Жауапкершіліктен жұрдай блогерлер бүгінгі күннің батырына айналды — Президент

Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері блогерлерге ғана баса мән беретін болды. Бұл туралы Ұлытау облысында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан, бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс. Жалпы, отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы орайда Президент орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауы тиіс екенін қадап айтты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» көмегіне сеніп отырған, заңға бағынатын қарапайым жұрт назардан тыс қалмауы керек. Елімізде шешімін таппаған түйткілдер көп», — деді Мемлекет басшысы.