Руханият

Жас күйшілер байқауы мәреге жетті

Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен, Кеншілер мәдениет сарайының ұйымдастыруымен Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 205 жыл толуына орай “Күй қазына” атты жас күйшілер арасында облыстық байқау өтті.

Сурет: мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан

Байқауға Абай, Қарқаралы, Бұқар жырау, Шет аудандарынан, сондай-ақ Қарағанды, Шахтинск, Балқаш және Шахан қалаларынан 80-ге жуық жас орындаушылар қатысты. 9-12 және 13-17 жас аралығындағы екі жас санатында өткен сайыста талап бойынша әр орындаушы төкпе және шертпе күй орындады.

Кәсіби музыкалық шеберлік интернаттарында оқитындар мен үйірмелер және өнер студияларында оқитын қатысушылардың өнері бөлек бағаланды.


Байқау қорытындысы бойынша үйірмелер мен өнер студияларының білім алушылары арасында Б. Момышұлы атындағы ЖББМ 10-сыныбының оқушысы Аида Бестемір Бас жүлдені иеленді.

– Байқауда Құрманғазы бабамыздың “Аман бол, шешем, аман бол” күйі мен Қайрақбай Шәлекенұлының “Молқоңыр” күйін орындадым. Домбырада бірінші сыныптан бастап ойнаймын. Ұстазым – Қанат Балтабайұлы. Қарсыластар мықты болды. Бас жүлде алғаныма қуаныштымын, -дейді байқау жеңімпазы.

Ал, кәсіби музыкалық шеберлік интернаттарында оқитындар арасында Бас жүлдеге Аслан Қанатов ие болды.

– Домбырада 6 жасымнан ойнаймын. Ұстазым – Жанар Мұқашева. Аталмыш байқауға 2 апта дайындалдым. 2021 жылы мен дәл осы байқаудың дипломанты атанған едім. Бұл жолы мен Құрманғазының “Сарыарқа” күйі мен Нұрғиса Тілендиевтің “Аққуын” орындадым. Болашақта өз өмірімді музыкамен, жалпы өнермен байланыстырғым келеді, – дейді Аслан.

Сондай-ақ, әр номинация бойынша І, ІІ және ІІІ орындарға ие болған қатысушыларға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button