Облыс әкімдігінде

Жолдау жүктеген жүк – ауыр

Ел Президенті ҚасымЖомарт ТОҚАЕВТЫҢ 1 қыркүйектегі «Халықтың бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауынан кейін кеше облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК актив жиналысын өткізді. Онда Жолдауда айтылған міндеттерді іске асыру жайы талқыланды. Облыстық басқармалардың басшылары өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарларын баяндады. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына аймақтың қосар үлесі сөз болды.

Бірінші бағыт

– Мемлекет басшысының Жолдауындағы бірінші бағыт пандемиядан кейінгі экономиканың дамуына арналады. Сонымен қатар, Президент экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. 10 жылда тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түскені де айтылды. Қолда бар өндірістік әлеует пен кәсіби еңбек ресурсын пайдалана отырып, біздің облыс өңдеу өнеркәсібінің «даму нүктесі» болуы керек, – деп сөз бастаған Жеңіс Махмұдұлы экономика басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Әбішеваны тыңдады.

Экономиканы әртараптандыру Елді дамытудың 2025 жылға дейінгі жалпы ұлттық жоспарында айтылған. Оған қол жеткізу үшін кәсіпорындардың бәсекелестігін ынталандыруға жағдай жасау, экспорттық өнімдерге басымдық бере отырып тау-кен, агроөнеркәсіптік кешендерді технологиялық модернизациялау, ішкі туризмді дамыту, шағын және орта бизнестің даму мүмкіндігін арттыру сияқты міндеттерді орындау керек. Өңірде өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін Қарағанды қаласын постиндустриалдық, логикалық орталық ретінде, ал, Теміртау мен Саран сияқты қалаларды өндірістік орталықтар ретінде дамыту қажеттігін атап өтті спикер.

– Қазірдің өзінде «QazTyreTech» компаниясы автокөлік дөңгелектерін шығарып жатыр. Автобустар, жолқұрылыс техникасын өндіретін «QazTehna» компаниясы бар. Сонымен қатар, жаңа өнімдердің эспорты жолға қойылған. Мысалға болат сым мен арқандар, саумалдан жасалған құрғақ ұнтақ, барит концентраттары, түрлі биоқоспаларды айтуға болады, – деді Гүлмира Болатқызы. Оның айтуынша, биылғы жылдың 5 айында өңдеу өнеркәсібінің экспорт көлемі 2,4 млрд. АҚШ долларына жетіп, былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 60%-ға артқан. Аймақта 2025 жылға қарай болаттың өндірісін 5 млн. тоннаға, мысты 420 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Осының нәтижесінде облыстың шикізаттық емес экспорты 20%-ға өспек.

Агрокешендегі әртараптандыру

Агроөнеркәсіптік кешенде де егістік жерлердің құрылымын әртараптандыру мәселесі маңызды болып тұр. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану әрі интенсивті мал шаруашылығына көшу қажеттілігі жиі айтылады. Биылғы жылы әртараптандыру есебінен ауыл шаруашылығы дақылдарына арналған алқап 40,0 мың гектарға көбейді. Болашақта ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді 771,0 млрд. теңгеге жеткізу жоспары тұр. Ал, көлік инфрақұрылымын дамыту үшін жалпы қолданыстағы 1,5 мың шақырым жолды жөндеуге 93,7 млрд. теңге бөлінеді. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы барысында республикалық маңыздағы «Қызылорда-Жезқазған» (208 км), «Жезқазған-Қарағанды» (513 км), «Қарағанды-Қарқаралы» (303 км) және «Жезқазған-Арқалық» (126 км) жолдарын жөндеу көрмек. Бұдан бөлек, 2023-2024 жылдары Балқаш қаласының аэропортын жаңғырту, ал, 2024-2025 жылдары Қарқаралы қаласы мен Ұлытау ауданында аэродром құрылысы жоспарланған.

Қаржылық ұйым – бизнеске қолдау

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімі ұзартылғанын тілге тиек еткен облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева бұл бағдарламалардың бизнесті дамыту үшін айтарлықтай тиімді болғанын алға тартты.

– Пандемия салдарын еңсеру үшін «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасын жүзеге асыруға 9,4 млрд. теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,2 есе көп. Бұл қаражатқа инвестиция көлемі 60 млрд. теңгеден асатын 1087 жоб мақұлданды. Аталған бағдарламаларды жүзеге асыра бастағаннан бері 3,5 мың жоба қолдау тапты. Оның нәтижесінде 42 мың жұмыс орны пайда болды, – деді Т.Аблаева.

Президент Жолдауындағы микроқаржы ұйымдарының әлеуетін айтқан кезде облыста осыдан 3 жыл бұрын ашылған «Atameken Qaragandy» микроқаржылық ұйымы ойға келеді.

– Мұндай ұйымдармен жұмыста бізде тәжірибе бар. 200 млн. теңге бөлген «Казцинк» ЖШС әріптестік аясында Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде 11 жоба жүзеге асты. Биылғы наурызда аталған ұйым Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясын алды. Соның арқасында шағын несиелерге арналған 900 млн. теңге болатын желі ашылды. Қазір Атамекен ҰКП мен Сарыарқа ӘКК арқылы несиелер мөлшерін 1 800 млн. теңгеге жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Бұл ретте аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек аталған бағдарламаларды әрі қарай іске асыруды, шағын несиелендіру үшін жобалар пулын жасауды тапсырды.

Егіс артты, жайылым – тапшы

– Биылғы жылы ауа райының қолайсыздығы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қиындықтар туғызды. Шөп шабу үшін мемлекеттік қор мен орман қорынан жер учаскелерін қосымша бөлу арқылы жем-шөп дайындау бойынша жедел шаралар қабылданды. Жақында ғана Ұлытау, Шет, Жаңаарқа және Ақтоғай аудандарының шаруашылықтарына ауыл шаруашылығының аналық мал басына азықтың құнын субсидиялау мәселесі шешілді. Облыс бюджетінің тамыз айындағы нақтылауында 200 млн. теңге қаржы бөлу туралы ұсыныс қолдау тапты, – деген облыс әкімі ауыл шаруашылығын әртараптандыру және басқа жүйелі шаралар туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаровқа сөз берді. Өз кезегінде баяндамашы көктемгі дала жұмыстары қолайлы мерзімде жүргізіліп, әртараптандыру тәсілі қолданылып жатқанын айтты.

– Әртараптандыру есебінен ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 3,6%-ға ұлғайды. Оның ішінде, дәнді дақылдар – 22,6 мың гектарға, картоп және көкөніс – 0,7 мың гектар және азықтық дақылдары – 16,5 мың гектарға артты. Сонымен қатар, азықтық дақылдардың егіс алқаптары ұлғаюда. Мысалы, соңғы 4 жылда егіс алқабы 2 еседен астам ұлғайтылды (36,2 мың гектардан 79,2 мың гектарға дейін). Бұл ауыспалы егіс алқабында азықтық дақылдардың үлесін арттыруға ықпал етті, – деді ол. Бұдан бөлек суармалы жерлердің көлемін ұлғайту да басым бағыттардың бірі. Бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымдарына бекітілген 67,2 мың гектар суармалы жердің 22,8 мың гектары немесе 24,4%-ы пайдаланылады. Ағымдағы жылы суармалы жердің көлемі 1308 гектарға ұлғайтылды. Оның ішінде Абай ауданында – 336 га, Бұқар жырау ауданында – 50 га, Нұра ауданында – 692 га болса, Осакаров ауданында – 230 га. Дегенмен, Асқар Дәукенұлының айтуынша, мал жаюға арналған жайылымдардың жетіспеушілігі өзекті проблемалардың бірі болып табылады.

– Елдімекендердегі мал басының жайылыммен қамтылу деңгейі бар болғаны 51,2%. Ондағы бекітілген жайылым алқабы – 3662,7 мың га, нормаға сәйкес 7 500,8 мың га болуы керек. Бұл мәселені шешу жайылымдық жерлерді қайта бөлу және шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту есебінен жүргізілетін болады. Артық жүктеме салдары жайылымдық жерлердің тозуына әсер етті, – деген А.Санаубаров тозған жайылымдық жерлерді қалпына келтіру бойынша пилоттық жоба жайлы баяндады.

– Былтыр Бұқар жырау ауданына қарасты елдімекендерде 749 гектар жайылымдық жерге қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Алқапты суландыру арқылы айналымға тарту бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Соңғы 4 жыл ішінде облыс бойынша 638,0 мың га жайылымдық жер суландырылды. Жыл соңына дейін қосымша 226,0 мың га жайылымдық жер суландырылатын болады, – деді басқарма басшысы.

Цифрлық формат – болашақ мақсат

Бүгінде 4.0 индустриясы ірі өндіріс орындарында таңсық емес. Одан бөлек, мемлекеттік қызметтің 92%-ы цифрлық форматта. Мобильдік қосымша арқылы мемлекеттік және қызмет көрсету сервистерінде 105 қызмет түрі көрсетіледі. Алдағы міндет барлық мемлекеттік қызмет түрлерін мобильдік форматқа ауыстыру. Облыстық цифрландыру басқармасының басшысы Рустам Байжанов аймақтағы ІТ сектордың дамуына тоқталды.

– Президент айтқандай, цифрландыруды дамыту үшін ел бойынша 100 мың ІТ маман керек. Бұл сала қызметінің экспорты 2025 жылға дейін 500 млн. теңгеге өсуі қажет. Ол үшін аймақтық ІТ хаб – «Террикон алқабын» жасау бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Заманауи оқыту орталықтарында алдағы 3 жылда 1500 адам арнайы курстан өтіп, 250 шара өткізілетін болады. Хаб базасында АҚШ-тағы 42 school үлгісінде бағдарламалаудың инновациялық мектебін ашу жоспарда бар, – деді Р.Байжанов. «Электронды үкіметтің» мүлде жаңа құрылымын жасауды тапсырған Мемлекет басшысының бұл міндетін орындау үшін жергілікті атқарушы органның типтік құрылымы әзірленуде. Қарағанды – бұл бағыттағы пилоттық жобаға қатысып жатқан үш әкімдіктің бірі. Аймақ басшысы «Террикон алқабы» жобасын жылдың соңына дейін іске қосуды тапсырды.

Денсаулық – зор байлық

Мемлекет басшысының Жолдауында баса айтылғаны – денсаулық сақтау саласы. Себебі, коронавирус бұл салаға үлкен сынақ болды. Қаржыландыру да, негізгі күш те коронавируспен күреске бағытталғаны рас.

– Бүгінде түрлі деңгейдегі стационарлар мен емханаларды біріктіретін кластерлік жүйе қалыптасты, – деді сөзінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев.

– Қазіргі таңда инфекциялық госпитальдарда 5 679 орын бар, оның ішінде 434-і реанимацияда. 364 ӨЖЖ аппараты, 2 800 оттегі концентраты алынды. 26 госпитальда медициналық газ берудің орталықтандырылған жүйесі орнатылған. 25 КТ кабинеті істеп тұр. Сонымен қатар, тәулігіне 15,6 мың тест жасауға қуатты 10 ПТР зертхана бар. Вакциналау мәселесіне тоқталған Гамаль Сайлауұлы Pfizer-BionTech вакцинасын сақтау мен тасымалдауға арналған жоғары технологиялық тоңазытқыш алу үшін «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорны басшылығымен келісімге қол жеткенін атап өтті. – Бүгінде облыстың 388 мыңнан астам тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцинаның толық курсын алған. Бұл – екпе алуы тиіс барлық халықтың 50%, – деді Г.Тоқсамбаев.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде жалпы сомасы 3 млрд. 38 млн. теңге болатын 7 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Одан бөлек, 2023 жылға дейін ауылдық елдімекендердегі 32 фельдшерлік-амбулаторлық пункттердің құрылысы мен аудандық ауруханаларды жөндеу жоспары бекітілген. Кадр мәселесіне де тоқталған ол биыл 597 жас маманның келетінін жеткізді.

– Олардың 30%-ы резидентурадағы оқуын жалғастырады, қалғандары жұмысқа кіріседі. 2023 жылға дейін 334 жас маманды баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның ішінде, барлық жиһазы мен тұрмыстық техникасы бар 276 қызметтік пәтер ұсынылады, – деді Г.Тоқсамбаев.

Спорт болсын серігің

Тәні саудың – жаны сау. Денсаулық пен спорт бірге аталуы заңдылық. Облыстық спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев аймақта бұқаралық спортты дамыту үшін биыл 4 млрд. теңге қарастырылғанын атап өтті. Оның 1 млрд. теңгесі спорт секцияларының мемлекеттік және әлеуметтік тапсырысын жүзеге асыруға бөлінді.

– Бюджет және бюджеттен тыс қаражат есебінен, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 13 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Жақында Шахтинск қаласында, Ботақара, Қарсақпай, Жезді, Атасу және Нұра кенттерінде 6 спорт кешені ашылады. Біздің негізгі міндетіміз – балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тарту, – деді Т.Абылаев.

Білім саласындағы үш бағыт

Жолдауда сапалы білім беру мәселелеріне ерекше орын берілген. Бұл ретте Мемлекет басшысы қашықтан оқыту базалық қарапайым білімді меңгермеген оқушылар санының артуына алып келгенін атап айтқан еді. Сол сияқты, әлемдік өзгерістерге байланысты білімнің ескіру қаупі туындап отыр. Бұл мәселелерге қатысты білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова тоқталды.

– Мемлекет басшысының Жолдауында айталған тапсырмаларды уақытылы және сапалы орындауға бағытталған бірқатар шаралар жоспарланған. Біріншіден, білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету. Урбанизация мен бала туудың жоғары көрсеткіштеріне байланысты облыс орталығында білім алушылардың саны өсті. 11а және «Гүлдер 1» шағын аудандарындағы №34, №101 мектептерде үш ауысымды оқу қалыптасты. Күнгей, Таугүл, Кең дала және Көгілдір тоғандар шағын аудандарында жаңа мектеп салу қажеттілігі туындады. Бұл қажеттілікті шешу үшін 2022-2025 жылдар арасында 5 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде 11а шағын ауданындағы үш ауысымды мектеп орнына мектеп құрылысы аяқталып келеді, ал, Таугүл шағын ауданындағы мектеп құрылысы басталып жатыр. Бұдан бөлек, облыс бойынша 10 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр, – деді басқарма басшысы.

Орта білім сапасын арттыру үшін биылғы оқу жылында түрлі жобалар жоспарланған. Мәселен, «Оқуға құштар мектеп», «Жас математик», «Виртуалды мектеп», «Бейіндік мектеп», «Ауылдық мектеп» деген жобалар облыс көлемінде жүзеге аспақ. Гүлсім Шабданқызы атаған үшінші бағыт техникалық және кәсіптік білім беруге қатысты. – Аймақта қажет емес мамандықтарға оқыту тоқтайды. Орнына болашағы бар деген жаңа мамандықтар ашылуда. Соңғы 3 жылда осындай 10 мамандық ашылды. Жаңа оқу жылында біз аймақ экономикасының талабына жауап бере алатын тағы 10 жаңа мамандық ашып жатырмыз. Бұл бағыттағы кадрларды даярлауға бөлінген мемлекеттік тапсырыс 8 281-ден 8 815-ке артты, – деді Г.Қожахметова. Өз кезегінде Жеңіс Махмұдұлы құрылысы жүріп жатқан нысандарды жіті бақылауды тапсырды. Кейінгі 1,5 жылдан бері бірінші рет өткен оффлайн басқосуда бұдан да басқа мәселелер айтылды. Оның барлығы да Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтың бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында айтылған міндеттер мен тапсырмаларды өзек еткен. Яғни, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, елдің дамуына бағытталған деген сөз.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button