Жаңалықтар

Жасампаз жылдар жылнамасы

              Елбасының тарихи публицистика жанрында жазылған «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы қолыма тимеді. Мен үшін қағаз кітапты парақтап оқыған әсерлірек еді. Бірақ,  интернеттен қарап, кітаптың электронды нұсқасын оқыдым. Оқи отырып жаныма жылы қабылдап, іргелі еңбектің ілгері басу жолындағы тарихи белесті, таным түсінігімен талдап, таразыладым.

Біріншіден – аталған еңбектің білім жүйесіне қажетті әдіснамалық, әдістемелік негіздерін қарастыруға сұранып тұрғандығын аңдадым. Екіншіден – халқымыздың тарихын Елбасының өзі бастап баяндап жазуы санаға ерекше серпін берді. Үшіншіден– бұл кітапты – стратегиялық маңызды еңбекке баладым. Төртіншіден – Елбасы айқын, батыл, дәйекті, тиянақты түрде тарихты шынайы жазып, тәуелсіздік алған күннен бастап біздің қатпарлы тарихымызды қамтуындағы қалам тербесі тіпті, мені қарапайым оқырман ретінде баурап алды. Көшбасшымыз бұл кітабы арқылы тарихымыз­ды тасқа басты.

Елбасы: «Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарының бірінде мен альпинистер тобымен Алатаудың мұзарт шыңын бағындыруға шықтым. Шың басына тігілген, тау желінің күшімен құлаш жая желбіреген байрақтың әсері әлі күнге менің есімде…

Тәуелсіздік дәуірі дегеніміз – ұлттың бұрын өтуі мүмкін еместей көрінетін шыңыраудың шетіндегі таудың қатерлі соқпағымен жүргенмен бірдей құбылыс. Алайда біз оны да бағындыра алдық»,– дейді.

Расымен де, Елбасының Қазақстанның жүріп өткен жолын саралауында сын қатерден, өзі айтқандай, көз жетпес шыңның қатерге толы соқпағынан, таймай, талмай өтуін нағыз қаһармандық дерсің. Қазақстан аз ғана уақытта посткеңестік аласапыраннан өзінің экономикалық және әлеуметтік құндылықтары бар қоғамға айналуға серпіліс жасап, халықаралық аренада мемлекеттің беделін арттыруындағы азапты күндердің мехнатін тартқандығы анық.

Кітапта «қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері саралағандығын айта кеткенім абзал.

«Революция емес, эволюция» қағидатындағы екі ұғымның мәні жаңа ғаламдық ахуал жағдайында басқа қырынан ашылды. Революцияшыл парадигма осыған бой алдырған елдердің берекесін кетіріп, дамуын жеделдетпек түгілі оны тежеп, кері тартты. Ал осы кезеңде бірнеше онжылдыққа ұласқан эволюциялық даму жолы Жапонияны, Оңтүстік Кореяны, Малайзия мен Қытайды шын мәніндегі революциялық жетістіктерге жеткізді. Бұл мемлекеттерге қарап бой түзеген Қазақстан жалған «секірістер» мен «әсіре демократияландырудың» орнына мұқият ойластырылған, дәйекті қайта құрулардың мінсіз логикасын таңдады», – деп ой өрбіткен Елбасы экономика мен саясат қағидатын тізгіндей қатар ұстап, өткел бермес, долы өзенге айналған дағдарысты кешіп өткендігін және көздеген мақсатқа жеткендігін баяндайды. Бұл кітапта Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Бірінші және екінші жаңғырту аясында тоталитарлық жүйеден түбегейлі ажырап, нарықтық экономиканы құру және бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына мерзімінен бұрын енгендігі ерлік емей немене? Ал, үшінші жаңғыртудың мақсаты – елімізді қалыптасқан жаңа жаһандық ахуал жағдайында жаңғырта отырып, әлемдегі ең озық 30 мемлекеттің қатарына қосу екендігі сөзсіз.

Кітапта жас мемлекеттің 26 жыл уақыт ішінде қауіпке толы сын-қатерлерді еңсеру жолында қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері туралы тұщымды жазылған. Рухани өрлеу мен жаңғыруға тікелей ықпал ететін бұл кітап айнымас темірқазық, ұлт тірлігінің адастырмас ақиқаты деп түйсіндім.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button