Жаңалықтар

Жасыл болашаққа жол

Қарағанды орталық саябағында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған акция өткізілді. Акция Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен жүзеге асты.

Сурет orda.kz

Жыл сайын 5 маусымда Дүние­жүзілік қоршаған ортаны қорғау күні атап өтіледі. Бұл күн БҰҰ Бас Ассамблеясы 27-ші сессиясында бекітілген болатын. Таңдалған күннің символдық мәні бар. Ол қоршаған орта мәселелері жөніндегі Стокгольм конференциясының басталу күніне орайластырылған. Бұл күні жыл сайын волонтерлер, қоршаған ортаға бейжай қарамайтындар, қоғам белсенділері түрлі шаралар өткізеді.

– Шара қоршаған ортаны қорғау күніне орай өткізілуде. Мақсат – қала тұрғындарына, әсіресе, өскелең ұрпаққа экологияны сақтауды насихаттау. Еліміздің тазалығы біздің өзімізден басталатынын түсіндіргіміз келеді. Мүмкіндігінше қалдық өнімдерді сұрыптап, қоқысты тек арнайы қоқыс жәшіктеріне тастаса дейміз. Сондықтан, бүгін осындай шара өткізіп жатыр­мыз. Тұрғындарға табиғатты қалай қорғауға болатынын түсіндіру үшін түрлі шеберлік сыныптар мен флешмобтар ұйымдастырдық. Осы секілді шараларды біз үнемі өткізіп тұрамыз, – деді табиғатты қорғау бағдарламалары бөлімінің бас маманы Дана Закарина.

Ең алғаш рет бұл мереке осыдан тура 50 жыл бұрын тойлана бастады. Жыл сайын қоршаған ортаны қорғау күні белгілі бір тақырыппен өтеді. 2024 жылдың 5 мау­сымындағы тақырып – «Жасыл болашаққа жол». Ал іс-шараның ұраны – «Таза әлем өзіңнен басталады». Биылғы қоршаған ортаны қорғау күнінің негізгі мақсаты – жерді қалпына келтіру, шөлейттенуге қарсы күрес.

Ықылас білдірген жандар үшін саябақта 8 танымдық алаң жұмыс істеді. Белсенді қатысып, ең көп ұпай жинаған қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан арнайы сыйлықтар берілді.

– Біз түрлі шеберлік сыныптар, сурет салу, гүл отырғызу секілді табиғатты қорғауға арналған балаларға ойындар ұйымдастырдық. Сонымен қатар, концерттік бағдарлама көрсетілді. Ең белсенді қатысушыларға экологиялық бұйымдар сыйладық, – деп атап өтті VolteQ волонтерлік корпусының белсендісі Сәния Әмірова.

Ділнәз БЕКМОЛЛА,
Қарағанды зерттеу университетінің ІІІ курс студенті

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button