуаныштымын.Апайға мың лғыс!.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.