Жігітке жеті өнер де аз…
Қарағанды шаһарында өткен «Сарбаз сахнасы» облыстық әскери-патриоттық байқауда 300-ден астам оқушы өнер көрсетті. Нақтырақ айтсақ, аймақтағы 17 мектептің «Жас сарбаз» кадет сыныптарының оқушылары «Елім менің», «Желтоқсан желі ызғарлы» және «Тәуелсіздік толғауы» атты үш аталым бойынша бақ сынасты.

Байқауды ұйымдастырушы – «Сарыарқа дарыны» балаларға арналған қосымша білім берудің аймақтық ғылыми-практикалық орталығы.
– Байқау үшінші рет өтіп отыр. Мақсатымыз – жасөспірімдер мен жастар арасында патриоттық тәрбиені насихаттау, таланттарды ашу, балалардағы эстетикалық талғамға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу, – дейді «Сарыарқа дарыны» орталығының әдіскері Мақсұт Дастан.
«Елім менің» номинациясында Теміртау қаласы Б.Момышұлы атындағы мектеп-лицейінің оқушылары Руслан Мамытовтың «Қазақстан бақытты» әнін хормен орындап, бірінші орынға ие болды. Жетекшілері – Гүлнар Әзімбаева, Ирина Бондарева және Мира Сәбитаева.
– Біздің жеңіс – бағыт-бағдар берген, моральдық қолдау көрсеткен педагогтарымыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Барлық қарсыластар лайықты болды. Мұндай байқаулар – өте пайдалы. Өйткені, дос тауып, өз талантымыз бен мүмкіндігімізді көрсетіп, шабыттанып, ынталандық, – дейді Б.Момышұлы атындағы мектеп-лицейдің тоғызыншы сынып оқушысы Мұхамедсайд Сыдық.
Ал, «Желтоқсан желі ызғарлы» номинациясында мектеп оқушылары актерлік шеберлікпен көзге түсті. Қарағанды қаласы Б.Момышұлы атындағы мектептің командасы Ахмет Байтұрсынов пен «Алаш» партиясы көшбасшыларының өмірі туралы театрландырылған қойылымды сахналап, жеңіске жетті.
– Театрландырылған қойылымға тоғыз бала қатысты. Басты рөл – Ахмет Байтұрсыновты 10 сынып оқушысы Арыстан Жиенов сомдады. Оларды мектептегі «Шамшырақ» театр студиясының жетекшілері Балжан Құйқалакова мен Ақбаян Баянова дайындады. Театр студиямызда 40-қа жуық бала бар. Олар бірнеше рет облыстық және республикалық байқауда жеңіске жетті. «Жас сарбаз» сынып оқушылары – мектептің мақтанышы, – деді мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Рымжан Әділбаева.
«Тәуелсіздік толғауы» аталымында бірінші орынды Қарағанды қаласы Н.Әбдіров атындағы мектептің сегізінші сынып оқушысы Балсина Наурызбаева иеленді. Оны сынып жетекшісі Жұлдыз Нұрғалиева дайындаған.
– Бұл номинацияда біз белгілі авторлардың Қазақстан туралы шығармаларын жатқа оқыдық. Мен Бек Байтасовтың «Туған жер» өлеңін оқыдым. Толқысам да, соңына дейін оқып шықтым және бірінші орын алдым. «Жас сарбаз» сыныбында оқыған өзіме ұнайды. Тек тәртіпке ғана емес, жан-жақты дамуға көмектеседі. Хор, хореография, әскери дайындық үйірмелеріне тегін қатысамыз, – деп атап өтті Балсина Наурызбаева.
Жүлдегерлерге диплом мен арнайы кубок табысталды.
Өз тілшімізден