Жырауды жоқтау

«Қарқаралы қайыңы – Алаштікі айыбы».

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

Тіл өнері – дертпен тең. Өйткені, үйің де, күйің де – тіл. Бірлігің де, тірлігің де – тіл. Ділің де, дінің де – тіл. Барыңда, арыңда – сол. Өнердің бұл түрі – өрт. Өз басыңа өзің тілеп алған қайғы-қасірет. Өрең жетпесе – өлім. Басқа жол жоқ. Сондықтан да, тіл өнері – дерт. Іштегі дертті жылай- жырлай сыртқа шығару мүмкіндігінің барлығы бұрыннан белгілі ақиқат. Бірақ-та, әуелете, қалқыта айтпақ әсем әнге қуат берер, қанат бітірер, дәні де, сәні де, нәрі де бола алар ойлы сөз табу бақыты тек һас шеберлерге ғана бұйыратыны баршаға мәлім шындық.

Қисынымен қызықтырар молқы сөздің ішкі сырын анық аңғаруға бастар тура жолды дұрыс тапқан адамның бірі көрші қытай елінің IX ғасырлық Тан әулетінің дәуірінде ғұмыр кешкен ақын Бо Цзюй-и деседі. Аңызға сай жас жырау өзінің жырларын ең алдымен қарт аналарға дауыстап айтып беруді әдет қылған. Әннің өлкесі де, өрелісі де әлем бесігін әлдиімен тербеткен ана жүрегі екенін ұғынған әдепті жан ақыры көшелі өнер иесі атаныпты.

Біздің бергі қазақ тарихында Ана жүрегінің әлди-әмірін анық ұққан ақын адам, журналист Мақсым Омарбеков болар. Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдары алыс шалғайдағы аудандық газеттің журналисі Мақсымның ақыл қаламынан шыққан дайыр сөздері Сарыарқадан Алатауға жетіп мұқым қазақ еліне тарап жатты. Журналистің жазғаны шындық, талап еткені – әділдік. Адам аулауға, адам алдауға салынған заманда, рас сөз қат болған соң, астаналық қаламгерлер елі ақиқатты қолдап шықты. Қазақ біліп айтқан ғой: «Өзін алдау – өлімнің дерті» деп. Мақсым өз замандасына «ақылды бол, алданба, жылтыраған жалғанға малданба!» деп дәуір дертінің диагнозын «Адасу» деп дәл қойды. Өзінің алданғаны аздай, аз ғана топ өзгені де аздырды, салт-дәстүрдің бәрін тоздырды. Топан судай басқан алдау мен арбаудан бүкіл ұлтты құтқарар, тек қана шындық болатын. Шындықты айта алар, елге жеткізе алар тіл өнерінің шебері қажет-тін. Сол шебердің бірі – Мақсым болды.

Мақсымның бойына «Ғадалат ісінің алды-артын байқарлық білім мен ғылым қайдан қонды, көпке пайда боларлық іс қыларға қабілет-қадірі қайдан келді» деген сауалдың жауабын біз оның өзі жазған балалық кезеңінен есте қалған анасының бір мінезінен іздеп таптық.

Жұртқа белгілі, Мақсымның бүкіл журналистік ғұмыры Қар­қаралыда өткенін, алайда, оның адам ретінде қалыптасқан ортасы Абыралының Қайнары. Ел мүддесі үшін әділдікті қорғаушы болған, өз тағдырын құрбандыққа шалудан бас тартпаған Мақсым сол топырақта өсіп-өнді, жетілді. Біз, Мақсымды – «Жырау» дейтініміздің себебі мынада. Бар Қарқаралының қазағы кәу, сонау совет кезінде қара таяқтылардың ішінен қазақтың адамдық ар мен намысын қорғап шыққан жалғыз Мақсым болды. Басқа ешкім көрінбеді. Сондықтан да, ол – Жалғыз. Жырау дейтініміз де заңды. Мақсым айта білді. Айтпақ ойын жеткізіп бақты. Ойы оюлы шықты. Сөзі сүйектен өтті. Тілі бай, көркем, білімді болды. Адамшылық сезімін ардақтады. Елі жырауды жақтады, жалпақ жұрт жалғызын жауға да, дауға да бермеді. Баласынан бабасына дейін Мақсым журналистің Мақсым азамат болуына ат салысты. Өзін де, сөзін де сыйлай білді. Тілі тіліп түссе де ащы сөзін ынталы көңіл тыңдады. Ол да ел үмітін ақтады. «Өліп кетсем де мәдениет майданында табылам» деді! Табылды, танылды, табынбады. Адам атын жоймады. Мықтылығы, міне, осында! Болу. Адам болу. Мақсымның қолынан бұл келді. Негізінде, Мақсым жеке адамдарға не болмаса, тұтас жүйеге емес, ол надандық, менмендік мерез мінезге қарсы тұрды, және де тұра білді. Сынаса жеке тұлғаны емес, қоғамға зиян, зарар келтірер ең жаман әдет – өзім білемге салынған екіжүзділікті сынады. Жеке дара басымен ол қай заманда болсын жамандыққа қарсы тұра білу мүмкін екендігін көрсетті. Жауға жалғыз, жалаңаш шапты. Атыңнан айналайын, Қарқаралының атақ-абыройын аман сақтап қалды. Қарқаралы қазақтың бір киелі ордасы болып табылатыны баршаға белгілі. Шындықты айтар, әділдікті жақтар, халықты қолдар, намысты қорғар бір кісі сол ортадан шықпаса, не бетімізбен қарар едік келер ұрпаққа. Мақсым «біз адамбыз, бармыз» дегенімен қымбатты халыққа. Келсең кел, тұрысар жеріңді айттан тайынбады. Бопсаға көнбеді. Тепкіге төзбеді. Ерлік бір сәттік, қас-қағымдық іс. Намыс майданы көзге түспес, көрінбес, бір бітпес, толас таппас өмірлік күрес. Мақсым мәдениет майданында жеңіп шықты. Тәуелсіздік туының нық орнағанын өз көзімен көріп кетті. Еңбегі жанды. Бағы асты. Мақсымның жеңісі – қазақтың жеңісі болып шықты. Мақсым өз әкесі Омарбек Ұлы Отан соғысында фашизмді жеңген жеңімпаз екенін ешқашан ұмытпаған. «Жеңіс ұлына жеңілуге болмайды» деген заңды есте ұстады. Мақсымның қалам-қаруы – қазақ тілі жеңді. Бар өмірінде Мақсымның жалғыз қамалы – қазақ тілі. Қамалы мықты болып, ол ешкімге алдырмады. Мақсымның артында қазақтың сан ғасырлық тәуелсіздік үшін ұлы күресінің рухы тұрды. Мақсым мектебі – мықтылық мектебі. Оның арпалыспен өткен өмірі ақиқаттың ашық сабағы іспеттес. Ол алғашқы ашық сабақты анасы Қадиша Солтықызынан көрді. Ащы болса да, ақиқаттың ашық сабағы. Сөзді Қадиша ана мен бала Мақсымға берейік: «Қайнардан 20 шақырым жердегі Қараөлеңде тұрғанымызда, менің кішкене бір күшігім болды. Сүйкімді-ақ еді. Менің соңымнан қалмай, қайда барсам, шапқылап еріп жүретін. Бірде шешем бір жаққа жолаушылап жүретін болды. Ол кезде машина жоқ, көлігі – ат. Атын ерттеп, ауылдан ұзай бергенде, шешемнен қалмаймын деп, мен артынан жүгірдім. Күшік соңымда. Уақыт қыс тәрізді еді. Шешем артына қарайлап, «Үйге қайт» деп ескертіп келеді. Оған қараған мен жоқ, бақырып жылап келемін. Бір уақытта шешем айналып келіп, қолындағы қамшымен артымнан тартып кетті. Сонда да қалмаймын деп жүгіре бергенімде, әлгі күшігім жеңіме жабысып, ауылға қарай сүйрей жөнелді. Айырылар емес. «Ендігі жүрісте мағына жоқ, аман-есенімізде үйге қайтайық» дегені ме?».

Қарт Қараөлең байырғы қазақтың ежелгі есте жоқ күнінен қалған мәдениет ошағы ғой. Мақсым Қараөлең топырағына тартып туған екен. Анасы қазақ қамшысымен арқасынан тартып жіберіп ұлының болашақ тағдыр жолын көрсетіп кетті: «Үйге қайт!» Адам тағдыры – тәрбиеден. Ата-ана тәрбиесінен. Қараөлеңнің қысы қатты. Қарлы, қасқырлы. Алты жасар баласын далада қалдырғаны қаталдық па, адалдық па? Ана ісін бағалауға пайымымыз жетер ме екен? Абай сөзіне жүгінейік: «Шырақтар, ынталарың «менікінде», Тән құмарын іздейсің күні-түнде. Әділеттік, арлылық, махаббат пен – Үй жолдасың қабірден әрі өткенде». Абай «жан серігін, айырылмас досты тап, адаспа» дейді. «Менікі» – тән қажеттілігі, «Мен» – сана, ғарыштық ғылым. Тектіліктің темірқазығы. Мақсымның анасы да қарлы боран мен сақылдаған сары аязға қарамай «Үйге қайт» деп жас ұланын алдағы өмірінде адаспауға үйретуді ойлады ма? Соғыстан қайтып келмеген жауынгердің жетімдерін жеткізем деп жанталасқан жесір жан қара қамшыны қатты сілтеп жас Мақсымның арқасына бар арман-тілегін, сыртқа шықпай қалған, іште шемен болып қатып қалған сезім-сырын, өмір үшін күрестің бар ауыртпалығын артып жібергенін сезді ме, жоқ па? Әлде ұлына сенімі нық болып саналы түрде алаш жолына салып жіберді ме? Сол жолы сана мен ана жас Мақсымның ой әлеміндегі орнын анықтап берген сыңайлы. Алланың хикметін адам баласы жүрекпен сезеді-дүр, ана жүрегі баласының ақиқатты анығырақ сезерін, қазақтың тіл өнеріне қамшы – қамқор боларын қапысыз аңғарыпты. Ана жүрегін Мақсым да жүрегімен ұққанын дәлелдеді. Еліне өлердей ғашық Мақсым – жыр боп төгілді, гүл боп егілді. Адам болмысының тұрағы – тіл. Адам жанының үйі – әділеттік, арлылық, махаббат. Жан мекені – жүрек. Бар махаббат – жүректе. Махаббаттан жаралған Мақсым ел махаббатына бөленді. Анасы баласын қиын болса да, қызық жолға, халқына қажымас дос болар тура жолға дұрыс-ақ салып жіберіпті. Ар жолындағы шайқаста Мақсымның жайнаған туы жығылмады. Артында әділ, әдемі, әдепті сөзі мен өнегелі ізі қалды.

Қайран, Жырау! Жан біткенге, жалынбай, Жақсы өліпсің, япырмай!

Марат АЗБАНБАЕВ,

Қарағанды облыстық сотының

судьясы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.