Жол жөндеу жұмысы жанданады

Соңғы жылдары Балқашта жол жөндеуге баса назар аударылып, бірқатар ірі жобалар қолға алынуда. Биыл қаладағы 24 шақырымнан астам автожолды жөндеу жоспарланып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 6 есеге артпақ. Бұл туралы қала әкімі Ораз ТӘУІРБЕКОВ мәлімдеді.


– Қала жолдарының жағдайын жақсарту мәселесіне жіті көңіл бөлінуде. Орташа жөндеу жұмыстары 24 шақырымнан астам автожолды қамтитын болады. Айта кетсек, Әлімжанов, Жеңімпаздар, Ленин, Абай, Жезқазған, Рысқұлов, Металлургтер, Қазбеков, Островский көшелері, Цветочный қиылысы жөнделеді. Сондай-ақ, «Балдәурен» балалар сауықтыру кешені бағытындағы учаске, Тораңғылық және Шұбартүбек кенттерінің кіреберісі мен ішкі жолдары жөнделеді, – дейді Ораз Тәуірбеков.
Бұдан бөлек, Сәтбаев және Иванов көшелеріндегі автожолдар құрылысы жобаларын мемлекеттік сараптамаға жіберу шаралары қолға алынған. Жобалардың жалпы құны 254 550 мың теңгені құрайды.
Аталған жолдарды жөндеу жұмысы тұрақты бақылауға алынады. Жұмыстар кестеге сай жүзеге асырылып, жанданатын болады. Сонымен қатар, қала ішіндегі жұмыстар да шаһардың сәулеттік келбетінің артуына септігін тигізеді.

Нұрдос КӘРІМ