АймақОсакаров

Жеткіншектер жетістігі еленді

Осакаров ауданы Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтті. Əлем бойынша бұл мереке 1950 жылдан бері аталып келеді. Балаларды қорғау күні бүлдіршіндердің өздері үшін көңілді мереке ғана емес, тұтас қоғамға барлық баланың бақытты болып өсуі, оқуы, сүйікті ісімен айналысуы əрі келешекте мықты азамат болуы үшін олардың құқығын қорғау қажеттігін еске салады.

Салтанатты мерекеде «Білім» білім беру қызметкерлерінің жергілікті кəсіподақ одағы ұйымының төрағасы Əлия Жампейсова, білім бөлімінің өкілі Айдана Қауғабаева жасөспірімдерге кəде-сыйлар табыстады.

Тəуелсіздік жылдарында еліміз айтарлықтай жетістіктерге жетті. Жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар, спорт ғимараттары мен ойын алаңдары салынды. Аталған ауданда 1100-ге жуық балабалабақшаға барады, мектептерде 4800-ден астам оқушы оқиды. Олардың көпшілігі аудандық, облыстық конкурстар мен олимпиа даларда төбе көрсетуде.

№9 білім ошағы мен «Жастар» гимназиясы оқушыларының командалары облыстық жəне өңірлік кезеңдерде Осакаров ауданының абыройын асқақтатты. Биыл үш аудандық команда бірінші жүлделі орынға ие болып, маусым айында «World Robot Olympiad-2003» робототехника бойынша Республикалық олимпиадаға қатысады.

Осакаров ауданы əкімінің орынбасары Алма Шалабаева «World Robot Olympiad-2003» олимпиадасының өңірлік іріктеу кезеңінде І орын алған үшін «RoboMission» сертификатымен №9 гимназия базасындағы тірек мектебі мен «Жастар» балалар-жасөспірімдер орталығы командасының оқушылары Константин Калашников, Никита Кацапов, Максим Сафин, Арсен Акижанов, Қайыргелді Айбатарманұлы, Жеңіс Жалғасты марапаттады.

Бүлдіршіндер де өз өнерлерін көрсетіп, əн салып, би билеп, қызықты да көңілді күй кешті.

Мерекелік шара соңында ұйымдастырушылар үздік жасөспірімдердің ата-аналарына ақжарма алғысын жеткізіп, жеткіншектердің жазғы демалысына сəттілік тіледі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Осакаров ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button