Жеткіншектер Жеңіс ақынды жатқа оқыды
Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының 70 жылдығы аясында жерлесіміз, белгілі балалар ақыны Жеңіс Қашқыновтың өлеңдерін мәнерлеп оқудан облыстық сайыс өтті.

Байқауға Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Саран, Абай қалалары мен Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау аудандарынан жүзге тарта бастауыш сынып оқушылары қатысты.
Жеңіс Қашқыновтың шығармашылығын насихаттау арқылы балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, жеткіншектердің шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған байқауға облыстық мәслихаттың депутаты, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов пен ақын шығармаларының шырақшысы, бауыры Ернат Мелсұлы демеушілік жасады.
Облыс бойынша 35 мектептен 89 оқушы батысқан байқауда қазылар алқасының шешімімен I орын №66 мектептің 2-сынып оқушысы Серикпай Айданаға, II орын Абай қаласы, Топар кенті Абай атындағы тірек мектебінің 2-сынып оқушысы Ербаева Сабираға, Шет ауданы ауданы, Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 2-сынып оқушысы Берік Айзереге, Шәкәрім атындағы гимназияның 2-сынып оқушысы Фольмер Илонаға бұйырды. Жүлделі III орынмен Теміртау қаласы №8 ЖББМ, 2-сынып оқушысы Еркаш Асылзат, №8 ЖББМ, 2-сынып оқушысы Ғибадат Айзере, Ә. Бөкейхан атындағы мектептің 3-сынып оқушысы Серік Байкұтты, Бұқар жырау ауданы, Новоузенка ауылы М.Жүсіп атындағы ЖББМ, 2-сынып оқушысы Мухитов Байдаулет, Ақтоғай ауданы, Шашубай кенті мектебінің 2-сынып оқушысы Мейізбек Раяна, С.Саттаров атындағы метеп-лицейдің 2-сынып оқушысы Ерғанат Медина марапатталды.
Сонымен қатар байқауда талантымен көзге түскен бірқатар қатысушылар түрлі номинациялар бойынша жеңімпаз атанып, сыйлықтарға ие болды.
– Былтыр да осы сайыстың басы-қасында болып, жеткіншектердің өлеңге деген қызығушылығын көрген едік. Биыл да кітапханамен бірлесіп, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауға тырыстық. Байқауға облысымыздың түкпір-түпкірінен 100-ге жуық өтінім түскенін көріп шын қуандым. Бабалар сөзін жаттаған балалар рухани бай болып өседі. Бұл балапандар біздің болашағымыз, мақтанышымыз.
Алла қаласа, байқауды дәстүрлі түрде өткіземіз деп жоспарлап отырмыз, – деді байқаудың өтуіне мұрындық болып, демеушілік жасаған айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ