Жас әншілер жарады
Республика күніне орай облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Қыран елім – Қазақстаным!» облыстық патриоттық әндер байқауы өтті. Бас жүлдені 9-12 жас аралығында қарағандылық Ажар Әбдішева алса, 13-17 жас аралығындағы сайыстың бас жүлдесін Аружан Бекболатқызы иеленді.
Сайысқа қатысушыларға Отан, туған жер және ел туралы патриоттық ән орындау міндеті жүктелген болатын. Байқауға Абай, Шет, Ақтоғай, Қарқаралы аудандарынан, сондай-ақ Шахтинск, Балқаш, Теміртау, Қарағанды және Шаханнан барлығы 80-ге жуық жас әнші қатысты.
13-17 жас аралығындағы санатта I орынды Қарағанды қаласы әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушысы Қызғалдақ Нұрмұқаш иеленді.
– Ол 6 жасынан бастап музыкамен айналысады. Байқауда «Алға» әнін орындады (музыкасы – Әли Оқаповтікі, сөздері – Мәулен Ахметхандікі). Қызғалдақ жас кезінен Күләш Бәйсейітова, Бибігүл Төлегенова және Роза Рымбаеваның шығармашылығымен таныс және ұлттық ауқымдағы әнші болуды армандайды. Ал біз оның армандары орындалатынына және ол үлкен сахнаны бағындыратынына сенеміз, – дейді Қарағанды қаласының әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының музыка мұғалімі Әсел Игембекова.
Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сертификаттар, ал жетекшілеріне Алғыс хаттар табысталды.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz