«Жасылелдіктер» іске кірісті

«Жасыл ел» бағдарламасы Балқаш қаласында қарқынды жүзеге асуда. Жоба шағын шаһарды көгалдандырып, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтуда. Биылғы маусым басталғалы балқаштық 45 студент жұмыспен қамтылды.

Бүгінде «жасылелдіктер» көшелер бойын тазалап, аллеяларды көгалдандырып жүр. Негізгі жұмыстары Абай, Бейбітшілік, Қадыржанов, Қараменде би, Ағыбай Батыр, Желтоқсан, Амангелді, Бөкейханов, Әлімжанов, Сейфуллин көшелерінде атқарылуда.

Балқаш қаласындағы жастар ресурстық орталығының директоры Бекқайыр Нығметовтің айтуынша, студенттер үшін бұл жұмыс – оқудан бос уақытты тиімді өткізіп, қаржылық қиындығын шешуге септігін тигізбек. Әрі, туған қаласына қамқорлықпен қарап, еңбек етуге бейімделеді.

– Жазғы маусымда қаладағы студенттер мен жұмыссыз жастарды қаланың көгалдандыру жұмыстарына тартып жатырмыз. Кәмелетке толмаған еріктілер сағат 8:00-ден 15:00- ге дейін жұмыс істейді. Негізгі жұмыс кестесі 8:00-ден 18:00- ге дейін. Қалалық бюджеттен жалақы 51 600 теңгені құрайды. Облыстық бюджеттен 30 мыңнан астам қаражат қосылады. «Жасыл ел» жасағының қатысушылары 75 мың теңге жалақы алатын болады. Алдағы уақыттарда да, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту жоспарланып отыр, – дейді Бекқайыр Нығметов.

Нұрдос КӘРІМ,

БАЛҚАШ қаласы.