Жаңалықтар

ЖАСТАР әскерге неге құлықсыз?

Бүгінгі бейбіт күнде Отан алдындағы парызын өтеуге жастар аса асыға қоймайды. Неге? Бұрын екі немесе үш жыл әскерде болған әке, ағаларымыз, тіпті, шекара асып кеткен. Бүгінде әскери борыш мерзімі бір-ақ жыл. Оған қоса жат жердің топырағын баспайды да. Қазақстан аумағында қалады. Баяғыдай хат жазып, қиналатын да кез емес. Сөйте тұра, жастар неге сарбаз атанғысы келмейді?! Бақсақ, бірнеше себебі бар екен. Тарқатып көрелік.

500-ден астам жас іздеуде жүр

Көктемгі әскерге шақырту басталды. Жастар наурызда медициналық тексерістен өтеді. Содан соң әскерге кетеді. Жалпы, облыс бойынша жыл сайын 53 мың адам әскери есепте екен. Оның ішінде, 16 мыңы шақыртылады. Алайда, тек, 1600-ден астамы ғана әскерге жарамды көрінеді. Егер де үйіне барып тұрған шақырту қағазын алмай, медициналық тексеріске келмеген жағдайда құжаттары жауапты органға жіберіледі. Үстінен қылмыстық іс қозғалады. Қылмыстық кодекстің 1 бөлімі, 387 бабына сәйкес 1 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады. Немесе, 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сондайақ, Қылмыстық Кодекстің 2-бөліміне сәйкес, денсаулығының әскерге жарамайтындығы жөнінде жалған құжат әкелсе, немесе өз қолымен дене жарақатын салса 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Тіпті, «Мен әскерге бармай, 1 миллион теңге айыппұл төлей салмаймын ба?!» деп жеңіл ойлайтындардың көп екенін де естідік. Олар үшін бір жылын казармада өткізгеннен гөрі 1 миллион бере салғаны әлдеқайда тиімді екен. Әскерден жалтарудың оңай жолы деп ұқса керек. Бірақ, бәрі сіз ойлағандай емес. Жүйе сот үкімі арқылы жүзеге асатындықтан, жағдай күрделі. Әскер жасына жеткен жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалса, екінші рет әскер қатарына шақырылмайды. Ал, бұл деген – болашаққа балта шабу. Келешекте қайда барсаң да, басы қылтиып алдыңнан шығады да тұрады.

– Қазіргі таңда жастарда несие бар. Оны төлеу үшін жұмыс істеп жүр. Сол себепті «Әскерге бармаймын» дегендер аз емес. Бірақ, заңда мұндай жағдай қарастырылмаған. Ата-анасымен сөйлесіп, өзіне түсіндіріп, мәселені шешуге тырысамыз. Бір қуанарлығы, осы уақытқа дейін аймақта әскери борышқа байланысты қылмыстық жазаға тартылғандар тіркелген жоқ, – дейді облыстық қорғаныс істері департамент бастығының орынбасары, Жасақтау басқармасының бастығы Рустам Жалбинов.

Облыс бойынша былтыр көктемде – 1340, күзде 1352 жас әскерге аттанған еді. Биыл да осы көрсеткіштен кем түспейміз дейді.

– Қазыбек би ауданы бойынша 500-ден астам жас іздеуде жүр. Облыс бойынша 2 мыңға жуық оқиға тіркелген. Олар оқу орындарын бітіргеннен кейін жергілікті әскери комиссариатқа құжаттарын тапсырмайды. Және мекен-жайын ауыстырғаннан кейін бізге сол жайлы дұрыс ақпарат бермеуінің салдарынан орын алуда. Көбі – басқа қалаға көшіп кеткен, – дейді подполковник Рустам Жүсіпұлы.

Жеңілдіктер азайды

Бұған дейін майтабан (плоскостопия) диагнозы бар, көру қабілеті төмен немесе асыраушысы жоқ отбасынан шыққан жастар әскер қатарына алынбайтын. Қазір ол жеңілдіктің бәрін алып тастапты. Егер, майтабан болсаңыз, дәрігер жазған ауру деңгейіне қарай бір жолға босатыласыз. Ал, әскерге тек заң бойынша 4 жағдайда ғана алынбайсыз. Біріншіден, әскери комиссиядан өтіп, денсулығыңыздың жарамайтыны жөнінде құжатыңыз болса. Егер, жалған құжат жасатып, алдамақ ойыңыз болса – жазаға тартылуыңыз ғажап емес. Екіншіден, жоғарғы оқу орнын күндізгі бөлімде оқып жатсаңыз, оқу аяқталғанша босатыласыз. Бірақ, оқу орнынан міндетті түрде анықтама апарып беру қажет. Үшіншіден, бой мен салмақ медициналық кестеге сәйкес келмеген жағдайда, шақырту мерзімін бір жолға кейінге шегереді. Алайда, мұндай оқиғалар көп кездесе бермейді екен. Отбасы мүшесінде мүгедек, ерекше қажеттілігі бар жан болса дәл осы шаралар қолданылуы мүмкін. Төртіншіден, туғандарыңыздан біреуі қылмысқа тартылған болса, әскерге алынбайды екенсіз.

Жасыңыз 24-ке толған болса, әскерге бармай-ақ, арнайы әскери техникалық мектепке түсе аласыз. Ел аузында «40 күндік әскер» атауымен кең таралған. Бұл мектепке түсу үшін 263 мың теңге қажет. Бірақ, бұған дейін әр маусым сайын есік қағып, шақырту келіп тұрады.

«Әскерден келген жігіт – абыройлы еді»

– Жоғарғы оқу орнын бітірісімен әскери комиссариаттан қағаз келді. Еш ойланбастан медициналық тексерістен өттім. Содан, мені толық тексеріп, «жарамды» деген қағазды қолыма ұстатты. Әскери міндетімді атқаруға Оңтүстік аймаққа жіберді. Алғашқыда әскери өмірге үйренісе алмайды екенсің. Бәлкім, жастардың барғысы келмейтіні де осыдан болар. Жарты жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығыпты. Күніміз ерте тұрып, жүгірумен басталады. Әскери дайындық сабақтары мен жаттығу жиындары және бар. Одан қалаберді «Дабыл» соғылған уақытта отырған жеріңнен тұра салып жүгіресің. Ұмытылмайтын ең қызық шақ – әскердегі уақытың екен, – дейді №5547 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы атқыш Жасқанат Жұман.

Өтпейтіндей көрінген бір жылың осылай өте шығады екен. Былтыр ел арасында «Әскер мерзімі бір жарым жылға ұзартылады» деген пікір тараған еді. Алайда, жауапты мекеме басшылары бұл сөзді жоққа шығарып отыр. Сонау ХХ ғасырда әскери борышты өтеу мерзімі – 2, тіпті 2,5 жыл еді. «Сол уақыттың жастары әскерден келісімен отау құрып, шаңырақ болып жеке шығып кететін. Әскерден келген жігіт – абыройлы еді», – деп еске алады бұрынғы сарбаз Төлен Қалиев.

– Әскери борышымды 1997-1999 жылдары өтедім. Алғашқыда мен Қаракемердегі №6654 әскери бөлімнің хим ротасына түстім. Екінші жылы Семейдегі №5511 әскери бөлім, жылжымалы жедел отрядына (Омон рота) ауыстырып, сол жерден үйге қайттым. Айына бір мәрте хат жазамыз. Ол хатың апталап, тіпті, айлап бірақ жететін кездері болатын. Ол кезде біз АК47 автоматын ұстаймыз. Бұрынғыныкі болған соң – салмақты. Мойныңа асып алып, жүгіруді айсаңызшы. Содан бері бірнеше жыл өтіп кетіпті ғой, – дейді ол.

Түйін

Жастардың әскер туралы түсінігі әр қилы. Бірі міндетті, енді бірі міндетті емес дейді. Уақытың босқа кетеді дейтіндер де бар. Қару ұстап, жауға шап деп қысап жатқан ешкім жоқ. Ал, алда-жалда мұндай жағдай болмасына кім кепіл?..

Қазақтың түсінігінде жеті қазынаның бірі – ер жігіт, екіншісі – берен мылтық дейді. Ендеше, осы екеуі бірігіп, ел шебін күзетуі керектігі айтпаса да түсінікті.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button