Руханият

«Жеті қазынаның» жекпе-жегі

Шет ауданында «Жеті қазына» байқауы ұйымдастырылды. Жаңа таланттарды тауып, тынысын ашуға, талабын ұштауға бағытталған байқауда Ақадыр, С.Сейфуллин кенті, Бұрма, Талды, Тағылы, Ақшоқы, Ақжал, Көктіңкөлі, Киікті, Кеншоқы ауылының өнерпаздары ұлттық өнердің жеті түрі бойынша сынға түсті. Сайыс жекпе-жек форматында ұйымдастырылды.

Дәстүрлі ән, күй, айтыс, терме­шілер, ұлт аспаптар ансамблі, би және көнеріп, ұмыт бола бастаған дәстүрді көрсету сияқты сайыстарда шеберлік байқасты. Барынша ашық, барынша тартысты өткен жеті сайыстың ұпай саны бойынша жартылай финалға шыққан Ақжал, Көктіңкөлі, Киікті, Кеншоқы ауылдарының өнерпаздары өнерден бөлек спорттық сайыста да осалдық танытпады. Бәсеке барысында бас жүлдені Кеншоқы ауылы өнерпаздары, жүлделі бірінші орынды Көктіңкөлі ауылы, екінші орынды Ақжал кенті, үшінші орынды Киікті ауылының өнерпаздары қанжығаларына байлады. Айтыста арнайы жүлдені Киікті ауылының айтыскер ақыны Рус­там Абильдинов иеленді. Барлық қатысушыларға диплом және қаржылай сыйақы табыс етілді. Жобаға қатысқан Ақадыр, С.Сейфуллин кенті, Бұрма, Талды, Тағылы, Ақшоқы ауылдарының көркемөнерпаздар ұжымы Алғыс хаттармен және 20 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.

– «Жеті қазына» байқауы өңір-өңірді жарыстыруды ғана емес, табыстыруды көздейді. Қазақ «Ел іші – өнер кеніші» деген. Сол кенішті ақтарып, халық алдына ұсынсақ, талапты жандардың талантын ұштасақ деген ниеттен осы бір сайыс бастау алды. Сондықтан, әр өнер құрамасы тәжірибелі өнер иелерімен бірге бұрын-соңды үлкен сахнаға шықпаған жастарды да бүгін танып, білдік. Бұл байқау өз жалғасын табатын болады, – деді ұйымдастырушылар.

Нұрдос КӘРІМ,
Шет ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button