Жасыл шырша жанында – жадыраған балалар
«Нұр шуақ сырға малынған,
Асылдан моншақ тағынған,
Қош келдің, жаңа мереке,
Әлемнің жұрты сағынған» деп бүлдіршіндер жиі әнге қосатын Президент шыршасы республиканың барлық өңірлерінде аталып өтуде. Осы орайда, кеншілер шаһарының кішкентай тұрғындары Ит жылын көтеріңкі көңіл күйде, қошеметпен қарсы алуға дайын. Кеше облысымыздың 180 бүлдіршіні Елбасының Жаңа жылдық шыршасына қатысты. Биылғы қайырымдылық шарасы асқақ орда – Астананың 20 жылдық құрметіне арналды.
Шырша тойында, алдымен, бүлдіршендер телекөпір арқылы Елбасының «Сендер берекелі, бейбіт елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Халқымыз «өсер елді – өскелең ұрпағынан таниды» деп бекер айтпаған. Ата-ананың үкілеген үмітін ақтайтын, туған еліміздің асқақ рухын сақтайтын да сендер. Сондықтан, біз ақылды да алып, зерделі де зерек болғандарыңды қалаймыз. Бәріңе мол иігілікті жарқын болашақ тілеймін. Жаңа жылда армандарың орындалып, тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, өркендей беріңдер!» деп жолдаған ізгі тілегін тыңдады.
Оқушылар айшықты Астананың биік ғимараттарын телекөпір арқылы тамашалады. Шара аясында әр балаға Елбасының атынан жаңа жылдық сыйлықтар (планшет, мерекелік түскі ас, спорт сөмкесі, 50 мыңдық сыйлық сертификаты, тәтті сыйлықтар) табысталды.
Мерекелік қойылымда балалар Жаңа жылдық «Шырша» әнін шырқады. Бүлдіршіндердің тілектерін орындап, сыйлық үлестіруге Аяз ата және Ақшақар келсе, сондай-ақ, ертегі кейіпкерлері де мейрамға арналған кештен табылды. Салтанатты шараның негізгі кейіпкерлері кештің көркін қыздырып, оқушылар жүрегіне шаттық ұялатты.
Шырша тойына қатысқан облыс әкімі Ерлан Қошанов бүлдіршіндерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Қуанышқа ортақтасып, шырша шамын жағып берді.
– Жаңа жылды бала кезден ерекше қарсы аламыз. Ертегі әлеміне еніп, ғажайыптарды күтеміз. Десек те, алдымен, өзіңе сену керек. Сонда армандар орындалады. Бұл жолда Елбасы Сіздерге үлкен сенім артып отыр. Бүгінгі шырша тойына облысымыздың оқуда, шығармашылықта, спортта үздік көрінген ең талантты бүлдіршіндері жиналды. Сондықтан, Президент шыршасы жетістіктеріңізге берілген алғыс деп біліңіздер. Сіздер еліміздің болашағын айқындайтын ұрпақсыздар. Сондықтан, еліміздің ең мықты азаматтары болып өсулеріңіз қажет. Сіздерді ел Президенті атынан Жаңа жылмен құттықтаймын. Сіздерге оқуда биік жетістіктер мен белестерді бағындыруды тілеймін, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Шырша тойына 9-13 жас аралығындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары, мүмкіндіктері шектеулі балалар да қатысты. Сондай-ақ, оқу үздіктері, жарыс жеңімпаздары қатарынан дарынды балалар шақырылды. Облыстың қалалары мен аудандарынан, балалар үйлерінен, түзету мектеп-интернаттарынан және кемтарлар қоғамының мүгедек балалары қатысты.
– Мерекеге құмырсқаның киімімен келдім. Осы күнді асыға күттім. Аяз атаға өз армандарымды айтамын, – дейді №15 мектептің оқушысы Фаруза Кариф.
Кішкентай көрермендер үшін дайындалған театрландырылған қойылымдар оларды ертегі еліне шақырды. Балалардың жүздеріне күлкі мен шаттық ұялап, олар жасыл шыршаның жанында бірлесіп ән шырқады.
Бүлдіршіндердің келер жылдан күтері көп. Ендеше, Жаңа жыл жарылқасын!
Аяулым СОВЕТ
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.