Жаңалықтар

Арқаның айшықты айнасы

«SARYARQA» қазақ телевизиясының – күре тамыры іспетті. Дәл 60 жыл бұрын Қарағанды арнасы құрылды. Нақты айтқанда, Кеншілер күніне арналған алғашқы телехабары 1958 жылы 31 тамызда көрерменге жол тартты. Сол күннен бері Арқаның басты арнасы елмен бірге. Өркениеттің көшіне ілесіп, жаһан жаңалықтарынан құр қалмаған «SARYARQA» бейсенбі күні мерейтойын атап өтті.

Мерейтойдың басы академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Қазақстан» РТРК» АҚ Қарағанды облыстық филиалы «Saryarqa» телеарнасымен меморандумға қол қою және журналистерге арналған ғылымитәжірибелік конференциямен басталды. Алдымен филология факультеті, журналистика кафедрасында «Saryarqa» телеарнасының аудиториясы ашылды. Айтулы шарада «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Оқаұлы және ғалымдар мен елге белгілі аға буын журналистер қауымы жастармен ой бөлісті. Нұрлан Оқаұлы мен Қарағанды мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылыш Бейсенұлы дуальді білім беру туралы меморандумға қол қойды. Екіжақты өзара ұжымдық жұмыс дәстүрлі түрде жалғаса беретіндіне сенем білдірді. Басқарма басшысының орынбасары журналистика факультетімен тығыз байланыс жасауы заман талабы болып отырғандығын атады

Бұдан кейін «Заманауи тележурналист мамандарын даярлаудың теориялық және тәжірибелік негіздері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысында Астана мен Алматыдан келген мәртебелі меймандар баяндама жасап, қазақ журналисткасының қалыптасуына қатысты қадымды пікір білдірді.

Түстен кейін «Saryarqa» телеарнасының қабырғасына соғыстан кейінгі кезеңде, экономиканың, әлеуметтік саланың, мәдениет деңгейінің дамуы және адамдардың әл-ауқатының артуына үлес қосқан телестудияның тұңғыш басшысы Қали Аманбаевқа арналған ескерткіш тақта ашылды.

Алғашқы болып сөз алған «Saryarqa» телеарнасының басшысы Берік Дүйсетаев Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Қали Аманбаев туралы толымды ойын жеткізіп, жоғары үкіметтік наградалармен марапатталғандығын айтып өтті. Телеарна басшысы сөзінде, арнаның алғашқы басшысы «Құрмет», І дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен, 15 медальмен, Жоғарғы Кеңестің, Үкіметтің, министрліктер мен ведомстволардың көптеген Құрмет грамоталарының иеленуін қайраткерлігі мен үлкен өмірлік тәжірибесі, практикалық мәселелерді терең білуінде деп ой түйді.

Сонымен қатар, Қали Аманбаевпен қатар жұмыс жасаған, телеарнаның дикторы Галина Рахимова, журналист Майя Привалова, телеарна ардагері Рымкеш Смағұлова және Қали Әлібекұлының баласы Сайран ақжарма тілегін білдіріп, тұлға туралы естеліктерімен бөлісті. Содан соң құрметті меймандар ескерткіш тақтасын ашып, асыл азамат, ұлағатты тағдыр иесі жұрт жүрегінде, ел есінде мәңгілік қалатындығын тілге тиек етті.

Мерейтойға келгендерді «Saryarqa» телеарнасының қызметінен сыр шертетін мұражай таң қалдырды. Телеарна мұражайында алғашқы телекамера, тұңғыш рет сатылымға түскен теледидар, көненің көзіндей болған телефон мен алғашқы жарық түсіргіш құралдар тізіліп тұр. Қауырт жұмыс барысындағы түсірілген фотосуреттер өткен күннің айнымас естелігіндей мен мұндалайды. Мұражайды аралатқан арна басшысы Берік Дүйсетаев:

«Мұндай телеарна мұражайы Азия елдерінің ішінде алғаш бізде ашылды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы біздің арна хабарына қатысты, Кеншілердің еңбегін паш етті. Қарағандыда өткен Азия және Африка елдері жазушыларының съезі туралы бағдарламасы ұйымдастырылды. Ол бағдарламаның авторы А.Сатаев және режиссері Ө.Тойбаев, хабарды жүргізген алғашқы диктор М.Ахметова болатын» деді.

Телеарнаның жұмысымен танысқан меймандарды арнайы мерекелік бағдарлама да бей-жай қалдырмады. «Saryarqa» телеарнасының жур налистері кезектесе бағдарламаны жүргізіп, викториналық сұрақтар қойып, бүгінде тамырын тереңге жайған арнаның тарихын парақтап, ой сабақтады. Екі тілде хабар таратқан арна ағартушылық-танымдық бағыттағы бағдарламалар дайындап, халық санасына білім мен ілім құйып, көптеген телебайқаулар ұйымдастырғандығын мақтанышпен жеткізді.

«Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Оқаұлы және ардагер журналистер телеарна қызметкерлерін дипломдармен марапаттады. Осы күні арнаның бас бухгалтері Гүлмира Кульбекова, заңгері Асхат Махаев, шеф редакторы Асылбек Тойбеков инженер-энергетигі Сергей Круглов, авто жүргізушісі Владимир Упоров марапатқа ие болды.

Құттықтау сөзінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, журналист Нұртілеу Иманғалиұлы Қарағанды студиясынан хабар таратқан арна бұл күнге дейін еліміздің маңызды оқиғаларының куәсі болып келе жатқандығын сөз етті.

– Уақыт өте халықтың сұранысына ие болып, сүйіспеншілігіне бөленген «Saryarqa» телеарнасы өз биігінен аласарған емес. Қарағанды телеарнасы – қазақ телевизиясының алғашқы қарлығашының бірі. Бұл жерден жұмыс жасап келген мамандар Алматы телевизиясының алдыңғы легіндегі мықты кадрлар болды, – деді Нұртілеу Иманғалиұлы.

Сонымен қатар, мерейтоймен құттықтап келген «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС директорының орынбасары Талғат Мағзұмов Корпорация атынан 10 млн. теңге, ал, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей Огуреев кәсіпорының сыйы – автокөлікті сыйға тартты. Сондай-ақ, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының директоры Сансызбай Нұрсияұлы, К.Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театрының директоры Дунай Еспаев, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы Нұрқанат Қанафин тілегін білдіріп, сыйсияпат жасады. Басқа да қалалардың әкімдері мен мәслихат депутаттары, журналистер қауымы лебізін айтты. «Saryarqa» телеарнасының 60 жылдық мерейтойына арналған телеарнаның бүгінгі таңда атқарып жатқан шығармашылық жұмыстары жайлы фильм жиналған қауым назарына ұсынылды. Мереке соңы әсем әнмен түйінделді.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button