Көкейкесті

Жолдың жайы талқыланды

Майқұдықтықтар былтырдан бері Магнитогорская және К.Маркс көшелеріне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілгеннен кейін жолға кеткен уақыт үнемделетін болды деп күтіп жүр. Жалпы, 10 шақырымнан асатын жолдың осындай іргелі жөндеуді көргені осы ғана. Жөндеу жұмысы да аяқталуға жақын дейді құзырлы органдар. Ол өз алдына. Бірақ, жыл сайын көлік легінің артуы ма, әлде жөндеу жұмыстарын жүргізетін компанияның салғырттығы ма, бұған дейін жөндеу көрген жолдың асфальт жабыны қар кеткенде қоса кететіні бар. Соны ескерген болуы керек, аталған жолдың жүктемесін азайту мақсатында Моховая көшесінен Винницская көшесіне дейінгі учаскеге күрделі жөндеу жұмысын жүргізу қолға алынбақшы.

Қарағанды қаласының әкімдігі мен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ұйымдастыруымен «Жаңа Майқұдық» мәдениет үйінде К.Маркс көшесін, Моховая көшесінен Винницская көшесіне дейінгі учаскені күрделі жөндеуден өткізу бойынша тұрғындармен кездесу өткізді.

Жалпы, аталмыш көше жөнделіп қана қоймай, өту бөлігі айтарлықтай кеңейтіледі. Жоба иесі «ГазТрансПроект» ЖШС архитекторы Елена Гайдареваның айтуынша, 4 жолақты автожолдың әрқайсысының ені – 3,5 метр. Ал, жаяу жүргіншілер жолы – 2,25 метр. Одан бөлек, пандус, жеке аумаққа кіретін жер де болады. Жеке аймақ демекші, осы көше бойында орналасқан үйлердің дені жер үй болғандықтан, бір қарағанда тұрғындар үшін қолайлы тәрізді. Мәселен, осы үйлерге бұрылатын жерлерге де асфальт төселеді. Оның ұзындығы – 7 метр, ал, ені – 2,25 метр. Одан бөлек, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін тосқауылды жол қоршаулары орнатылады.

– Жолдың ернеуіне қауіпсіздік үшін қойылатын тосқауылдар мемлекеттік стандартқа сай. Магистарльдық көшелерге арналған қатты консольден жасалған. Ұзындығы – 85 метр, – дейді Елена Гайдарева.

Архитектор айтқан тосқауылдардың қызметін бұған дейін жол жиегіне орнатылған ағаштар атқарып тұрған еді. Енді жобаға сәйкес, 61 ағашты кесу керек болады. Сәйкесінше, 1 ағаштың орнына 5 ағаш отырғызылады. Барлығы 315 түп көшет «Ануар» сауда үйі жанындағы базар маңайы мен Мәдениет үйінің саябағына егіледі. Одан бөлек, тұрғындардың өтініші бойынша бос жердің барлығына отырғызылады.

Қарағанды қаласы әкімшілік полиция бастығының орынбасары Тұрлыхан Төлеу көлік легінің көбеюіне және жол қозғалысын жетілдіру мақсатында Моховая көшесінен Винницская көшесіне дейінгі учаскенің кеңейтілетінін айтады.

Бірақ, жолды кеңейту әрі күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жобасы бекітілгенімен, бірқатар проблеманың да шеті көрінді. Мәселен, Қарағанды қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жандос Ысқақтың айтуынша, К.Маркс көшесіндегі 4 үйдің біреуінің қоршауы өзіне тиесілі аумақтан шығып кетсе, бірінде, мемлекетке тиесілі жерге шаруашылық құрылысы салынған. Бұл аталған жобаны жүзеге асыру кезінде кедергі келтіретін болғандықтан, жер иесі өзі қоршауды немесе шаруашылық құрылысының орнын ауыстырады. Ал, келіспеген жағдайда заңға сәйкес, орындалатын болады.

Бұл, әрине, тұрғындардың наразылығын тудырды. Одан бөлек, «ағаштар кесілгеннен кейін сол жерде тұратын 24 отбасының жағдайы не болмақ. Жаяу жүргіншілер жолы 2,25 метр болғандықтан, қоршау сыртында қоқыс контейнерлерін қоятын жер болмай қалады. Қыстың күні пештен шыққан күлді қайда шығарамыз» деп алаңдаған тұрғындарға жауапты Октябрь ауданының әкімі Мейрам Кожухов берді. Аудан әкімінің айтуынша, қоқыс контейнерлерінде тұрған ештеңе жоқ. «Көлемін кішірейтіп, арнайы жасау арқылы оңтайлы орналастыруға болады. Әрі, кесілетін ағаштардың жасы елу жылдан асқан, енді қанша тұратыны белгісіз. Ал, орнына жас көшеттер отырғызу осылайша тағы бір проблеманы шешеді. Әрі, жол күрделі жөндеуден өткеннен кейін, бұрынғыша шаң-тозаң да көтерілмеуі керек.

Күл демекші, ол да уақытша» – дейді Мейрам Мұратұлы. Қала шетіне келген газдың әр үйге тартылатын күні алыс емес.

Жалпы, жолды кеңейту қажеттіліктен туындайды. Жыл сайын ұлғая түсетін көлік легі, асфальт жабынының бұзылуы соған әкеледі. Ал, кез-келген жөндеу жұмысының қолайсыздық тудыратыны – қалыпты құбылыс. 1,5 айға созылатын жөндеу жұмысы кезінде тұрғындар да, автокөлік жүргізушілері де шыдамдылық танытса, жоба иесі екі жақ үшін де тиімді болады деп отыр. Бастысы – 300 метрлік жол учаскесін жөндеу жыр болған Майқұдық жолының проблемасын сәл де болса азайтса, ұтқаны сол болмақ.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button