АймақБалқаш

Жетпіске желіп жеткен қаламгер

Жазушы болу екінің бірі, егіздің сыңарына беріле бермейтін бақ. Ал, оқырманға ой саларлық кесек-кесек туынды жазу да кез келген жазушының қолынан келе бермейтін ерен ерлік. Бүгінде жыр қылып айтар жетістікпен жетпіске келіп жатқан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Төкен Әлжантегін Арқада білмейтін адам кемде-кем болар. Қарымды қалам иесі 70 жасқа толуына байланысты С.Сейфуллин атындағы кітапханада оқырмандарымен кездесті.

 

Жазушылығынан бөлек, «Жаңаарқа вальсі» әнімен елге танымал сазгер Төкен Әлжантегін таныстырып жатудың өзі артық шығар. Қалам ұстап, ой кешкен жазушының ең үлкен ерекшелігі – шығармаларын өте қарапайым жазатындығында. Оның қаламынан туған дүние, кез келген оқырманға ұғынықты, түсінікті. Қаламгер жасанды тіркес, қиын сөйлем жасауға аса құштар емес. Сондай-ақ, оқиғаларды тым шиеленістіруге ұмтылмайды, бос ұранға бой ұсынбайды. Бәрі де өмірден алынған, күнделікті көріп жүрген қарапайым суреттер. Сол қарапайым сәттердің өзінен өмірлік пәлсапа табады, ойыңа ой қосып, санаңа сілкініс жасайды. Оқырманды оң жолға салып отыратын ордалы оймен жиі қауышасың. Ойлы оқырман алғашқы әңгімелер жинағы «Армысың, ару күн!», «Ашық сабақ», «Қым-қиғаш тіршілік», «Ақ-қараның арасы», «Жартастан жеткен жаңғырық», «Сегіз сері», «Сарбас ақын», «Тіріде тірнек таусылмас», «Ебіл-дебіл дүние» атты кітаптарынан оқып тамсанған.

«Қаламгер – руханият шырақшысы» атты мерейтойлық шараға Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әсел Бөлекова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Жанболат Башар, «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Қуаныш Аманқұлов, ақындар Мөлдір Бөлекова, Мақсат Күземханов, Нұрдос Маратұлы, қаланың құрметті ардагерлері Шайзада Сыздықова, Елемес Қасқырбай ұлы қатысып, лебізін білдіріп, құттықтау хаты мен сыйлығын тапсырды.

Кездесу барысында жазушы мен көрермен арасында әсерлі әңгіме өрбіді. Қаламынан ала қағазға айшықты ойын тамызған қаламгер Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімхандардың бағасы мен батасын алған жазушының шығармашылығы жан-жақты талданды. Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхананың директоры Балшырын Мұхаметжанова Төкен ағаның Балқаш қаласына ат басын тіреуін жақсылыққа баласа, көпшіліктің сұрауы бойынша, жазушы «Жаңаарқа вальсі» әнінің шығу тарихын әңгімелеп берді.

– «Жаңаарқа вальсін» кеңістікке алып шыққан, Қазақстанға танытқан әнші Қарақат Әбілдина екендігін мақтанышпен айтамын. Ол қаршадай кезінен бұл әнді домбырамен сүйемелдеп айтты. Кейіннен оркестрге салып орындағанда, тіпті құлпырып кетті. «Жаңаарқа вальсін» дәл бұлай құлпырады деп ойламаппын. Қандай әннің де бағын ашып, тыңдарманға жеткізу, орындаушысына байланысты ғой, – деді жазушы Төкен Әлжантегі.

«Ат аунаған жерде түк қалар» демекші, осы күні жазушының Көкше көлдің жағасында туған «Балқашым – махаббат мекені» әнінің тұсауы кесілді. Әнші Асхат Игембековтің орындауындағы жаңа ән жұрт жүрегін тербетіп әкетті.

Жиын соңында жазушы шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, ризашылығын жеткізді.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button