Спорт

Жерлестерге сенім артамыз

7-14 ақпан аралығында Қытайдың Харбин қаласында IX қысқы Азия ойындары өтеді. Оған Қазақстанның 10 өңірінен 138 спортшы қатыспақ. Отандастарымыз алты спорт түрінен 10 дисциплинада өнер көрсетіп, 51 медаль жиынтығын сарапқа салады. Бұл қатарда қарағандылық биатлоншы Владислав Киреев пен ерлер арасындағы шайбалы хоккейден ұлттық құрама сапында Александр Борисевич пен Андрей Буяльский де бар.

Сурет ҚР Туризм және спорт министрлігінен

Күні кеше Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде ұлттық құраманы Азия ойындарына шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас хатшысы Әлімжан Ақаев арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихоноваға Қазақстанның Туын табыстады.

Жерлесіміз Владислав Киреев – облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «Жоғары спорт шеберлігі мектебінің» оқушысы, әлемдік додаларда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшы. Мәселен, 2021 жылы Қырғызстанда өткен жазғы биатлоннан Азия чемпионатында қысқа арақашықтық бойынша (спринт) өнер көрсетіп, І орын иеленген болатын. Сонымен қатар, дәл осы турнирде ортақ стартты жарыс (масс-старт) бойынша бақ сынап, жүлделі ІІІ орын еншілеген еді. 2022 жылы Қытайда өткен XXIV қысқы Олимпиада ойындарында қысқа арақашықтықта (спринт) өнер көрсетіп, 25 орынға табан тіреген. Және жыл басында Италияның Турин қаласында өткен қысқы универсиада ойындарына да қатысып, жақсы көрсеткіш тіркеген.

Хоккейші Александр Борисевич пен Андрей Буяльский – қарағандылық «Saryarqa» хоккей клубының ойыншылары. Александр Сергеевич 2024-2025 маусымда клуб сапында 36 ойын өткізіп, 10 шайба салған. 23 голдық пас берген шабуылшы. Клуб сапында әр ойында үздік нәтиже көрсетіп жүрген тәжірибелі спортшы. Ал, Андрей Викторович осы мау­сымда бас-аяғы клуб сапында сегіз ойын өткізіпті. Десе де, қарсылас қақпасына үш шайба салып, төрт голдық пас берген. Жас та болса, мергендігімен көзге түсіп жүрген спортшы. Биыл жерлесіміз қысқы универсиада ойындарына қатысқан. Ұлттық құрама сапында төрт ойын өткізіп, төрт шайба салыпты. Әрі сегіз голдық пас берген. Ұлттық құрама жаттықтырушысы жерлесімізге қысқы Азия ойындарында сенім артып отыр.

Айта кетейік, биыл қысқы Азия ойындарына 32 елден 1000-нан астам спортшы қатысады. Олар 64 медаль жиынтығын сарапқа салмақ. Және ойындар жеті спорт нысанында өтеді деп күтілуде.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button