Тіл

Осыдан үш жыл бұрын Чехияның әлемге әйгілі Карловы Вары шипажайында болудың сәті түсті. Қазіргі қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Мұхтар Мағауин көкем 75 жылдық мерейтойына шақырған. Ол тұста ағамыз сонда тұратын. Ұзамай Вашингтонға көшкен Чехиядан. Бақыт тәтеміз «алдыға күн салып шипажайдың дәру суын ішіп, ем-дом алып қайтыңдар. Босқа келіп жәй қала аралағанша» деп ақыл қосқан. Айтқанын орындадық. Дұрыс болды.

Дүниенің төрт бұрышынан жиналған талай ұлттың өкілдері қаптап жүр. Әйтеуір шипажайдың қызметкерлері орысша біледі екен. Біз онсыз да бұл тілде сайрағанда, алдымызға жан салмаймыз ғой.

Содан дәрігердің қабылдауын күтіп отырғанбыз. Жаныма бір қазақ отыра қалды. Дембелше келген, шымыр денелі, қас-қабағы, қияқ мұртына дейін қазақтыкі. «Қазақша тіл қатып, шетелде жолыққан қандасыммен мәре-сәре болам ғой» деп ойлағам. Орысша тілдесті. Ресейден екен. Оған да шүкір дедім ішімнен. «Мен якутпын ғой» деді біраздан кейін. Бұрын оқыған, естіген ақпарат түйсігіме орала кетті. Түбі бір түркі тұқымынан екенбіз екеуміз. Якут тілін ұмыта бастаған. Амалсыз орысша сөйлесіп жүрдік. Зайыбымен, АҚШ-қа тұрмысқа шыққан қызымен демалып жатыр. Бірде қызын «қызым» деп дауыстап шақырды. Сәлден кейін қазақтар да «қызым» деп айтатынын жеткіздім. Содан біраз сөздеріміз ұқсас емес, бірдей болып шықты. Біз «бір» десек, якуттар «бир» дейді, біз «екі» десек, олар «еки», біз «бес» десек, олар «беш» дейді. Не керек, онға дейінгі сан атаулары екі тілде бірдей болып шықты. Шыңғысханнан қалай аман қалғанын сұрадым. «Ит тұмсығы батпайтын тайгаға кіріп кетіпті якуттар. Жошының жасақтары атпен қайдан жоласын» деп күлді. Санымызды сұрады. 12 миллион қазақ барын айтқанда мұңайды. Жері Қазақстаннан үлкен. Поляр аймағына шейін созылып жатқан ұлан-ғайыр жерде небары 446 мың ғана якут тұрады. Тілі, әдет-ғұрпы құрып бара жатқандығын айтып, мұңын шақты. Соғыс жылдарында тиінді тек көзден ататын шетінен аңшы якуттардың сұрмерген ер-азаматтары көп қырылыпты. Өспей қалғандарын соғыстан көреді. Солай да шығар.

Ойдан ой туады. Жастау күнімде ғайыптан тайып ҚазМУ-ді бітірген жылы Олжас ағамыздың «Аз и Я» кітабын сатып алған едім. Ертеңіне кітап тәркіленіп, тәрізі өртелді-ау деймін. Үлгергендер сатып алды. Бір кездесу кешінде Олжастың осы кітабы барын айтып қалғаным. Осы өзіміздің политехтың менімен құралпылас жас ұстазы кітапты оқып шығуға сұрап, ал келіп қолқаласын. Әзер бердім. Бұл кітап сол кездегі совет ақшасымен Мәскеуде 100 сом тұрады екен. Нағыз раритет. Содан не керек, Олжекеңнің кітабын кешіктіріп қайтарды. Түгел ксерокопия жасап алыпты. Мәскеу университетінің түлегі болып шықты. Еліне, Якутияға қайтайын деп жүр екен. Қанына тартып тұрғанын ол кезде біле қоймаппын.

Енді патша көңілімізді шартарапқа шарықтатып, Енисейден (Енесай) сонау Анадолыға дейінгі ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр жерді қасиетті Түркі бабаларымыз жайлағанын ойша шолып көріңіз. Ғажап. Бүгінгі ұрпақтарының діні бөлектері болғанымен тілі бір. Көк Түркінің қарашаңырағы қазақтарда. Түркі тілдес мемлекеттерде, Қазақстанда, осы өз облысымызда өткен ғылыми-практикалық конференцияларда түбі бір түркі тіліне ортақ тіл қазақ тілі деп отыр. Күлтегін, Білге қаған жазбаларындағы сөздердің қазіргі қазақ тілінен көп айырмашылығы жоқ екенін әлем ғалымдары мойындаған.

…Ал, мұны мойындамайтын өзіміздің тілбұзарлар. Пәленбай ғасыр ата-бабаларымыз қырнап, жонып, сылап-сипап бізге жеткізген әдемі, әсем сөздердің қабырғасы қақырап, омыртқасы үзіліп жатыр. Мысалы «туылған», «жанұя», «болып табылады» және басқа алашұбар сөздер экранды басып алды. Теледидардағы әріптестерім өкпелемесін, «Айтпаса сөздің атасы өледі». Тележүргізушілер түгелге жуық артистер, әншілер. Дауым жоқ. Жақсы, тәуір өнер иелері. Әркім өз шаруасымен айналысуы керек қой. Қойшы қой бағып, ұшқыш ұшақ басқаруы қажет емес пе? Теледидарға да кінә арта алмайсың. Рейтинг үшін жұмыс істейді. Содан танымал өнер иелерін экранға шығарады. Осы бізге рейтинг керек пе, жоқ қазақ тілі керек пе? Мұны ойлап, бас қатырып жүргендер өте аз. «Туылған» белгілі. Туған жер. Туған ауыл болу керек. Ал, «жанұя» нағыз қолдан жасалған сөз. Адамның жаны бір Алладан. «Жанымды Аллаға тапсырдым» дейтіні содан қазақтың. «Отбасы», «Отбасы ошақ қасы» деген әдемі сөзді көбі ұмытып барады. «Отағасы» деп үй иесін айтады. «Отанасы» деген әдемі сөздерді неге қолданыстан шығарып барамыз. Совет заманында «архаизм» деп қазақтың көп сөзі күресінге күреліп кете жаздаған. Қазір елдің бәрі Ісләм Жарылғапов болғысы келетін сияқты. Мына түрімізбен мұхиттай қазақ тілі тамшыға айналып қалмасын.

Сонымен, көне түркіден тамыр тартатын, Ұлы Абай атамыз қолданған, А.Байтұрсыновтай ғұлама мәпелеген Ұлы қазақ тіліне қылау тигізбей келесі ұрпаққа аманаттау бізге парыз.

Парызымыз қарыз болып қалмасын.

Мағауия СЕМБАЙ,
«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.